Соңғы 2 жылда елімізде бала саудасына қатысты 800 факті тіркелді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жеке сәйкестендіру нөмірін тіркеу есебі ЖСН ұлттық тізілімінде жүзеге асырылады және жеке тұлғаға қатысты мәліметтер негізінде қалыптасады: тегі, аты, әкесінің аты, туған күні мен жері, жеке тұлғаның өмірлік жағдайы (тірі, өлі). Сараптама көрсетіп отырғандай, қолданыстағы есепке алу жүйесі әрбір баланың тіршілігін толықтай қадағалауға және оны құқыққа қайшы әрекеттерден қорғауға мүмкіндік бермейді. Айталық, соңғы 2 жылда бала, оның ішінде жаңа туған сәби саудасы фактісі бойынша шамамен 800 іс қаралды», – деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, осыған орай Үкімет «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін енгізу аясында барлық бала туа салысымен бірден ЖСН беру арқылы есепке алу мәселесіне қатысты жүйелі іс-шаралар қабылдап жатыр.
«Бүгінде «Отбасының цифрлық картасы» мемлекеттік органдардың 24 ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылған. 2022 жылдың 1 маусымынан «Отбасының цифрлық картасы» жобасын барлық өңірде бейімдеу процесі басталды», – деді Әлихан Смайылов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!