Су тасқыны қаупі туындаған Атырау қаласынан 16 сәуір күні кешкі сағат 20.00 шамасында Қызылордаға екі автобуспен 93 адам келгенін облыстық баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

Олармен жауапты басшылар кездесіп, сағат 21.30-да қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты Зейнеткерлерге жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына 59 адам, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық- техникалық жоғары колледжінің жатақханасына 34 адам орналастырылды. Атыраулық қонақтардың барлық қажеттіліктерін жергілікті әкімдік қамтамасыз етуде.

Бір ескеретін жайт, дәл қазіргі уақытта олардың керек-жарағына деп халықтан ақша жинаудың қажеті жоқ.

Екі мекен-жайдағы адамдарға 3 мезгіл ыстық тамақ берілуде, барлығының денсаулығын дәрігерлер бақылауына алған. Қонақтардың ұсақ-түйек қажеттіліктерін жеткізіп беруді «АMАNAT» партиясының облыстық филиалы қадағалауда. Жағдайды тұрақты бақылау үшін жауапты басқарма мамандары екі жаққа да арнайы барып, ахуалды назарда ұстауда.

Су тасқыны болған Ақтөбе облысына Сыр өңірі жұртшылығы 9,8 млн.теңге қаржылай, 67 млн.теңге азық-түлік пен заттай көмек көрсетті. Басқа облыстарға 50 млн.теңгенің қажетті заттары жіберілді. Нақты айтсақ, Ақтөбе облысына 1, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарына 2-еуден, Атырау облысына 3 жүк көлігі аттанды. Оған қоса Батыс Қазақстан облысына 106 арнайы техника жөнелтілді.

Арнайы техникалар бір тәулік ішінде әзірленіп, теміржол арқылы арқылы діттеген жеріне жетті.

Мұнан бұрын су апаты болған аймақтарға 296 қызылордалық құтқарушы, 135 техника жіберілген болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!