ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қанттың қымбаттауына тосқауыл жоқ екенін мойындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысынан кейін журналистердің сауалына жауап берген министр Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы 6 тауар бойынша импортқа тәуелділік бар екенін еске салды.

«Бізде тауардың алты түрі бойынша импортқа тәуелділік бар. Негізгі тауарлар жетпей қалмайды. Импортқа тәуелділікті шектеуге арналған арнайы бағдарламамыз бар. Бізде экспортқа тәуелді тауарлар да бар. Мысалы бидай біз үшін сондай тауар. Сыртқы нарықта баға қымбаттса, өз ішімізде де қымбаттайды», – деді ведомсвто басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, қант сияқты әлеум е ттік маңызы бар тауарлардың бағасын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы тұрақтандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал кейбір тауарлардың бағасы «Қаржы айналымы» тетігі арқылы бойынша тұрақтандырылған.

«Дегенмен азық-түліктің кей түрі, мысалы, қант бойынша айтсақ, біз қаласақ та, қаламасақ та баға өседі. Өйткені бүкіл әлем бойынша биржадағы баға көтеріліп барады. Бізге негізгі қант жеткізуші Ресейдің өзі тасымалды тоқтатқандықтан, бұл ахуал бізге әсер етуде. Логистика шығындары бүкіл әлемде өсті»,- деді Бақыт Сұлтанов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!