ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штабта республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды салу және реконструкциялау мәселелері қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың баяндауынша, Президент 2029 жылға дейін республикалық желідегі 8 мың шақырым жолды сапалы салу және реконструкциялау міндетін қойған.

Мәселен, таяу жылдары жалпы ұзындығы 4,7 мың км негізгі автожол жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр.

«Бүгінгі таңда бірінші кезекте 2 мың шақырымға арналған үш жоба тұр. Олар бойынша өте ауқымды жұмыс жүргізілген. Бұл «Ресей Федерациясының шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Ұлғайсын – Қызылорда», «Жезқазған – Қарағанды» және «Сарыағаш қаласын айналып өту» трассалары. Кейбір учаскелерде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, ал басқалары бойынша жұмыстар 2024 және 2025 жылдары басталады», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар жол бойындағы сервис инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1,6 мыңнан астам қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді, олардың 78%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Жыл соңына дейін тағы 78 жаңа нысанды, сондай-ақ 25 жылы санитарлық-гигиеналық қондырғыны іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы 2029 жылға қарай Ұлттық стандартқа сәйкес келетін 300-ден астам жаңа қызмет көрсету нысанының құрылысы жүргізілмек.

Премьер-министр осыған дейін халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен іске асырылатын ірі автожол жобалары бойынша конкурстарды көбіне талаптарға сай келетін шетелдік компаниялар жеңіп отырғанын атап өтті.  

Сондай-ақ отырыста «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев баяндама жасады. Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтып берді.

Премьер-министр көлік саласы елдің экономикалық дамуының локомотивтерінің біріне айналуы тиіс екенін атап өтті. Биыл тәулігіне 50 мыңға жуық автокөлікті өткізуге мүмкіндік беретін «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» алғашқы концессиялық жобасы іске асырылды. «Алматы – Қарағанды», «Талдықорған – Өскемен», «Мерке – Бурылбайтал», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» сияқты ірі автожол жобалары аяқталуға жақын.

Бұл ретте Үкімет басшысы жолдардың сапасы жиі сынға ұшырап жататынын атап өтті.

«Тұрғындардан түсетін шағымдар туралы білесіздер. Қарапайым адамға ол республикалық деңгейдегі жол ма, әлде жергілікті жол ма, ешқандай айырмашылығы жоқ. Оған үйдің жанында, қалада, ауылда немесе елді мекендер арасында жақсы жолдар қажет. Бұл бәрімізге, біздің экономикамызға қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы құрылыс маусымы аяқталуға жақын екенін, сондықтан қыркүйек айында жол-құрылыс жұмыстарын айтарлықтай жандандыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Премьер-Министр көктемде «асфальт қармен бірге шайылып кетпес үшін» жолдардың тиісті сапасын қамтамасыз етуді талап етті.

«Әкімдіктердің инженерлік коммуникацияларды жүргізгеннен кейін жолды қайта қалпына келтіруді кешіктіруі қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Алматы қаласының Қарасу шағын ауданында коммуникациялар жүргізілгеннен кейін 5 жылдан астам жолдың болмауы – осының бірден-бір мысалы. Бір топ белсенді Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа шағым түсірген. Бұл ретте техникалық қадағалау мен энергетика басқармасы жол төсемінің сапалы қайта қалпына келтірілгені туралы есеп берген. Оған қоса жолдың жоқтығына Алматыдағы Рахат шағын ауданының тұрғындары шағымдануда», — деді Үкімет басшысы.

Үкімет басшысының айтуынша, елді мекендерді «сыртқы әлеммен» байланыстыратын жолдарға ерекше назар аудару қажет, себебі адамдардың өмірі мен денсаулығы осындай жолдардың болу-болмауы немесе олардың жай-күйіне байланысты.

Смайыловтың айтуынша, бірқатар өңірде жол салуға арналған бюджет қаражатын мақсатсыз және тиімсіз пайдалану жағдайлары орын алуда. Мәселен, Жетісу облысының прокуроры ақшаны заңсыз жұмсау фактілерін анықтаған, нәтижесінде жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 35 конкурс бойынша рәсімдер тоқтатылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!