Абай облысында болған алапат орман өртінен 14 адам қаза тапқан еді. Stan.kz тілшісі көз жұмған орманшы Серікжан Тоқтасынның әкесі сұхбат алып, болған жағдай туралы біліп көрді.
Серікжан Тоқтасынның әкесі Бақытжан Жұмаділовтің айтуынша, “Новошульба” орман шаруашылығының басшылары ұлын ешбір қорғаныш киімінсіз өрт болған аумаққа жібере салған.
“Кешкі сағат 7-де қызметкерлердің бәрін жинап, 45 километр жерге өрт болып жатқан жерге жібереді. Түн батқанда, сағат 9-да қалың өрттің ортасына қолдарына күрек беріп, кіргізіп жіберген. Күндіз басталған өртті басшылық бақыламаған. Әбден ушыққаннан кейін ауыл-аймаққа кіріп кетеді деп қорқып, “Новошульба” орман шаруашылығы қорғау керек деп асығыс-үсігіс аттандырып жіберген. Менің балам ескі “Нивамен”, басқалары біреудің жекеменшік “УАЗ”-ымен барған”, – дейді ол.
Марқұмның әкесі баласының үстінде қорғаныш киімі де болмағанын айтты.
“Қорғаныш киімдері газдан қорғайтын құрылғыларымен бірге орман шаруашылығының қоймаларында жатады. Тек бір ғана өрт сөндіру көлігі барған. Ол орман қорғау жөніндегі инженер болып істейтін. Орталық офисте отырып, кімнің қайда баруын рациямен айтып, басқаруы керек еді. Ал бұл баланы директор мен оның орынбасары “сен сол жерге баруың керек” деп жібере салған. Ал өздері “ біздің денсаулығымыз жоқ, орманның ішінде жүре алмаймыз” деп айтқан”, – дейді Бақытжан Жұмаділов.
Сөзінше, ол баласының мүрдесін екі күннен бері сараптамадан ала алмай жүр.
“Олардың айтуынша, балам ең бірінші уланған. Содан кейін денесін өрт шарпыған. Денесін тану мүмкін емес. Жерлей алмай отырмыз. Енді ДНҚ нәтижесіне байланысты белгілі болады деп отыр. Оның қашан шығатыны тағы белгісіз”, – дейді ол.
Сонымен қатар Бақытжан Жұмаділов баласының жалақысы небәрі 80-100 мың теңге ғана болғанын айтты.
“Жалақысы алғашында 80 мың теңге болған. Қазір 100 мыңға жуық алатын. Оқуын бітіріп келгеннен кейін осы жерде бес жыл инженер болып жұмыс істеген. Содан кейін жалақым аз деп Павлодарға жұмыс істеуге кетіп қалған. Ол жерде зауытта жұмыс істеп, жап-жақсы 200 мың теңге жалақы алып жүрген. Біз – зейнеттегі адамдармыз. Шешесінің жүрек ауруы бар еді. Арасында қысылып, демала алмай қалатын. Ұлымнан басқа үш қызым тұрмыста. Өз отбасыларымен басқа жақта тұрады. Сол себепті үйде бір-бірімізге көмектесіп әзер жүргеннен кейін баламды бір жарым ай бұрын елге шақырып алғанмын”, – дейді марқұмның әкесі.
Бақытжан Жұмаділов баласының өз жұмысын жақсы білетін, таптырмас маман екенін тілге тиек етті.
“Орыс тілін жақсы білгендіктен, бухгалтерлік есеп-қисап жұмыстарын атқаратын. Семейдегі басқармаға сынақ тапсырғанда ешқандай қатесіз тапсырған. Сөйтіп жұмысқа бірден қабылдады. Өзі күзде немесе қысқа таман үйленемін деп жоспарлап жүрген. Мойнында миллион несиесі де бар. Соны жауып, ақша жинап, отбасын құрғысы келген еді”, – дейді Бақытжан Жұмаділов.
Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
9 маусымда түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшатынын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігі 10 маусымға қараған түні Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін мәлімдеді.
«Семей орманы» табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.
Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Айта кетсек, бұған дейін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден төленетіні туралы хабарлаған болатынбыз. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды. Одан бөлек, қаза тапқандардың отбасына қажетті жиһаз бен тұрғын үй берілетіні айтылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!