Балалар бірінші сыныпқа баруы үшін қай дәрігердің тексерісінен өтіп, қандай анализдер тапсыруы керек? Бұл туралы Алматы қалалық №11 емхананың оқушылардың денсаулығын қорғау орталығының меңгерушісі Әлия Сәукімбекова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің сөзінше, балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін екі медициналық құжат керек.

Олар: баланың денсаулық паспорты (026/у-3 нысаны) және екпе паспорты (065/у нысаны).

«Мектеп алдындағы жоспарлы медициналық тексеру балалардың тұрғылықты жері бойынша емханада жүргізіледі. Біріншіден, ата-ана баласымен бірге учаскелік педиатрға баруы керек. Ол қажетті сынақтарға жолдама беріп, келесі мамандар: офтальмолог, стоматолог, отоларинголог, невропатолог, ортопед-хирург, логопед, кардиологқа көрсеткіштер бойынша, егер балада созылмалы аурулар болса, тар профильді мамандарға консультацияға жібереді. Жалпы қан, зәр анализі, нәжісті талдау, гельминттердің болуын анықтайтын энтеробиоз, электрокардиограмманы (ЭКГ) тапсыру қажет», – деді Әлия Сәукімбаева.

Педиатр қосымша қалқанша безінің ультрадыбыстық және жүректің ультрадыбыстық тексерісіне жіберуі мүмкін.

«Бала барлық маманнан өтіп, анализдерін тапсырған соң, учаскелік педиатрға тағы да баруы қажет. Ол физикалық көрсеткіштерді бағалайды, бірінші сынып оқушысының бойын, салмағын, қан қысымын өлшейді, содан кейін бір жыл бойы жарамды дене шынықтыру сабағына медициналық топ туралы анықтама береді. Тіркелген жері бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама – тегін және жыл бойы жарамды болады», – деді спикер.

Егер ата-ана баланы тексеруден өздері өткізсе, ол қызметтер ақылы болады. Әр маманның қабылдауы және әр талдау біраз сомаға шығады.

Ақылы тексеруден өтсе де, маман ата-анаға вакцинация картасын өзімен бірге алып келу керек екенін айтады.

Егер балада созылмалы ауру болса немесе ол тар профильді маманда есепте тұрса, оның қолында бейінді дәрігердің қорытындысы болуы керек.

«Мектепке дейінгі медициналық тексеру бос сөз емес. Оның нәтижесі мұғалімге әр баланың бойына, көру қабілетіне және есту қабілетіне сәйкес сыныптағы жұмыс орнын дұрыс таңдау үшін қажет. Сондай-ақ, дене шынықтыру мұғаліміне жүктемені дұрыс бөлу және баланың денсаулығына зиян келтірмеу үшін аталған деректер қажет», – деді дәрігер.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!