Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында елдегі 226 көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Еркебұлан Дауылбаев Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтты. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы (Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы) іске асырылған 2011-2015 жылдары кезеңінде көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 33,6 млрд теңге бөлініп, 2 338 үй жөнделді. Бағдарламада көзделген қаржыландыру тетігіне сәйкес жөндеу жұмыстары бұрын жөнделген тұрғын үйлердің меншік иелерінің қайтарымды қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 2012-2019 жылдары қайтарымды қаражат есебінен 10,3 млрд теңге сомасына 501 үй жөнделді. Осылайша, кредит берудің револьверлік тетігі жұмыс істейді», – деп жазды ведомство басшысы. Сондай-ақ, ол жергілікті атқарушы органдарға бюджеттік кредиттеу тетігі бойынша Тұрғын үйкоммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге екі жыл ішінде 30 млрд теңге бөлу көзделгенін атап өтті. «2020-2021 жылдары 520 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуге 18,6 млрд теңге бөлінді. Биыл 226 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуге 11,2 млрд теңге бөлу жоспарланған», -делінген Еркебұлан Дауылбаевтың жауабында. Айта кету керек, Индустрия инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдолдың мәліметі бойынша, елдегі көппәтерлі үйлердің 90 пайыздан астамы басқарудың жаңа формасына көшіп үлгерген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!