Бас ауырып, балтыр сыздаса баратын жер, қағатын есігіміз емхана екені белгілі. Облыс орталығы мен ірі қалаларда қарқынды дамығанмен, ауыл мен аудандарда ауқымды іс атқарып жатқан медицина мамандары күрделі отаның өзін күнделікті жасап жүргенін, алдына келген науқасқа жаңа өмір сыйлағанын көргенде мемлекеттің медициналық мәртебесі һәм дертті емдеу деңгейі көтерілгенін бірден байқауға болады. Бұрынғыдай шешімі жоқ екен деп шекара асып, шетелге жүгірмейді.Отандық мамандардың біліктілігі артып, заманауи технологияларды терең меңгерген.
Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында медицина мамандарына, олардың әлеуметтік, кәсіби жағдайына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Елдегі медицинаның бірқатар бағыты қазірдің өзінде халықаралық деңгейде табысты бәсекелестікке түсуде. Осылайша, бірегей медициналық технологиялар келесі медициналық ұйымдардың негізінде жүзеге асырылады. Республикада 496 аурухана және 1955 амбулаториялық-емханалық мемлекеттік ұйым бар, оларда 207 мыңға жуық медицина қызметкері, оның ішінде 55 мыңдай дәрігер жұмыс істейді. Барлығы 85 мыңнан астам аурухана төсектік орын орналастырылған. Еліміздегі озық үлгідегі медициналық орталықтарға келетін болсақ, олардың қатарында Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы бар. Бұл – еліміздегі жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін төртінші деңгейдегі көпбейінді аурухана. Ал өңірдегі денсаулық сақтау саласының ахуалы қандай?
«Ана мен бала денсаулығы қашанда басты назарымызда. Осыған орай, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы 200 төсек орынға арналғанымен 360 төсек болып үстемемен жұмыс жасауда. Сол себепті облыс әкімінің қолдауымен бұрын-соңды облыста болмаған 150 төсекке арналған көпбейінді қалалық балалар ауруханасын жергілікті бюджет қаражаты есебінен ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жас аналарға жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік босану бөлімшесін ашу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықаралық стандарттарға сай 200 төсектік перинаталдық орталық салу мәселесі пысықталып, нысан құрылысына 3,7 га жер учаскесі бөлінді.
Медицина ұйымдарын техникамен қамтамасыз етуге 3,4 млрд теңге қарастырылған. Оның 72%-і ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталуда», – дейді аймақтың бас дәрігері Олжас Ермекұлы.
Медициналық қызмет сапасының артуы тек техникаға тәуелді емес. Осы орайда облыста медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арнайы қаржы бөлініп, аталған қаржының барлығы ана мен бала денсаулығын сақтау саласы мамандары игілігіне жұмсалуға көзделуде. Бүгінгі күні аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес қажеттілікке қарай мамандарды шет елдерде оқыту мәселесі де пысықталуда. Бір білікті дәрігер бүтін ұлттың саулығының кепілі. Демек, кәсіби біліктілікті, қызмет сапасын арттыруға жасалып жатқан кішкентай қадамдардың өзі өңірде денсаулық сақтау саласының дамуы қарқынды екенін айғақтайды.
Арайлым ҚУАНЫШБЕКОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!