ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев 9, 11 сынып оқушылары қай күндері емтихан тапсыратындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«9 сынып оқушыларына емтихан 28 мамыр мен 6 маусым аралығында өтеді. Сондықтан олар 6 маусымда емтихандарын тапсырып бітуі тиіс. Енді нақты пәндерге тоқталсам, 9 сыныптар оқыту тілі, яғни қазақ және орыс тілдерінен емтихан тапсырады. Онда эссе жазады. Ол 28 мамыр күні болады. 31 мамыр күні алгебрадан жазбаша емтихан тапсырады. Ал 3 маусым күні орыс тілі қазақ мектебінде, қазақ тілі орыс мектебінде жазбаша өтеді. 6 маусым күнгі соңғы емтихан таңдаған пәні бойынша ұйымдастырылады. Онда оқушы қай пәнді таңдаса сол пәннен жазбаша емтихан тапсырады», – деді ол министрліктің Instagram парақшасында өткен онлайн брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, 11 сынып оқушылары, яғни мектеп түлектері 27 мамыр мен 10 маусым аралығында емтихан тапсырады.
«Оларда бірінші емтихан 27 мамырда алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша, екінші емтихан 30 мамырда оқыту тілінде жазбаша өтеді. 2 маусым күні Қазақстан тарихынан ауызша емтихан тапсырады. 7 маусымда орыс тілі қазақ мектебінде, қазақ тілі орыс мектебінде жазбаша болады. Соңғы емтихан 10 маусым күні таңдаған пәнінен тапсырады», – деді Жомарт Қарамбаев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!