Айбынды Ақмешіт жаңа күйге бөленуде. Күн санап көркейіп, жыл санап жаңарған Қызылорданың кіреберіс бөліктері адам танымастай өзгермек. Бүгінде Бейбарыс сұлтан көшесін кеңейту жұмыстары қарқын алған. Қала орталығындағы бұл көшенің жалпы ұзындығы – 4,2 шақырым. Ақпан айында басталған жолдың құрылысы он екі айда аяқталады деп жоспарлануда.
Бүгінде қала халқының назарын аударған құрылыс қарқынды. «Халыққа жақын әрі арада кедергі болмауы керек» деген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен облыс әкімдігінің сыртқы қоршауы да алына бастады. Айта кетейік, бұл бастаманы еліміз бойынша Сыр өңірі алғаш бастап отыр. Ал жолға келсек, қазіргі таңда Назарбаев даңғылынан бастап Құмкөл трассасына дейін жол жабылып, жөндеу жұмыстары қарқын алған. Жобаның құны – 2 млрд 349 млн теңге. Мердігер мекеме – «УАД» ЖШС болса, техникалық қадағалаушы – «Алатау сапа құрылыс» ЖШС, авторлық қадағалаушы – КБ «МұнайГаз Инжиниринг» ЖШС.
Сұлтан Бейбарыс көшесінде реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы осы жолды кеңейту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылған болатын. Осының нәтижесінде бюджеттен тиісті қаражаттар бөлінуде. Мердігер – «УАД» ЖШС мекемесі. Бейбарыс сұлтан көшесінің құрылысы 12 ай деп белгіленген болатын. Дегенмен, мердігер мекемелермен бірлесіп, осы жылдың қыркүйек айына дейін заманауи жолды ел игілігіне табыстаймыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Пақуатдин Шамұратов.
Бұл көшенің бойында заманауи жарық шамдар мен аялдамалар және жаяу жүргінші жолдары салынып, 4 жолақты болып кеңейтіледі. Осының нәтижесінде қала орталығында кептіліс азайып, жол кеңеймек.
– Сапалы болу үшін тиісті мекемелермен күнделікті қадағалау жүргізілуде. Күз мезгіліне дейін халық игілігіне табысталатын болады, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының орынбасары Дархан Бақтияров.
Қала аумағындағы көлік қозғалысы толастамайтын маңызды көшелердің бірі болғандықтан, көпшілік көз алмай, тамашалап отыр. Облыс орталығындағы күретамыр деп те атауға болады. Ал оның төрт жолақты болып, кеңейтілуі – жол қозғалысын ұйымдастырудағы тиімді тетік екені даусыз.
Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген
Нұрболат
НҰРЖАУБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!