Үштілділік- дамуға бастар жол ма, әлде халқымызды төл тілі мен төл руханиятынан  айыратын сор ма?! Бұл мәселе тұрғысында қоғам екі түрлі пікірді ұстанады, біреулер үштілділік- еліміздің дамуына әсер етуші бірден-бір фактор деп шырылдаса, енді біреулер бұл ұстаным ұлттық тіліміздің құрдымға кетуіне апарады деп күйінеді. Үш тілді қатар меңгеру әрбір ел азаматы үшін маңызды деп тапқандықтан, басшылық тарап тілдерді  меңгеруді мектеп жасынан бастауды жөн көрді. Мектепте жоғары сыныптарда орыс тілі мен ағылшын тілі оқытылатыны білім жүйесіне бұрыннан-ақ енгізілген. Дегенмен, соңғы жылдары бастауыш сыныпқа, оның ішінде 1 сыныптарға үш тілді қатар үйрету үрдісі жолға қойылды.

   Мәселе осы шешімнен соң-ақ шиеленісе түсті. Мектеп табалдырығын жаңадан аттап, әріп атаулымен жаңа танысқан балақайдың үш тіл әліпбиін қатар меңгеруі қаншалықты кепілді? Миы сергек, ойы ұшқыр балалар әліпбиді тез жаттап, үш тілдің әріптерін зырылдата айтып шығуы әбден мүмкін. Дегенмен, әр тілдің өзіндік мәнін ұғынып, сөздік қорының қойнауына сүңги ала ма, деген сауал ойды шырмайды. Мұнда ескеретін тағы бір жайт, балалардың қабілетінің дәреже алуандығы. Барша қазақстандық оқушылар данышпандық қасиетке ие емес, үлгерімі орташа және тіпті төмен оқушылардың да бар екені ақиқат. Олар үшін қазақ тілінің сан түрлі ережелері мен заңдылықтарын меңгеру қиындық туғызғанда, өзге екі тілдің мәселесі тіптен күрделі. Түрлі қарсылықтар орын алып, бұл бұрыс шешім делінгенімен, өзіндік дәлелдемелері арқылы үш тілді қатар оқыту  білім жүйесіне енгізілді.Мектептерде тәжірибеден өтті. Міндет- белгіленген оқу жүйесі бойынша оқыту болғандықтан, орындамасқа шара жоқ.

    Үш тілдің ортасында басы қатып, ойлары  шатасып жүрген 1 сынып оқушыларын  кенеттен жақсы жаңалық қуантты. Еліміздің білім саласы бойынша нақты шешімдер қабылдайтын басшылардың шешімі- 1 сыныптың оқу бағдарламасынан  орыс тілін алып тастау. Білім министрі А.Аймағамбетов алдағы уақытта орыс тілі 2-сыныптан, ал ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылатынын айтты.

Демек, 1 сынып оқушылары ендігі уақытта алдымен мемлекеттік тілімізді меңгеретін болады. Бұл шешімді қабылдау барысында біршама зерттеу жұмыстары жүргізіліп,  балалардың жас ерекшеліктері ескерілсе керек. Алдымен ана тілін ұғынған бала өз тілінің мәртебесі мен маңызын әрдайым есте ұстайтыны анық. Ана тіліміз- қазақ тіліне деген құрметтің кішкентай көрінісі осыдан басталады емес пе?!

“Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” демекші, заман талабына орай, орыс тілі мен ағылшын тілін жетік білу үлкен қажеттілік. Десе де, адам баласы аталған екі тілді мектеп қабырғасындағы 2-3 жылынан меңгерсе нәтиженің болары кепілді. Ғалымдардың зерттеуінше, адам баласы өз ана тілін үйренуге қабілетті болса, өзге тілде де еркін қарым-қатынас жасауға бейім. Сол себептен, мектеп бағдарламасындағы оқыту жүйесінің сапасына қарай қарастырсақ, ана тілімізден өзге екі тілді меңгеруді 1 сыныптан төндірмей, өз уақытында қарастырғанымыз абзал.

Сағыныш ӘЛАЙДАРОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!