Фото: daily.hse.ru

Ғалам да, адам да бүгінде ақпаратқа аш қасқырдың жанарымен қарайды. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып бара жатқан дәуірде қазір бәрі қызық. Жердің асты, көктің үсті, теңіздің түбіне дейін не болып жатқанын біліп отырғысы келеді адамдар. Қоғам ішіндегі, ел өміріндегі, желден де жүйрік жүйіткитін жаңалықтар тез әрі жылдам жеткізілуімен құнды болып тұр. Ерте гүлдеп, жылдам солатын «тіске басар» жаңалықтар шаштың түгінен де көп.

Тіпті халық сондай шулы, даулы, «жаға ұстататын» мәліметтерді миына құйып жатыр. Самсаған сайттар, құмырсқадай қаптаған желі жазбалары жұрттың «өсек жеткізушісі» ғана болып қалғандай. Амангелді Сейтқановтың «Жиырма жыл бұрын жылағам. Журналистика жаны алқымда екенін сезіп… Он тоғыз жыл бұрын өзіме көңіл айттым. Қазір, тіпті іздемеймін де…» дегені көңіл терезесіне тас атқандай әсер қалдырады. Сөзі сүйектен өтетін, мағынасы мірдей, пайым мен парасаты бар, жанры жан-жақты басылымдар оқыла ма? Әлде «әлеуметтік желінің күні келді» деп, бөркін аспанға атып, дәстүрлі журналистиканың жаназасын шығаруға бейім пысықайлар көбейді ме?

Парақты ақтарып оқитын көзі қарақты оқырман мұны іштей біліп, түйсінеді. Сезеді. Дегенмен, заманның жалына жармасқан адамға журналист өз өнімін қалай ұсынған жөн. Жеңіл ақпараттың, зерттелмеген мәліметтің соңы көпшіліктің шатасуына алып келеді. Осындай қылыштың екі жүзіндей, екіұшты, екіұдай шақта тыңнан түрен салып, журналистикаға жан бітіретін қандай амал бар?

– Ең маңыздысы – шенеуніктердің қысымынан және әлеуметтік желінің шамадан тыс көбеюінен жапа шеккен дәстүрлі журналистиканың жай-күйіне назар аудару. Әлеуметтік желілер – ашығын айталық, биліктің өзі дәстүрлі медианы қыспаққа алып, есесіне, блогерлерді төрге шығарып, соның арқасында әр дағдарыс сайын әлеуметтік желінің ықпалы азайды. Сондықтан біздегі блогерлердің күшеюіне биліктің өздері де әсер етті. Олар дәстүрлі журналистикадан оқшауланып, ақпарат алмаспай, әр дағдарыс сайын Facebookстанның «халқын» он мыңдаған жаңа оқырманға көбейтті. Егер елде қалыпты медиа өріс пайда болса, бәсекелестік туындап, қалыпты журналистика қайта жанданады, – деген еді белгілі саясаттанушы Айдос Сарым.

Міне, осы пікір қылышынан қан ағып тұрған мәселенің өзегі іспетті. Негізінен, бұқаралық ақпарат құралдарының халық арасында «төртінші билік» деген ресми емес атауы бар. Бұлайша аталу себебі БАҚ өкілдерінің қоғамдық пікірді қалыптастырушы, халық пен биліктің арасындағы қарым-қатынасты реттеуші қызметін атқаратындығынан болар, сірә! Осыдан келіп, баспасөз өкілдерінің кәсіби қызметінің айналасында түрлі әңгімелердің туындайтыны рас. Қоғамдық пікірталасқа ұласқан мәселелердің БАҚ беттерінен көрініс табуының кей ретте қоғамдық дауға айналып кететін тұстары да кездесіп қалып жатады. Мұндай жайт көп жағдайда құқықтық мәселелерді қозғайтын журналистердің материалдарынан орын алады. Қарап тұрсаңыз, жегені жантақ, арқалағаны алтын тілшілердің тіршілігі, анау айтқандай, тым қарапайым емес. Әр сөзіне жауапты, әр ойы сауатты шығу үшін жанталасатын журналистердің орнын желідегі жеңіл жазбалар мүлде алмастыра алмасы ақиқат. Түптің түбінде, ел нақты, сенімді, тексерілген, ресми хабарларды оқуға бейімделіп келеді. Заң да жалған ақпарат таратып, атақ қуғандарды, желіде отырып алып, жеке пайдасының құнын күйттегендерге тосқауыл жасауға көшті.

