Желтоқсан айында мұғалімдерді жұмысқа алудың орталықтандырылған платформасы іске қосылмақ. Бұл жайында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның аппарат жиналысында мәлімет берді.

«Бұл өте маңызды мәселе, педагогтер айқын, ашық, әділ жолмен жұмысқа қабылдануы керек. Сол үшін біз заңнаманы өзгертіп, жаңа жүйені енгіздік. «Ауруын жасырған өледі», — дегендей біз осындай жергілікті деңгейдегі болып жатқан мәселелерді жасырмаймыз, айқын көрсетуіміз керек. Әрі қарай да бақылап, тексеріп отырамыз. Қаласа да, қаламаса да, кімнің мүддесі болса да біз бұл мәселе бойынша нақты әділдікті орнатамыз. Мұғалімдер тек қана конкурспен, біліктілігін дәлелдеп, диплом бойынша жұмысқа алынуы керек», — деді министр.

Министрлік бұл проблеманы арнайы платформа арқылы шешуді жоспарлап отыр.

«Жоғарыда көрсетілген проблемаларды жүйелі шешу үшін енді орталықтандырылған арнайы цифрлық платформаны осы желтоқсан айында іске қосуға дайындық жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Яғни, енді бүкіл мектептер жұмысқа алу үшін осы платформа арқылы өздерінің вакансияларын көрсетіп, барлық мәселелерді айқын, ашық жүргізіп, нақты тиісті шешімді іске асыруға мүмкіндік алады. Өйткені біз көріп отырмыз. Хабарландыруды екі сағат іліп қояды да, екі сағаттан кейін алып тастап, «біз хабарландыруды ілдік» деген сияқты осындай сылтаулар бар», — деді Асхат Аймағамбетов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!