Маусымның алғашқы күні… Жаздың самал желіндей жайлы, күннің шуағындай мейірімді, шат күлкімен көмкерілген осы бір күн – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл – жай ғана мереке емес. Бұл – келешекке деген жауапкершіліктің, ұлттың аманатына айналған ұрпаққа деген қамқорлықтың белгісі. Алаңсыз балалық шақты тойлайтын бұл күні саябақтарда ән шырқалып, түрлі ойын-сауық ұйымдастырылып, бала жүректер шынайы қуанышқа кенеледі. Бұл – балаға көрсетілер мейірім мен ықыластың, сүйіспеншіліктің белгісі, оларды еркелетіп, елеп- ескеретін, еркін қиял мен шексіз арманға қанат бітіретін мереке.
Балалық шақ – адамның ең нәзік әрі ең құнды кезеңі. Осы кезеңде сәби жүрегіне не ексең, соның жемісін көресің. Бұлай деуімізге атақты жазушыЛев Толстойдың: «Бала тәрбиесі – болашаққа салынған көпір» деген қанатты сөзі дәлел.
Балалар – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Олардың күлкісі мен қуанышы – қоғамның дамуы мен өркендеуінің айнасы. Сондықтан да бұл күн тек мерекелік көңіл-күймен шектелмей, балалардың құқықтарын қорғау, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне де назар аударуға шақырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында атап өткендей, балаларға қамқорлық көрсету – бұл ортақ жауапкершілік әрі мемлекеттік саясаттың басты басымдығы. Осыған орай бұл бастама – балалар мәселесіне ерекше көңіл бөлуге және балалардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне жағдай жасауға, сондай- ақ қоғамның назарын бала құқығы мен балалық шақтағы өзекті мәселелерге аударуға бағытталған.
Қоғамның кемелдігі оның балаға деген қарым-қатынасынан көрінеді. Бүгінде әлем елдері балалардың құқығын қорғау, олардың қауіпсіз дамуына жағдай жасау бағытында түрлі халықаралық құжаттар қабылдап, нақты бағдарламалар жүргізуде. Бірақ қағаздағы ереже мен өмірдің шындығы әрдайым бір арнада тоғыса бермейтіні рас.
«Тоқпақ» емес, түсінік керек
Психологтар кейінгі жылдары балалар арасындағы мазасыздық, уайым, депрессия мен жалғыздық сезімі күрт артқанын алға тартып, дабыл қағып келеді. Әсіресе әлемді жаулаған пандемиядан соң мектеп жасындағы балалардың көбі психологиялық қолдауға зәру екені анықталды.
Баланың жан дүниесі де тәрбие мен қамқорлықты қажет етеді. Қазіргі балаларда күйзеліс, жалғыздық, мазасыздық сияқты сезімдер жиі кездеседі. Психологиялық саулық – бақытты балалықтың кілті, болашақ өмірінің берік іргетасы. Әр баланың жанын түсініп, сезіміне серік бола білу – ата-ананың ғана емес, күллі қоғамның міндеті. Мектептерде психологтар жеткіліксіз, ал ата-ана көп жағдайда баланың ішкі күйіне үңілуге уақыт таппайды. Тіпті кейде баланың көңілсіздігіне мән де бермей, тәртіпкесаламыз. Бұл – қатерлі қадам.
Халық даналығында: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай көр, он бес жасқа дейін қосшыңдай жұмса, он бестен кейін ақылдас» деген бар. Осы бір сөздің астарында бүкіл педагогиканың, бүкіл психологияның мәйегі жатқандай. Баланың еркін өсуі, өз ойы мен ұстанымының қалыптасуы, өзін жеке тұлға ретінде сезінуі – тек сенім мен сүйіспеншілік арқылы жүзеге асады. Бала өзінің уайымын әрқашан сөзбен жеткізе алмайды. Ол үнсіз қалуы, ашулануы, тұйықталуы – ішкі дағдарыстың көрінісі. Мұндай кезде оған тек «тәртіп» емес, «түсінік» керек.
Тәрбие – тал бесіктен
Түрлі әлеуметтік желі мен онлайн контенттің ғасырында балалардың не көріп, нені тыңдап жүргенін бақылау – әрбір ата-ананың міндеті. Телефон ұстаттық – тыныштық табамыз, «YouTube» қостық – мазамыз кетпейді деген түсінік бала келешегіне танытқан немқұрайлылық екенін ескерейік. Себебі ғаламтордағы сансыз бейнематериалдың арасында бала түгілі, жасы үлкенге де ауыр тиетін, психикаға кері әсер ететін дүние жетерлік. Бала тәрбиесі – бесіктен. Ал қазір бесік – смартфон, тербететін – «TikTok», әлдилейтін – лайк. Ата-ана мен ұстаз мұндай ақпарат ағынының ішінде адаспай, бала бойына сіңетін пайдалы дүниені сүзгіден өткізіп отыруы керек.