Осы тұста мына бір қызық мәліметке көз жүгіртсек, жаһанданып бара жатқан бүгінгі таңда ақпарат ағынына ілесу оңай шаруа емес. Әлем бойынша бір секундта 20 сайт ашылады екен. Тіпті бір дегенде ғаламтор арқылы үш миллионнан астам хат жіберіледі екен.

Халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болған журналистер қауымы осы үдерістен қалып қоймай, ақпарат айдынындағы жұмысын заман талабына сай жандандырып келеді. «Телевидение мен газет-журналдардың болашағы бұлыңғыр емес пе?» деген сауал көптен бері көтеріліп жүр. Әлемдік деңгейде өзін мойындатқан мамандар «New York Times» газетінің тәжірибесінен үйренеріміз бар екенін алға тартып, медиакеңістікте өмір сүру үшін заман талғамына сай білікті журналистер қатарын арттыру қажеттігін де атап өтті. Бізден әлдеқайда алда келе жатқан, көптеген технологиялық жаңалықтың бел ортасында отырған, керек болса әлеуметтік желілерге дейін жетекшілік ететін АҚШ-та газет жабылып қалған жоқ. Қайта керісінше, уақыт өткен сайын сұраныс артып келеді. Бауырлас Түркия елінде де газеттегі ақпаратқа ең сенімді дерек ретінде қарайтыны жасырын емес. Жапония секілді экономикасы дамыған, технологиясы жетілген елдің өзінде газет пен телевидение жұмысы жанданып тұр. Еуропа елдерінде де осылай. Қалай десек те, дәстүрлі медиадағы ақпарат шынайылыққа негізделетінін ешкім жоққа шығара алмайтыны хақ. Біздің мемлекеттің рухани мәдениеті көтерілу үшін әлі бірнеше жылды артқа тастау керектігі сезіледі. Сондықтан желідегі «жеңіл сөздер» әзірге ақпаратың шикі өнімі ретінде ақпараттық айналымға түсе бермек.

Журналистиканың тағы бір мәселесі жазу стилінде. Қоғамды сынай беру немесе керісінше, мақтауды асыра беру де оқырманның берекесін алады. Екеуінің ортасында тең жүру – шеберлік. «Аманат» фильмін көріп отырсаңыз, бір эпизодында Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» мақаласы сол кездегі дүрілдеп тұрған «Правда» газетінде жарық көреді. Тап сол кезде газеттің бас редакторы бірден қолына телефон алып, жоғары жақпен байланысқа шығып, мақаланы талдап, «көрдің бе» дегендей ымдайды. Ал осы үшін Ермұқан Бекмаханов 25 жылға сотталып кетеді. Бұл жерден газеттің сол кездегі халық арасындағы үстемдігін көріп отырмыз. Бүгін де солай жасауға болады. Оппозициялық көзқарастың құрбаны болудың қажеті жоқ, тек таптырмас, мағынасы терең, сөзі шебер, сіздің әрбір еңбекпен тапқан теріңіздің әріп болып құралып жазылған мақалаңыз болу керек және оны жұрт іздеп оқу қажет. Іздеудің түбі журналға, газетке тіреледі. Оқырман да көбейеді. Газеттің де, сіздің де беделіңіз артады. Қарапайым қағидаттың кілті осы ғана сыңайлы.

«Ит үрер, керуен көшер», түптің түбінде газет елге керек, елдің дамуы үшін қызмет ете бермек. Технологияның дамыған заманында адамдардың бір жапырақ қағаз болса да, руханиятын сақтап қалу үшін газеттің көзіне зәруміз. Ескіліктің желін есіп, қағаздың құнын көрсету арқылы адамдардың робот болып кетуінен сақтайды. Мұхтар Шахановша айтқанда, «компьютербасты жарты адамдар» болудан арыламыз. Негізгі қауіп сол… Телефонға телмірген қоғамды шынайы өмірдің шамшырағымен жарықтандыру.

