Фото: Су шаруашылығы министрлігі
Ислам даму банкі еліміздің су шаруашылығы саласына инвестиция құймақ, деп хабарлайды KAZINFORM.
ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтуынша, аталған қаржыландыру тиімді әрі ұзақмерзімді (кем дегенде 20 жыл).
«Биыл қазан айының басында тиісті несиелік жобаға қол қоямыз. Бірінші траншты қараша айының соңына дейін игеруді жоспарлап отырмыз. Су ресурстары және ирригация министрлігінің нақты жоспары бар, еліміздің 9-дан астам өңірінде су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары басталады», – деді Нұрлан Байбазаров елордада өткен араб үйлестіру тобының отырысы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Министрдің айтуынша, Ислам Даму Банкі бөлетін қаржы тасқын су басқан және су тапшы өңірлердің су жүйелерін ілгерілетуге жұмсалады.
«Су инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмысы ауқымды, сондықтан екі кезеңге бөліп отырмыз. Бірінші кезең 3 жылдың ішінде аяқталуы керек», – дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанада араб үйлестіру тобының отырысы өтті. Оған Ислам даму банкінің, ОПЕК халықаралық даму қорының, Кувейт араб экономикалық даму қорының, Сауд Арабиясы даму қорының, Абу-Даби даму қорының және Қатар даму қорының басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!