Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елдегі ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңгеге дейін көтерілетінін мәлімдеді. Өзгеріс 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ал экономистердің сөзінше, жалақының өсуі азаматтардың табысын арттырғанымен, азық-түлік бағасының өсуіне алып келуі мүмкін.
Мемлекет басшысының сөзінше, бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.
Экономист Андрей Чеботарев президенттің тапсырмасы орындалған соң азаматтардың табысы артатынын атап өтті. Бірақ бұл бизнеске кері әсер етеді дейді.
«Ең төменгі жалақы алып келгендер келер жылдан бастап 70 мың теңге емес, 85 мың теңге алады. Ал кәсіпкерлер үшін бұл қосымша шығын деген сөз. Дегенмен бізде төменгі жалақы мөлшері айлық есептік көрсеткішке байланысты емес. Мәселен, АЕК көтерілсе, бізде өзге де бюджеттік өлшемдер көтеріледі. Бірақ ең төменгі жалақы өспейді. Соңғы жылдары төменгі жалақы тек президенттің ұсынысымен немесе тапсырмасымен көтеріліп келеді. Осы тұста министрліктер дұрыс жұмыс істемейді деп айту да қателік. Бәлкім, жалақыны көтеру туралы министрлік ұсыныс жасаған шығар. Ал президент мұны жолдау барысында айтып өтті. Ең соңында ұсыныс жасаған адам емес, мұны жария еткен адамның абыройы артады», – деді сарапшы.
Дегенмен жалақы көтерілген жағдайда елде азық-түлік немесе өзге тауарлар қымбаттауы мүмкін екен.
«Бұл – экономиканың заңдылығы. Жалақы тез өссе, баға да соғұрлым жылдам көтеріледі. Әрине, ең төменгі жалақы аса қатты өсе қоймайды, бірақ баға өсімі орын алады. Сонымен қатар зейнетақы жинағынан ақша шешуге арналған жеткіліктік шегі де көтеріледі. Бізде жеткіліктік шегі ең төменгі жалақы мөлшерімен анықталады. Бұл туралы желтоқсан айында нақты белгілі болады деп ойлаймын», – деп қосты Андрей Чеботарев.
Экономистің айтуынша, ең төменгі жалақыға салық салынбайды. Сондықтан бюджетке түсетін жалақы көлемі азаюы ықтимал дейді.
«Жалақы өссе, азаматтардың төлем қабілеті де артады деген сөз. Азаматтар неғұрлым көбірек сауда жасаса, салықты да көп төлейді. Негізінде жалақы жұмыс беруші мен жұмысшы арасында келісімшарт негізінде айқындалады. Сондықтан ең төменгі жалақы көлемі деген ұғым болмауы керек«, – деп түйіндеді ол.
Ал экономист Мақсат Халық елімізде ең төменгі жалақы көлемі әлі де төмен деңгейде қалып отырғанын мәлімдеді. Оның пайымдауынша, бұған жауап беретін профильдік министрліктер дұрыс жұмыс істемей отыр.
«Мұндай тапсырманы президент бермеуі керек, керісінше профильдік министрлік ұсыныс жолдауы қажет. Ең төменгі жалақының сәл де болса өсуі азаматтардың табысының артуына әсер етеді. Менің есептеуім бойынша Қазақстанда ең төменгі жалақы 120 мың теңге, ал халықтың орташа табысы 300 мыңнан асуы қажет. Сондықтан осы есептемелерді жүргізу кезінде министрліктер нақты жұмыс істеуі керек. Бұдан бөлек қаржы және ұлттық экономика министрліктері толығымен жаңаруы қажет», – дейді Мақсат Халық.
Сарапшының пайымдауынша, ең төменгі жалақы көтерілгенімен, азық-түлік бағасы айтарлықтай өспейді.
«Азаматтардың төлем қабілеті көтерілсе, сұраныс артады. Бағаның өсуі табиғи процесс. Дегенмен мұнда азаматтардың ең төменгі жалақысы өзгерейін деп отыр, осыған да мән берген дұрыс. Бізде қазір инфляцияның орын алуына ақша массасының көбеюі әсер етіп отыр. Ұлттық қордан бөлінген ақшаға теңге сатып алды. Бұл өз кезегінде инфляцияның деңгейінің артуына алып келді. Сондықтан үкімет ақша массасын азайтып, отандық өнеркәсіпті жолға қоюы керек. Осы жағдайда инфляция төмендейді», – деп түйіндеді экономист.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің айтуынша, ең төменгі жалақы көтерілуі алдағы уақытта инфляцияға әкеп соғуы әбден мүмкін.
“Ең төменгі жалақының өсуі, бірінші кезекте, жалақысы төмен азаматтарға пайдалы. Бірақ міндетті түрде қызмет көрсету саласы мен азық-түлік қымбаттайды. Қазір коммуналдық қызметтің өскенін де көріп отырмыз. Меніңше, алдағы уақытта инфляция болады деп болжам жасай аламыз. Ал баға әрі қарай да өседі”, –дейді Расул Рысмамбетов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!