Қазір балалар арасындағы тағы бір өткір мәселе – буллинг. Атауы жат көрінгенмен, заты етене таныс. Буллинг – бір баланың екінші балаға психологиялық, әлеуметтік, кейде физикалық қысым көрсетуі. Бұл – күлкі мен кекесіннен басталып, қорқыту мен шеттетуге ұласатын, баланың жанын жегідей жейтін жасырын соғыс. «Сөз сүйектен өтеді» дейтін халқымыздың тәмсіліне мән берсек, буллингтің бала психологиясына тигізер залалы орасан.
Мектеп ішіндегі буллинг – бүгінгі білім ордаларының көзге көрінбейтін жарасы. Әсіресе ұяң, өзгеше ойлайтын, сырт келбеті өзгелерден ерекшелеу балалар мұндай қысымға жиі ұшырайды. Бір қарағанда балалық «ойын» болып көрінгенімен, бұл жағдай баланың өз-өзіне сенімін жоғалтып, тұйық, үрейшіл, тіпті болашағына сенбейтін адам болып өсуіне ықпал етеді. Көп жағдайда балалар өзіне жасалған буллингті жасырады, ата-ана мен мұғалім де мән бере бермейді. Ал уақытында алдын алмаған буллинг, өкінішке қарай, адам өмірімен бағалануы да мүмкін.
Буллингпен күресу үшін баламен ашық диалог орнату маңызды. Ата-ана, мұғалім және психолог үштағаны мықты болса, бала өзін жалғыз сезінбейді. «Бала тәрбиесі – бір күндік емес, бір ғұмырлық еңбек» десек, бұл еңбекке тек білім мен тәрбие емес, түсінік пен төзім де кіреді. Әр баланың орны – өз алдына бір әлем. Сол әлемге құрметпен қарау – балалықты құрметтеу.
Балалардың өзара қарым-қатынасында тағы бір алаңдатарлық жайт – былапыт сөйлеу мен бейәдеп сөздердің жиі қолданылуы. Бұрын үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, екі ауыз сөзін «тәубе» мен «біссімілладан» бастайтын қазақ баласы бүгінде «тренд» деген желеумен тілін улап, сөз қадірі қағажу қалып барады. Бұл – жай ғана жаман әдетемес, тұтас мәдениет пен тәлім-тәрбиенің құлдырауы.
Қазір бала былапыт сөзді ойын кезінде, әзіл ретінде немесе ютубтағы блогерлерден көріп айтып жүр. Бұл – ішкі мәдениетсіздіктің қалыптасуына, ашуын сөзбен басуға бейімделген дөрекі мінездің өршуіне апаратын жол. «Бала құлақтан емес, көзден емес, естіген сөзден тәрбие алады» десек, отбасындағы әрбір ересек, әрбір ұстаз, әрбір аға-әпке – тіл ұстазы.
Бүгінде былапыт сөз айту қалыпты дүние секілді көрініп кеткелі қашан?! Тіпті кейбір ата-ана«өзіміз де бала кезде сөйледік қой» деп жылы жауып, не болмаса әлі тілі шықпаған балаға «тез сөйлеп кетеді» деп жаман сөз үйретіп, немқұрайлылық танытады. Ғайбат сөзді естісе де, міз бақпайтындарды да кезіктіргенбіз. Бірақ қазіргі ақпараттық дәуір мен бұрынғы кезеңді салыстыруға келмейді. Қазір әр сөз миллиондаған адамға тарайды, әр жаман сөз нормаланса, ол ертең қоғамның моральдық іргетасын сөгеді. Сондықтан баланың аузына абай болуымыз керек, баланың жанын лас сөзбен емес, мейірімді, мәні бар сөзбен байытуға тиіспіз.
Қорыта келе айтарымыз, балалардың бақыты тек бір күнмен шектелмеуі тиіс. Олар – өмірдің мәні, болашақтың бастауы ғана емес, бүгінгі күннің де баға жетпес байлығы. Баланы тек 1 маусымда ғана ескеріп, қалған күндері ұмыт қалдыруға болмайды. Себебі сәби тек бір сәттік мерекеге ғана емес, мәңгілік махаббатқа лайық. Әрбір таң баланың күлкісімен басталып, әрбір шешім – олардың мүддесін ескере отырып қабылдануы тиіс. Өйткені бала тек елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі тіршіліктің тірегі.
Бала – ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның аманаты. Мектеп пен медицина, заң мен әлеумет, БАҚ пен өнер – барлығы да бала үшін жұмыс істеуі керек. Оларды тек мейрамда емес, әр сәтте қадірлеу – біздің адамдық парызымыз. 365 күннің жүгін артқан тәтті мейраммен барша бүлдіршіндерді құттықтаймыз!
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!