Тағы бір артықшылығы, газеттің – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы атануы. Тіл тазалығын сақтаушы әрі адамға тәрбие беруші құрал – дәстүрлі жуналистика. Ал әлеуметтік желі тек ақпарат беруге ғана бағытталған. Кез келген журналистің біліктілігін арттыру бірінші газет журналдан бастау алу керек. Тегінде Қытайда мектеп оқушыларына «жазуларың бұзылады» деп, қаламмен жазғызбайды. Оның орнына сиялы қаламмен жазуға үгіттейді. Сол секілді қалам мен сиялы қаламның айырмасы бар. Біреуі – дайын өнім, екіншісі – еңбек. Себебі сияға малып мәнерлеп жазу – тәрбие. Осы тұрғыдан келгенде газеттің бәсі басым екенін қаперден шығармаған абзал.

Газеттер күніне үш рет, кейде аптасына бір рет шыққан күннің өзінде ақпарат тарату жылдамдығы жөнінен телеарнамен, интернет газеттермен, әлеуметтік желілермен бәсекелесе алмасы анық. Сондықтан бүгінде дәстүрлі БАҚ, әсіресе газет-журналдар өздерінің сайттары арқылы күнделікті сағат сайын, тіпті минут сайын ақпарат жаңартып, бәсекеге шыдас беру үшін жаңа жолға түсе бастады. Бұл өз алдына. Ал басылымда қызмет атқаратын кәсіби журналистер алдына қандай мақсат қоюы керек?

– Баса айтатын мәселе, әлеуметтік желі дамыған сайын сауатты жазатындар қатары кеміп кетті. Қазір кез келген әлеуметтік желіні оқи қойсаңыз, пунктуациялық қателерін айтпағанда, орфографиялық ережелерден бастап қазақ тілінің грамматикасы сақталмайтынын көресіз. Тіпті, әкімдіктің немесе басқармалардың баспасөз хатшылары таратқан ақпаратындағы қателерді жөндеп отырған кезіміз де болды. Міне, осы тұста қазақ баспасөзі сауатты ақпарат беру арқылы алға шығады. Алдымен ақпаратты сайтқа жедел орналастырып, сонан соң газетке сараптап беріп отырған ақпарат құралдарының ұтары көп. Сонымен бірге газеттегі ақпараттық және талдамалы жанрларға жан бітіртіп, репортаж, сұхбат, мақала, корреспонденция, сараптамаларды басылымдардың өзегіне айналдырып, көркем-публицистикалық жанрлар санатындағы суреттеме, очерк, фельетондар арқылы оқырманды тәрбиелеуіміз керек. Бәсекелестікке төтеп берудің басты жолы – осы, – дейді «Сөз құны» журналистер клубының жетекшісі Н.Көбегенұлы.

Сонымен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қанат жаюы масс-медианың алдына жаңа талаптар қоя бастады. Қолында смартфоны бар, әлеуметтік желіге тіркелген кез келген адам қазір ақпарат құралдарының салмақты бәсекелесіне айналды. Алайда интернет журналистика дамыған сайын оның да проблемалары андыздап алдан шықты. Мәселен, әлеуметтік медиа атқа мінгеннен бері ақпараттың ақ-қарасын тексермей жариялау деген дерт белең ала бастады. Соңғы мысал, әлеуметтік желі арқылы көпшілікті шатастыру деректеріне өткен жылдардағы коронавирусқа қатысты ақпараттың бұрмаланып жетуі дәлел бола алады. Осыған сай, сенімді дерек көзі бола алатын кәсіби мамандардың бағасы күн өткен сайын арта түсуде. Осының өзі дәстүрлі БАҚ-тың қоғамдағы орны жоғалмайтынын көрсетіп отыр. Ендеше тарихы екі ғасырды басынан өткерген дәстүрлі журналистиканың дәуірі мен дәурені аяқталмайды, заман талабына сай түрленіп, өз аудиториясына адал қызмет ете бермек.

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!