Жексенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте аймақтағы жобалардың іске асырылу барысы, басқа да өзекті мәселелер талқыланды, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жауапты басқарма басшылары тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы туралы баяндады. Аймақ басшысы жұмыстардың кестеге сәйкес жүргізілуін қатаң қадағалауды ескертті. Әсіресе, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы білім ордаларын уақытылы аяқтап, қолданысқа беру маңызды.

Мұнан бөлек, жиында «Артспорт» бағдарламасына мониторинг жүргізу, тазалық және көркейту- көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыру, бюджет қаражатын тиімді игеру, коммуналдық қызметтердің үздіксіз көрсетілу мен қоғамдық көліктің уақытылы жүруіне қатысты мәселелер талқыланды.

Аймақ басшысы аталған бағыттарға ауқымды қаражат бөлінгенін, жан-жақты қолдау көрсетілгенін қаперге салды. Енді осының қайтарымы ретінде халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі тиіс. Салынған нысандар сапалы болуы керек. Ауа райының қолайсыздығынан ғимараттар зақымдалса, мердігерлер жауапкершілікке тартылады.

«Күз мезгілі күшіне мініп, күн салқындап келеді. Осындай кезде оқушылар қоғамдық көлікті ұзақ күтіп қалмауы керек. Жаңғыртылу сатысындағы жолдардың мерзімінде аяқталғаны маңызды»,- деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Әрбір мәселені жеке-жеке саралаған облыс әкімі тиісті басшылардың тапсырмаларға жауапкершілікпен қарауын ескертті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!