Фото: Kazinform

KAZINFORM – Бүгін тәу етер тәуелсіздігіміздің тірегіне айналып, мемлекеттілігіміздің іргетасын негіздей түскен, елдігіміздің кепіліне айналған – Конституция күні. Ата заңымыз алғаш 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған еді. Сол жылдан бастап дәл осы күн мемлекеттік мереке ретінде аталып келеді.

Конституция тарихы

Күні бүгінге дейін Конституция 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары реформаға түскен екен. Тарқата айтар болсақ, 1998 жылғы реформа аясында құжаттың 19 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының мерзімі мен өкілеттіктеріне қатысты нақтылаулар болып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жоғарғы жас шегі алынып тасталды. Мәжіліс депутаттарын пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша партиялық тізімдер негізінде сайлау тәжірибесі де осы 1998 жылғы түзетулерден кейін қолданысқа ене бастады.

2007 жылғы реформалық өзгерістердің қорытындысы бойынша, пропорционалды сайлау жүйесінің аясы кеңейіп, соның негізінде Үкімет жасақтау ісіне партиялық фракцияларды араластырудың тетігі енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болып, өз өкілдерін белгіленген квота санына қарай Парламент Мәжілісіне, Сенатына жібере бастады.

2011 жылғы өзгерісте Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздері қайта белгіленді.

2017 жылы Конституцияның 25 бабына 33 түзету енгізілді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Бес институционалдық реформа ұғымдары осы реформадан кейін саяси айналымға шықты.

Ал 2019 жылы ҚР Конституциясына елорда атауын Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгеруіне байланысты түзету енгізілді.

Ата заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар биыл 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруға арналған.

ҚР Конституция
Фото: gov.kz

Азаматтардың мүддесі мен құқығын қорғайтын негізгі баптар

1-бап 1-тармақ: Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

3-бап 1-тармақ: Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық.

3-бап 2-тармақ: Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.

6-бап 3-тармақ: Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.

2022 жылдың 5 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заңға жария түрде қол қойды. Сол заңдардың бірі 6-баптың 3-тармағына қатысты еді.

заң
Фото: akorda.kz

Жария рәсім барысында Президент еліміздің басты байлығы – біздің халқымыз және оның жайлы тұрмысы екендігін баса айтты. Осы орайда жақында Ата заңымызға енгізілген жаңа ережелердің айрықша мәні бар екендігіне тоқталды.

«Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет», – деген еді Мемлекет басшысы.

10-бап 2-тармақ: Республиканың азаматын азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі.

11-бап 1-тармақ: Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.

10-бап 2-тармақ: Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді.

12-бап 2-тармақ: Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.

13-бап 3-тармақ: Әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі.

14-бап 2-тармақ: Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

16-бап 2-тармақ: Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады.

17-бап 2-тармақ: Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.

18-бап 1-тармақ: Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар.

18-бап 2-тармақ: Әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.

Халық
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

19-бап 1-тармақ: Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.

19-бап 2-тармақ: Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар.

20-бап 1-тармақ: Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады.

20-бап 2-тармақ: Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді.

21-бап 1-тармақ: Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.

21-бап 2-тармақ: Әркімнің Республикадан тыс жерлерге кетуіне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар-маусымда елге келгендер саны 14 256 адам, елден кеткендер саны 6 967 адам болды. Көші-қон айырымы 7 289 адам болды. 2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 4,4 пайызға өсті, Қазақстаннан кеткендер саны 0,4 пайызға азайды. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүреді. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 78,2 пайыз, ал бұл елдерге кеткендердің үлесі – 77 пайыз болды.

тұрғын үй
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

25-бап 1-тармақ: Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.

Алайда 2019 жылы тиісті құқықтық актілерге прокурорға сот орындаушыларының атқарушылық іс-жүргізу туралы қаулыларына санкция беру міндеттерін белгілейтін өзгерістер енгізілгелі, прокурор санкциясымен мүлікті мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімі жеке тұлға мен бизнестің мүлкін сот актісіз-ақ, өндіріп алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде құқық қолдану практикасында проблемалық мәселелердің туындауына әкеп соқтырған. Осыған орай Конституциялық сот Бас прокуратураның жүгінуімен аталған баптың 1 және 3-тармақтарына түсіндірме берген еді.

«Конституцияның 25-бабының 1-тармағында қамтылатын және «соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» дегенді белгілейтін норманы тұрғын үй, мүлік және меншік құқығы, адамның өзге де құқықтары мен бостандықтары туралы конституциялық нормаларды ескере отырып, сөзбе-сөз түсіну қажет. Адам тұрғын үйінен прокурор санкциясының негізінде емес, сот шешімімен ғана айырылуы мүмкін. Прокурордың тұрғын үйге мәжбүрлеп өндіріп алуды қолдану рәсімін санкциялауы сот шешімінің күшін жоймайды, оны алмастырмайды және оған тең келмейді», – делінген түсіндірмеде.

26-бап 2-тармақ: Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі.

26-бап 3-тармақ: Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы 3-тармағының «соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды» деген нормасын меншік құқығының маңызды конституциялық кепілі деп түсіну керек. Конституцияда азаматтардың заңды түрде алған кез келген мүлкінің меншік құқығына кепілдік беріледі. Барлық даулы жағдайларда мүліктен айыру сот алдын ала қабылдаған шешім негізінде немесе мүлікті иеліктен шығарудың заңдылығына кейіннен сот бақылауы мүмкіндігімен заңда көзделген өзге де тәсілдермен жүргізілуі мүмкін», – делінген КС түсіндірмесінде.

Адамдар
Фото: Александр Павский/Kazinform

27-бап 3-тармақ: Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.

28-бап 1-тармақ: Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге болды. Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмысшыларға осы ең төменгі жалақыдан төмен емес деңгейде жалақы төлеуге міндетті. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері – 57 853 теңге, жиынтық + базалық – 86 068 теңге, ал базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 28 215 теңгеге дейін өзгерді.

29-бап 2-тармақ: Республика азаматтары заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алуға хақылы.

Тегін медициналық көмек ҚР азаматтары мен қандастарға беріледі. Тегін медициналық көмек бюджет есебінен көрсетіледі және оған тиімділігі дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер жатады.

30-бап 1-тармақ: Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті.

Қазақстан бойынша барлығы 7 833 мектеп бар. Олардың ішінде шағын жинақты мектептер саны – 2 702. Барлық оқушы саны – 3,8 млн. Шағын жинақты мектептердегі балалар саны – 187,2 мың. Қазақстан бойынша мектептерде барлығы 399,5 мың педагог жұмыс істейді.

32-бап: Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін.

52-бап 5тармақ 3-тармақша: бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты конституциялық заңда айқындалатын тəртіппен сайлаушылар кері шақырып алған кезде өз мандатынан айырылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!