Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бүгінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру мен өңірлік кәсіпкерлікті дамыту мықтап қолға алынды. Бұл бағыттағы бағдарламалардың тиімді жүзеге асып жатқанын Сыр бойындағы аудандардың тыныс-тіршілігінен де анық байқауға болады. Мәселен жақында ұйымдастырылған баспасөз туры барысында Жаңақорған мен Шиелідегі байыпты бастамаларды көріп қайттық.

Бір топ БАҚ өкілі бет алған Жаңақорғанның ілкімді істерін көргенде өңменімізден өткен жел мен шекені тырыстырған шаңды ұмытып та кеттік. Бүгінде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесінде жаңақорғандықтардың еңбекке деген ықыласы арта түскен. Мемлекеттік қолдауға сүйенген кәсіпкерлер кәсібін өрге сүйреп, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр.

Мысалы жартылай фабрикаттар өндіретін кәсіпорын «Армеди» өнімдері бүгінде тұрақты әрі сұранысқа ие. Аяқ басқан алғашқы нысанда жеке кәсіпкерліктің басшысы Қаракөз Бектөреева күтіп алды. Кәсіпкерлікке нақты бет бұрғанына 5 жыл болған Қаракөз ханым алғашында жеке қаражатымен бастаған. Ал 2021 жылы 540 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант жеңіп алып, кәсібін кеңейте түскен. Былтыр 50 миллион теңге несие алып, өндірісті жаңғырту жұмыстарына кірісті. Бұл қолдаудан кейін жаңа техникалар алып, өнім көлемі бірнеше есе артқан.

– Қазір күніне 400–500 келіге дейін өнім өндіреміз. Жеңілдетілген несие алған соң техникалар да көбейді. Қамыр илейтін, жаятын құрылғылар, мұздатқыштар, жеткізуші көліктер алынды. Соның арқасында өнімділік артты. Енді Қызылорда, Түркістан қалаларына, Шиелі ауданы мен өзіміздің Жаңақорғанға күнделікті өнім жеткізіп отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпорында 28 адам қызмет етеді. Ал ассортиментте котлет, тефтели, сырники, бөрек, самса қамыры секілді 28 түрлі өнім бар.

Ауылда кәсіп жанданса

– Сигара-бөрек төрт түрлі салмамен дайындалады. Сонымен қатар, самса қамырын да өзіміз дайындап, Түркістан, Шиелі, Жаңақорған және Қызылорда қалаларына жеткіземіз. Біздің өнімді алатын дүкен саны бүгінде 30-ға жуықтаса, оның 15-тен астамы Жаңақорған ауданының өзінде орналасқан. Кей ірі супермаркеттерде өзіміздің тоңазытқыштарымыз бар. Оларды да күнделікті толықтырып отырамыз, – деді ол.

Ең қызығы, тағам өндірісінде жүрген Қаракөз Бектөрееваның негізгі білім алған саласы – медицина.

Әрі қарай жылыжай жұмысын жолға қойған Айымбетовтер отбасына жолымыз түсті. 2020 жылы небәрі 2 сотық жерден басталған іс бүгінде аудан көлемінде танымал шағын шаруашылыққа айналған. Осыдан 2 жыл бұрын «Ауыл аманаты» арқылы 4 миллион теңге шамасында жеңілдетілген несие алып, бағдарлама тиімділігінің арқасында жер көлемін ұлғайтқан. Былтыр 8 сотық жерге қызанақ пен қияр ексе, биыл бірыңғай қияр еккен. Ал енді күзге қарай қайтадан 4 сотық жерге қияр, 4 сотық жеріне қызанақ егуді жоспарлап отырғанын айтты.

– Бұл іс – отбасылық кәсіп. Әкем, анам, келіншегім де көмектеседі. Енді биыл көмекке інім қосылады. Себебі шаруашылықты үлкейту жоспарда бар. Облыс әкімінің қолдауымен жақын арада 1 гектар жер беріледі. Жылыжай өндірісі одан әрі дами түспек, – дейді Наурызбек Айымбетов.

Отбасылық шаруашылық өнімдерін аудан ішіндегі дүкендерге өткізеді. Сондай-ақ үйге келіп сатып алушылардың да қарасы қалың екен. Бағасы да базардағы бағадан шамамен 50 теңгеге арзан. Ең бастысы көгөніс терілген күні-ақ сатылып кетеді.

