Қалалардың өсiп, ауылдың iрiленуi – өркениеттi қоғамның жетiстiгi. Алайда, ауылдан бiржола тамыр үзiп қалмау өзекті мәселе. Алыптардың көбі осы ауылда дүниеге келгенін ескерсек, болашақта бұл үрдiстiң жiбi үзiлмес үшiн мұнда ұлттық мәдениеттiң ошағы, заманауи бiлiмнiң бастауы сақталуы тиіс. Бұл ретте Сыр өңірінде ілкімді іс, қолға алынған бірқатар жоба бар. Жақында үздік елді мекендер мен үлгілі шағын аудандарды іріктейтін конкурс өтпек. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Конкурс елді мекендерде адам өмiрi мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру үшін өтуде. Жеңімпаздарды «Үлгілі ауыл», «Үлгілі аудан орталығы», «Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» номинациялары бойынша тәуелсіз сарапшы комиссия анықтайды», – деп хабарлады аймақ басшысы.
Конкурс шарттары бойынша «Үздік аудан орталығы»,«Үздік ауыл» және қаладағы «Үздік шағын аудан» анықталып, жеңімпаздарды қоғамдық ұйым өкілдері, экобелсенділер мен еріктілерден құралған тәуелсіз комиссия таңдайтын болады. «Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша І орынға арнайы жол тазалағыш КАМАЗ және қалдық тасымалдаушы МАЗ автокөлігі, ассенизатор мен кран-манипулятор берілмек. Ал ІІ орынға қалдық тасымалдаушы көлік, ассенизатор және жол тазалаушы трактор тағайындалған. ІІІ орынға ассенизатор мен жол тазалаушы трактор сыйға берілмек. «Үздік ауыл» номинациясын иеленген үш ауылға да бағалы сыйлықтар табысталады. І орын алған ауылға жер қазатын трактор мен самосвал ЗИЛ автокөлігі, ІІ орынға жер қазатын трактор мен тіркеме, ал ІІІ орынға жер қазатын трактор беріледі. «Үздік шағын аудан» номинациясы бойынша І орын алған шағын ауданға сквер, спорт алаңы салынады. ІІ орынға абаттандыру мен спорттық ойын алаңы сыйға берілсе, ІІІ орынға абаттандыру жобалары тарту етілмек. Конкурс нәтижесімен жеңімпаздарға 14 техника табысталмақ. Бұдан бөлек, озық шыққан елді мекенге скверлер мен спорттық алаңдар салынып, көше-аулалары жарықтандырылады. Алдағы уақытта конкурс дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасын Қызылорда облысында жүзеге асыруға 3 млрд теңге қарастырылғаны да мәлім. Ауыл тұрғындарының бизнесін бастауға немесе бұрыннан бар бизнесті дамытуға мүмкіндігі бар. Жеңілдікпен несие мөлшерлемесі енгізіліп, бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тек талап етілетін басты нәрсе – бастама көтеру мен жұмыс істеуге деген ұмтылыс. Ал «Ауыл аманаты» тектес бағдарламалар тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартудың бір қадамы болмақ.
А.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!