Астанада банкте жеті адамды кепілге алған Мұрадовқа қандай жаза мерзімі қарастырылатыны белгілі болды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректері жария етілмейді. Алайда күдікті бұл әрекет үшін жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені белгілі.

«Бұл факт ҚК 261-бабының 2-бөлігі «Кепілге алу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Мұндай қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп немесежеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді», – деп хабарлады ІІМ.

Бұған дейін ішкі істер министрі Марат Ахметжанов бір күн бұрын банкте жеті адамды ұстаған ер адаммен жеке сөйлескенін айтқан.

«Біз түсінеміз. Ол әртүрлі талаптар қойды. Туыстарына көмек көрсету туралы айтты. Өзім кіріп, сөйлестім. Ол кепілге алған қызды ұстап тұрды. Тергеу жүріп жатыр. Зардап шеккендер жоқ», – деді ІІМ басшысы Марат Ахметжанов.

Ведомство басшысының айтуынша, банк ғимаратына шабуыл кезінде көзден жас ағызатын газ қолданылған.

Бұған дейін Kaspi баспасөз қызметі мекеме қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шекпегенін және барлығына барлық қажетті қолдау көрсетілетінін хабарлады.

Естеріңізге салсақ, Астанада қарулы азамат Kaspi банкінің бөлімшесін ішіндегі халықпен бірген басып алған.

Кейін ішкі істер министрлігі Астанада қарулы азамат кепілге алған азаматтардың барлығы босатылғанын мәлімдеді. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов  Kaspi банк филиалын басып алу оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!