Ауылда кәсіп жанданса

– Барлығы – жаңа, табиғи өнім. Күніне не терілсе, соны халыққа ұсынамыз. Бұл істі бастауға әкем себепкер болды. «Ауылда мұндай жылыжай жоқ» деп, алғашында өзі қызығушылық танытқан. Қазір бүкіл отбасы бірігіп, шаруашылықты дөңгелетіп отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Бақшада жеміс ағаштары да бар. Алмұрт пен өріктің 7-8 түрі, алманың 4-5 сорты, жүзімнің бірнеше түрі, тіпті анар да өседі. Наурызбайдың айтуынша, жылыжайға тамшылатып суару жүйесі өте қолайлы. Суды үнемдеп, егісті тиімді жүргізуге болады.

Келесі кезекте – макарон өндірісі. Жаңақорған халқын макаронмен қамтасыз етіп отырған «Рауан» ЖК шағын өндіріс цехында сағатына 200 келі, күніне 4-5 қап өнім шығады. Бұл іске машықтанған Еркінбай Шідербаев сұраныстың жоғары екенін айтады.

– Цехқа қажет құрылғыларды алып, биыл ақпанда жұмысты бастап кеттік. Қазір макаронның төрт түрін ұсынудамыз. Өнімнің сапасына ерекше мән береміз. Ешқандай бояғыш пен қоспа қолданбаймыз. Тек жұмыртқа мен маргарин қосамыз. Сол үшін де сапасы жоғары, дәмі керемет. Тұтынушылар тарапынан шағым жоқ. Цехта 4 адам жұмыс істейді. Екеуі өнім шығарса, қалғаны буып-түюмен айналысады. Макарон күнделікті тұтынатын өнім. Сондықтан нарықтағы орнымызды кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайту жоспарда бар, – деді Еркінбай Шідербаев.

Ауылда кәсіп жанданса

Аудан бойынша 6500 кәсіпкер тіркелген. Оның 96 пайызы толық жұмыс істейді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша былтыр 29 жоба 165 миллион теңгеге несие алған. Ал жыл басында 27 жоба 208 миллион теңге көлемінде қаржыландырылған. Сонымен қатар биыл темір-бетон, асфальт-бетон зауыты іске қосылмақ.

Өңір өнімдері мен ауданның айшықты жаңалықтарының легі осындай. Ал баспасөз туры әрі қарай Шиеліге ұласты.

Құс шаруашылығы – ауыл шаруашылығының маңызды әрі табысты саласының бірі. Шиелі ауданында кейінгі жылы бұл бағытта тың серпін байқалады. Соның бір дәлелі – былтыр үш кәсіпкердің бастамасымен құрылған «Шиелі құс еті» ауыл шаруашылығы кооперативі.

Бүгінде кәсіптің иесі, кооператив өкілі Сәкен Серікбайұлы бастаған команда ауданға пайдалы істі жолға қойып отыр. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 27 миллион 600 мың теңге көлемінде несие алып, алғашқы қадамдарын нық басқан.

– Шиеліде құс етін өндіретін мұндай кешенді шаруашылық бұрын болмаған. Сол себепті үш кәсіпкер бас қосып, осындай кооператив ашуды ұйғардық. Қазір иелігімізде үш құс фермасы бар. Әрқайсысында 1500 бас құс өсірілуде, – дейді Сәкен Серікбайұлы.

Кәсіпорын өнімділігімен қатар, жүйелі ұйымдастыруымен де ерекшеленеді. Құс күтімі толықтай автоматтандырылған. Су мен жем арнайы құрылғылар арқылы беріліп отырады. Ауа температурасы тұрақты бақыланады. Бұл – құстардың ауру-сырқаусыз, тез жетілуіне сеп.

Ауылда кәсіп жанданса

– Ең бастысы – уақытылы күтім мен температура тәртібі. Фермада көп жұмыс күші қажет емес, жүйе автоматты түрде жұмыс істейді. Жемді Жамбыл облысындағы жем зауытынан, ал балапандарды Шымкенттен тасымалдаймыз. 45 күнде тауықтарды союға болады. Әзірге Шиелі мен Қызылордадан тапсырыс түсуде, – дейді кәсіпкер.

