Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына өзінің жолдауын жеткізді. Жолдау аясында біршама мәселе көтерілді, оның ішінде суды үнемдеу керектігі судыңда сұрауы бар екенін басты назарда ұстауды тапсырды. Осы саланы жүйеге келтіру мақсатында сушарушылығы министрлігі құрылатынын атап өтті. АЭС салу туралы референдум өткізіп халықпен бірге шешім қабылдайтынын жеткізді.

Бұған қоса білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыру керек деген ой айтты.

«Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезіледі. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан, осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек. Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады.

«Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан, бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады», – деді Президент.

Бұл бастамалардың барлығы жоспарлы жүзеге асады деген ойдамын.

Нұржан АМАНДЫҚ,

Жалағаш аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!