Бала тасымалына байланысты күнделікті рейд жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін өңірде арнайы жұмысшы топ әр түрлі бағыт бойынша 93 балабақшаға ескерту берген. Егер кемшіліктер жойылмаса, балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс берілмейді.
– Өкінішке қарай балаға жағдай жасауды емес, бас пайдасын ойлайтындар да бар. Күні бүгінге дейін өңірдегі 374 жеке меншік балабақшаның 106-сы бала тасымалымен айналысып келген. Кейінгі уақытта балабақшаның тасымал көлігінің қатысуымен екі мәрте жол-көлік оқиғасы болды. Екеуінде де бала саны орындық санынан көп. Тасымалданатын баланың жасы 7 жастан кем болмау керегін ескерсек, балабақшалар заңсыз тасып келген, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.
Қызылорда жеке балабақшалар саны жөнінен облыстар арасында Түркістан мен Алматы облыстарынан кейінгі үшінші орынға табан тіреген. Ал қалалар арасында алтыншы орында. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетов бұл жердегі мақсат әлдекімдердің жұмысын тоқтату емес, баланың саулығын, қауіпсіздігін ойлау екенін айтты.
– Әрине, елде кәсіпкерліктің дамуы, өркен жаюы қуантады. Бірақ барлығы талапқа сай болуы керек. Балабақшаларға ата-аналардың көңіл толмаушылығы да жетерлік. Улану, ұрып-соғу, жол апаты тәрізді жағдайлар көбейді. Бүгінге дейін 93 балабақшаға әр түрлі бағытта ескерту берілген. Олар кемшіліктерін жоймаса, мемлекеттік тапсырыс берілмейді. Өңірде 39 жеке мектептер желісі жұмыс істейді. Оларға да басты мақсат сапалы білім беру керегі ескертілді. Қазіргі таңда сол 39 жеке мектепте 136 зейнеткер ұстаз жұмыс істейді. Зейнеттегілер жұмыс істемесін демейміз, бірақ біліктілігі жоғары сапалы маман кадрларды толықтыру керек, – дейді М.Шермағамбетов.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!