Фото: Байқоңыр әкімдігі

Байқоңыр қаласында тұрғындар мен қонақтарға арналған жаңа демалыс орны ашылды, деп хабарлайды KAZINFORM.

Қаланың орталық алаңында тарихта алғаш рет субұрқақ жұмысын бастады.

Жаңа нысанның ерекшелігі – субұрқақ тек әуен мен жарықпен үйлескен су ойыны емес, ол тақырыптық сипатқа ие. Су ағындары көкке шапшып көтерілген сәтте алаң үстінде Юрий Гагариннің әйгілі «Поехали!» дауысы естіледі, артынша Левитанның тұңғыш ғарышкердің ұшқаны туралы хабарламасы беріледі, соңынан «Трава у дома» әні шырқалады.

Субұрқақты  ресейлік және қазақстандық мердігер компаниялар бірлесе салған. Қазір әр кеш сайын алаңда тұрғындар мен қала қонақтары жиналып, салқындап, ерекше музыкалық бағдарламаға куә болады.

– Жаз бізде ұзақ әрі ыстық болады. Осындай әсем де үлкен фонтанның орталық алаңнан орын алуы, оның үстіне ғарыштық бағдарламаға байланысты безендірілуі бізді қуантты. Енді кездесіп, серуендейтін сүйікті орнымыз бар, – дейді байқоңырлықтар.

Қала әкімдігінен атап өткендей, бұл жоба «Өмір сүруге қолайлы инфрақұрылым» ұлттық жобасы аясындағы «Қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру» федералдық бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.

Соңғы уақытта Байқоңырға саяхат ұйымдастыратын туристік агенттіктер жаңа нысанды экскурсиялық бағдарламаға қосуға дайын екенін мәлімдеді. Себебі басты алаңда қонақтарды қабылдайтын «Орталық» қонақүйі орналасқан.

Ал байқоңырлықтар қазірдің өзінде фонтанды құс ұшатын биіктіктен әдемі бейнеге түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!