Күнтізбеде қызылмен боялған әр күннің өз айтары бар. Бірі тәуелсіздіктің ақ таңы туралы болса, енді бірі еңбек пен ерлік жайын еске салады. Сол секілді 1 мамыр да Қазақстан үшін өзгеше. Бұл – елдегі жүзден астам ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында тату тіршілік кешіп жатқанын, бір-біріне құрметпен қарап, ортақ мүдде жолында бірлесе еңбек ететінін дәлелдейтін күн. Яғни, ел болмысының айнасы.
Қазақстан – кең байтақ жері бар, өткені мен бүгіні өрілген, көп ұлтты мемлекет. «Көп түкірсе – көл» демекші, біз үшін көптігіміз күш емес, бірлігіміз – күш. Бірігіп тірлік еткен ел ғана ұтады.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні 1995 жылдың 18 қазанында белгіленіп, мейрам 1996 жылдан бастап тойланып келеді. Жыл сайын мәні мен мағынасы тереңдеп, жаңа мазмұнмен толыққанын байқаймыз. Бұрын мерекелік концерт пен ұлттық дәмдер әзірлеумен шектелсе, бүгінде этномәдени саналуандықты, бейбіт күннің қадірін, көршімен тату болудың маңызын ұғындыратын үлкен платформаға айналды. Әсіресе, жастар үшін өзгеге құрметпен қарап, өзінің де тамырын танып, ұлттық болмысына бойлайтын мүмкіндік. Ал әртүрлі ұлттың әні, биі, тағамы бір арнада тоғысып, «Біз – бір елміз» деген ұғымды тереңдете түседі.
Көп этносты ел болу – кездейсоқ тағдыр емес. Алмағайып заманда шартараптан бас сауғалап, тағдыр тәлкегіне түскен өзге ұлт өкілдері қазақ жеріне қоныс аударды. Оларға жер де, пана да берген қазақ халқы еді. Осылайша халқымыздың даналығы, кеңпейілдігі тарихта қалып, әлемге үлгі болды.
Мерекемен бірге сонау 1995 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясы да құрылды. Биыл ҚХА-ға 30 жыл толды. Былтыр ассамблея республика бойынша 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Осы жылы да жаңа бастамалар көп.
Алдағы уақытта 2026-2030 жыл дарға арналған дамыту тұжы-рымдамасы әзірленбек. Сәуірде өткен ассамб леяның XXХІV сессиясында Мемлекет басшысы осындай тапсырма берді.
– Мен 2022 жылы Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Оның мерзімі де аяқталып келеді. Сондықтан жаңа құжатты дайындау жұмысына қазірден бастап кірісу керек, яғни, 2026-2030 жылдарға арналған басымдықтарды айқындау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент өз сөзінде Ассамблея бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналғанын айтты.
– Әр жылдары елімізде түрлі диалог алаңдары мен қоғамдық органдар құрылды. Алайда бүгінгі мерейтойлық жиында Ассамблеяның қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру мен ұлттық бірегейлікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналғанын және алдағы уақытта да солай болып қала беретінін атап өткім келеді. Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым. Бұл – Ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес деген сөз. Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз. Мұны Ассамблея мүшелері терең сезінеді деп ойлаймын.
Басты міндет – Қазақстан хал-қының татулығы мен ауыз біршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Біз болашақта да осы бағытта нақты шаралар қабылдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстанда жүз ұлт болса да, жүрек бір, тілек бір. Мәселен, Астана қаласында тұратын Түркия азаматы Айше Демир «Бірлік бар жерде береке бар» деген ұстанымды ұстанады.
– Қазақстанда тұрып жатқаныма бес жылдан асты. Осы елдің мейірімді халқы мен мәдениетіне етене сіңісіп кеттім. 1 мамыр мерекесін де ерекше тойлайды. Бұл күннің мәні мен мағынасы жүрегіме жақын. Түрлі ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын көрсететін ерекше мейрам. Біз үшін қазақ халқының бір-біріне деген құрметі мен сыйластығы үлгі боларлық құндылық. Сондықтан 1 мамырды тек мейрам емес, жүректерді жақындастыратын ортақ құндылық деп білемін, – деп пікір білдірді ол.
Бұл жылылық пен бірлікке толы мерекені көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан да атап өтеді. Алайда аталған елдерде 1 мамыр тек «Еңбек күні» ретінде сақталған және оны тойлау ауқымы да анағұрлым кіші. Ресейде «Көктем және еңбек күні» деп аталады. Халық мерекені демалып, табиғат аясында серуендеп, түрлі шерулерге қатысу арқылы қарсы алады. Беларусьте де бұл күн өзінің еңбекке қатысты мазмұнын ғана сақтап қалған.
Достық үйі – әр елдің мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртып, елдегі саяси өмірге араласуға белсене жұмыс істейді. Ал мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру үшін Достық үйінің алар орны ерекше. Мұндай жұмысты аймақтағы Достық үйі де үйлестіріп отыр. Қазір облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында 11 этномәдени бірлестік пен 9 қоғамдық құрылым жұмыс жүргізеді.
Бірліктің, татулықтың ордасына айналған ғимараттың жұмысы бұдан әрі де жандана түседі. Өйткені өңірде жаңа Достық үйінің іргетасы қаланды. Бұл биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына тамаша тарту болмақ.
Заманауи талаптарға сай, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін нысанға «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы демеушілік етіп отыр. Жаңа ғимарат татулық пен бірлікті одан әрі нығайта түсетін орталыққа айналары сөзсіз.
Ашық аспан. Алаңда сан түрлі ұлт. Қазақтың домбырасымен қатар өзбектің сурнайы, кәрістің чангуы. Түрлі тіл, түрлі киім. Ал олардың барлығын біріктіретін «Бейбіт өмірге алғыс» деген бір ғана ортақ үн бар.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!