Кезекті бір семинардан кейін бір ауыл мұғалімімен шәй үстінде әңгімелесіп, ішіндегі аласапыран, жанайқайын естіп денем түршігіп кетті.
Әй, бұл шындық көбімізге ұнай қоймас-ау, дегенмен, шындыққа тіке қарайтындар қоғамда көбейіп келе жатыр ғой деп Абай атамыздың:
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра ала алмас, — деген сыр сөзін арқау етіп жазуға шештім.
Әрине әңгіме мектеп жайлы.
— Менің түсінбейтінім деп бастады өз сөзін. ҰБТ дан жинаған бал, ол білімділік емес, онымен өлшеуге болмайды. Қазіргі ҰБТ- дағы жоғары нәтиже ол ХХ ғасырдағы білімділіктің көрсеткіші болса болған шығар, бірақ ХХІ ғасырдың емес. НЕГЕ дейсің ғой деп көзіме тік қарағанда, Ұлт ұстаздарының өткір көзқарастары елестеп кетті.
Бүгінгі күннің талабы үздік көрсеткіш пен нәтиже емес, үздіксіз ізденісте. Бұл ұғым еліміздің білім беру жүйесіне қарағанда, мектептегі, пәннің әрбір сабағына енгізілуі, жүргізілуі, кіріктірілуі қажет дүние. Жаңа бағдарламаның өзін ескі көзқараспен өтіп жатқанымыз менің мазамды алады.
Біз тек нәтижені ойлап процестерді басқара алмай жатқандаймыз. Нәтиже ол сіздің тапсырмаңызды орындап, жаттап, шығарып, айтып берсе болды. Содан алынған баға. Мұнымен балада қандай дағды қалыптаспақ? ХХІ ғасырда бізге білімнен қарағанда дағды жетіспей жатқан жоқ па? Процестерді басқара алмай жатырмыз дегенім біздің тапсырмаларымыз ойлау мен ойластыруға, құрастыруға, құрылымдауға, өзгертуге, дамытуға негізделген ба? Жоқ дайын ақпаратты айтып, тауып беруге ма? Қаншама ашық сабақтарды көрдім, ютубтан республикалық байқаларда орын алған үздік сабақтарды қарадым, аудандық, облыстық семинарларға бардым. Сабақтары өте қызық,ъ керемет жаңа әдістер, оқушылар таласа жауап беріп жатыр, цифрлық әдістер мен платформаларда жұмыс жасауда. Сабақтарына сөзім жоқ. Бір ішім күйетіні ол жерде оқушылардан тек ақпараттар сұрап, дайын жауабы бар сұрақтар қойылып жауабы алынып жатқандығында. Бұл жүріспен фунционалды сауаттылықты қалыптастырамыз деудің өзі артық. Менің жоғарыда айтқан жаңа бағдарламаны ескі көзқараспен өтіп жатырмыз дегенім осы.
Мәселен, біздің процесті ойламай нәтижені ойлайтындығымызды 10-сыныпқа келіп ойлана бастап, 11 сыныпқа келгенде бар күшін, қайратын, қуатын салып ҰБТ-ға дайындалған оқушымен-ақ түсіндіруге болады. Өзің ойлашы, 1 жыл немесе 3-4 ай қалғанда адам тек жаттайды, оқиды, зорығады, ол адам баласын тұтас тұлға, адам ретінде өмірге дайындап қалыптастырмайды. Бұл жерде процес емес нәтижеге бағытталған іс-әрекеттер ғана жүреді.
Оқушыларды қойшы өзіміз де нәтижеге кетіп қалдық қой. Несін жасырамыз? Ауыруын жасырған өлім әшкере қылады» демей ме атам қазақ.
Мәселен, нәтиже ол атестациядан өтіп, санатты алу, жалақыға үстеме қосу. Шынайы баға берсек, процестер қалай жүзеге асып жатыр? Әрине, Пареттоның 80/20 заңы негізінде. Демек 20% адам процестерді дұрыс басқара алуының арқасында нәтижеге қол жеткізеді. Ал 80% адам прцестерді ұмытып нәтижелерді ойлайды. Ол деген тесттен тек жаттайды, алғыс хат, сертификат, жүлделі диплом, авторлық бағдарлама, т.б. дайын алу, жасатып алу, жаздыртып алу. Өткенде бір әріптесім журналға шығыпты, ашып қарасам, журналдың іші бастан аяқ ҚМЖ. Біздің зерттеу мақаламыздың сиқы осындай болып тұр. Процесі жоқ, бірақ нәтиже тұр. Тек нәтиже бізді құрдымға алып барады. Қандай да бір байқау, жарыс, семинар, курс болатын болса бірінші сұрақ атестацияға жарай ма деген сұрақ. Мына сұрақты естімедім: бұл менің кәсіби дамуыма ықпал жасай ма, оқушыларды дамытуыма қандай көмегі тиеді, білім сапасын арттыруға қандай әсері болады деген сұрақты көзім шалмады. Біз бар көрсеткішімізді аттестацияға байлап қойдық, — деп сойып салды ауыл мұғалімі.
Расы керек, кірпік қақпай тыңдадым. Біздің елде қаншама мықты мұғалімдер бар деп іштей сүйсініп отырдым.
Әңгіме біразға созылды, мені бір таң қалдырғаны әңгімесінде бірде бір билікті кіналаған жоқ, әлеуметтік жағдайына, құқықтарының бұзылғандығына шағымданбады. Соған қарағанда:
Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды деулерді.
Шығарамын сөзімнен, — деген С.Торайғыровтардың ұстанымын мықтап ұстанып алған-у дерсің.
Айтар ой көпке созылды…
Нұржан Сапарханұлының Facebook парақшасынан
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!