Мұнда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың әрқайсысының өз міндеті бар. Жуырда төртінші ферма қосылуы мүмкін. Егер ол іске қосылса құс саны да, жаңа жұмыс орны да көбейеді. Ал кооператив өкілдері арасында кіріс алдын ала жасалған келісім негізінде әділ бөлінеді. Бұл – ортақ істің әділ әрі сенімді жүргізілуінің кепілі.

Шиеліде осындай тың бастамалардың жүзеге асып жатқаны көңіл қуантады. Бір жағынан – кәсіп, екінші жағынан – ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі. Ал осындай елге пайдалы істерге қолдау көрсетіп отырған «Ауыл аманаты» бағдарламасының да әлеуеті зор. Мысалы былтыр 150-ге жуық жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылса, биыл «Ауыл аманаты» аясында 75 жоба жеңілдетілген несие алды.

Жұмыс барысымен танысқан нысанның бірі – қағаз майлық өндіретін цех. Бұл кәсіпті Нұрбол Есетов былтыр қолға алған. Биыл сәуір айында мемлекеттен 50 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр.

– Кәсіптің алғашқы баспалдағында өз қаражатымнан 10 миллион теңге қостым. Қазір өндірісті кеңейтіп жатырмыз. Алдағы уақытта әжетхана қағазы мен асүй майлығы секілді өнімдер шығаруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 8 жұмыс орнын ашу ойда бар, – дейді кәсіпкер.

Өндірістік қуаттылығы – күніне 1200 бума салфетка. Бұл шамамен айына 2 тонна дайын өнім деген сөз. Шикізатты Шымкент пен Алматы қалаларынан алдырады.

– Бағасы да қолжетімді. Өнім санына қарай 112, 115 және 120 теңгеден сатылып жатыр. Қазірдің өзінде сұраныс жақсы, – дейді Нұрбол Есетов.

Ауылда кәсіп жанданса

Шиеліде жеңіл өнеркәсіппен қатар ауыр өнеркәсіптің де әлеуеті артып келеді. Соның бір дәлелі – «Гежуба Цемент» зауыты. 2018 жылы іске қосылған бұл кәсіпорын еліміздегі ең ірі цемент өндіруші өндіріс ошақтарының бірі. Зауыт құрылған күннен бастап отандық нарықты сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіп келеді. Жылына 1 миллион тоннаға дейін цемент өндіру мүмкіндігі бар зауыттың тәуліктік қуаты – 4 мың тонна. Бұл көрсеткіш кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеп, технологиялық тұрғыдан толық жарақтанғанын айғақтайды. Зауыт өнімдері бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі құрылыс нысандарында кеңінен қолданылып жатыр. Ал өнімнің 15 пайызы шетелге жіберіледі.

– Біздің басты артықшылығымыз – отандық шикізатқа негізделуіміз. Өндірістік қажеттіліктің 80 пайызы жергілікті, яғни Шиелі ауданының өзінен, ал қалған 20 пайызы басқа облыстардан жеткізіледі. Бұл өз кезегінде жергілікті экономиканы дамытуға ықпал етіп, шикізат тасымалына кететін шығынды азайтады, – дейді зауыт қызметкері Табиғат Әбеков.

Қазіргі таңда зауытта 600-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың бәрі де өз ісінің мамандары. Алғашқы жылдары қытайлық мамандар басым болғанымен, бүгінде мамандардың 97 пайызы қазақтар.

Ауылда кәсіп жанданса

Бастысы өндірістік процесс толықтай заманауи технологиялармен жабдықталған. Цемент өндірісі – адам өмірі мен қоршаған орта үшін аса жауапты сала. Осыған орай, зауытта қауіпсіздік техникасы мен экологиялық стандарттарға ерекше мән беріледі. Барлық жұмыс процестері халықаралық талаптарға сай жүргізіледі.

Міне, баспасөз туры барысында екі ауданның тұрмыс-тіршілігімен танысып, кәсіпкерлердің жұмысын көріп қайттық. Ауылда кәсіп жанданса – тұрмыс түзеліп, өңірдің еңсесі тіктеледі.

Әлия ТӘЖІБАЙ,
Қызылорда-Жаңақорған-Шиелі-Қызылорда

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!