Ертеде бір азамат атақ­ты ойшылға барып, «Ба­лам өмірге келді, бес жасты толтырдық. Енді тәрбиесін ертеден қолға алмақшымын. Айтыңыз­шы, балаға қай жасынан бастап тәрбие берген жөн?» деген сауал қойған екен. Әлгі ойшыл көп ойланбастан: «Біраз ке­шіккен екенсің, тым кеш деуге де болады. Бала тәрбиесін оның ана­сын, болашақ жарың­ды таңдағаннан бастаған аб­зал» деп жауап қатқан екен. Ақиқатында ата-ананың болмысы, мі­не­зі, әдеттері, жалпы пси­хо­логиясы дәлме-дәл ба­­­лаға берілмесе де, кей эле­менттері ген арқылы өтеді. Мұндайда қазақ халқы «Алма ағашынан алыс­қа түспейді» деп жатады. Осы секілді бала пси­­хологиясындағы қа­те­­ліктер жетерлік.

«Пәленше, келе ғой, кәмпит беремін» немесе «Пәленше, мынаны істесең тәтті беремін, тақпақ айтсаң кәмпит беремін» деген секілді келісімдерді ата-ана мен бала арасындағы байланыстардан көп байқаймыз. Маман ретінде бала психологиясындағы осы амалға деген түсінікті екі жағдайда тарқатып берейін. Біріншісінде сіз айтқан сөзіңізде тұрып, балаға сыйлығыңызды бердіңіз делік. Бала сізді тыңдады, тіліңізді алды, марапатқа ие болды. Барлығы жақсы секілді, алайда біз байқамаған бір қиындық бар. Бала психологиясында «Істеген ісім үшін олар маған бірдеңе беру керек» деген қисынсыз түсінік пайда болды. Сіз балаға екінші мәрте дегеніңізді орындату үшін бір дүние беруге тиіссіз. Сәйкесінше сіз марапаттауды доғарған уақытта ол сізді тыңдауды қояды. Яғни, бермесеңіз, тіл алудан бас тартады. Қазіргі ата-аналардың «Балам айтқанымды істемейді», «Балам қыңыр» деуі осы қателіктен болса керек. Танымал әзілкештің «Біз балаларды коррупционер етіп тәрбиелеп жатырмыз. «Мынаны істе, кәмпит аласың, ананы істе, тағы бірдеңе аласың» деп тәрбиелейміз. Ертең ол  маман болып, жұмысқа тұрғанда істеген ісіне бірдене дәметіп тұрады. Себебі біз кішкентайынан оны соған ауыздықтандырғанбыз» деген әзілінің астарында зіл, мағынасында шындық бар. Әзіл ақиқатқа айналып, кішкене кезінде көрсеткен амалыңыз үлкейгенде сүйегіне сіңіп, өзіне зиян болып жүрмегей… Қазақтың тағы бір сөзін әңгімемізге арқау етейік. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дейді халқымыз.

Екінші жағдайды қарастырайық. Баланы шақырдыңыз, «Кәмпит беремін» дедіңіз. Алайда бала сізге тұра жүгіріп келгенімен, айтқан уәдеңізде тұрмай, тиесілі кәмпитін бермедіңіз. Бала сәл ренжіп, ойынына қайта кірісті. Кішкене уақыттан кейін барлығы ұмыт болды дегеніңізбен, бала психологиясында «Үлкендер өтірік айтады, оның еш зияны жоқ, менде үлкен болғанда осындай боламын» деген түсінік пайда болады. Ал енді қараңыз, балалар не себепті үлкендер­дің киімін киіп, өзін үлкен адамша ұстап, үлкендердің сөзін қайталап бағады? Себебі бала психологиясында үлкен болуға деген заңды, табиғи құмарлық бар. Нәтижесінде бала тезірек ержетіп, үлкен болғысы келеді және өзіңіз көрсеткендей өтірік айтуға  бейім болады. Көп жағдайда баланың өтірікке бейім болу, жауапкершіліктен бас тарту үшін өтірік айта салуды үлкендер өздері үйретеді..!

«Балаңды аясаң, аяма» деген тағы бір тәмсіл ойға оралады. Бұл тұста да бізден жіберетін қателік бар. Ұлт өткеніне үңіліп көрелік, біздің қазекең «Ер баланың басынан сипама, арқасынан қақ. Басынан сипаған бала жасық келеді, арқасынан қағып қолдау көрген бала өзіне сенімді болып ержетеді» дейтін. Алайда біздікілер өткеннен алыстап, ер балаға мейірімділікті күшейтіп кетті. Бала оқымаса мұғалім кінәлі, бір жағдайға ұшыраса, полиция кінәлі, тағысы тағы… Ешқашан баланың өзіне жауапкершілігін сезіндірмейміз. Маңызды шешімдерді санамағанда қарапайым күнделікті киім үлгісіне дейін өзіміз таңдап береміз. Бұлай тәрбие көріп ер жеткен бала ата-анасыз үлкен өмірге қадам басып, оларсыз тіршілік етуге бейімделе алмайды. Міне, осы себептерден «мамасының баласы» қалыптасып, психологиялық төзімсіз ұрпақ өсіп келе жатыр. Ер баланы еркекше тәрбиелеуге шақырамын.

«Қолыңнан келмейді» деп жатамыз… Бір дүниені дұрыс жасамаса, «Сен жамансың, сен ылғи құртасың» деген секілді сөздерді де айтатынымыз жасырын емес. Осы тұста бала психологиясында үлкен қателік жібергенімізді байқамай жатамыз. Жасөспірім бала үшін үлкендердің айтқаны айнымас заңдылықтай көрінеді. Әлгі сөздерден кейін «Менің қолымнан келмейді екен, мен жаман екенмін» деген түсінік қалыптасады. Бұл бала психологиясындағы сенімсіздікке, қорқақтыққа алып келеді. Мұндай жағдаятта үлкендер «Сен жақсысың, дегенмен бұл істі осылай жасағаның дұрыс» деп түсіндіргені ләзім. Бір оқпен екі қоян атасыз. Біріншіден, бала өзінің жақсы екеніне, қолынан келетініне сеніп, екінші ретте өз қателігін қалай дұрыс істеу керекгін үйренеді.

Жоғарыда сөз еткен дүниелердің барлығы дерлік біз бен сіз тұрмыстық өмірде қате жіберіп, алайда көп байқамайтын құндылықтар. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыздың түсінігінде бала тәрбиесінің рөлі ерекше. Баламды болашағым деп танитын жандар үшін айтқан сөзіміздің маңызы бар деп білеміз. Бір сыпырасын ғана жіпке тізіп айтқан болдық, қалған дүние, яки тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – өзіңізде. Бастысы, біз жіберетін қателіктерден бала психологиясы бұзылмасын.

Айдана АСЫЛБЕКОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда

педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!