Еліміздің миллиондаған тұрғыны жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреді. Биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда жалдамалы қызметкерлер саны 6,7 миллион болса, оның 2,3 миллионы «жұмыс істейтін кедейлер» екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Бұндай ақпаратты бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа сауал жолдаған депутат Ерлан Смайлов айтты.
Депутат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі келтіретін проблемаларды шешетін кез келді дейді. Соның бірі жұмыс істеп, бірақ тапқаны тамағынан артылмайтын қазақстандықтардың жай-күйі.
Смайыловтың айтуынша, мұндай санаттағы адамдар әлеуметтік теңсіздікке ұшырап, жақсы өмір сүру құқығынан айырылып отыр. Екі миллион үш жүз мың қазақстандық «жұмыс істейтін кедейлердің» санатында.
Депутаттың дерегінше экономикалық талдау жүргізген мамандар елімізде жұмысы бар бола тұра кедейдің күнін кешіп жүргендердің үлесі 27,7 пайыздан 34,3 пайыз аралығында екенін анықтаған. Ал, сарапшылар «жұмыс істейтін кедейлер» табына білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет және өнер, тұрғын үй қызметтері сияқты салаларда жұмыс істейтіндерді жатқызған. Халық қалаулысы Үкіметке елде «жұмысы бар кедейлердің» бар екенін мойындап, түбегейлі зерттеу жүргізу керек дейді.
“Шындығында миллиондаған қазақстандық жалақыдан жалақыға дейін өмір сүріп, бірді бірге әрең жалғап жүр. Бірақ мемлекеттік саясат әлі күнге кеңестік кезеңде қалып қойғандай. Өйткені, әлі күнге дейін азаматтың тұрақты жұмысы болса болды ол отбасын асырауға жететін табыс табады деп саналады”, – дейді Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайлов.
«Жұмыс істейтін кедейлер» өз қаражатының едәуір бөлігін азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Олардың 44 пайызы мүлдем ақша жинамаған дейді депутат.
Сондай-ақ, олардың жартысында бір емес, бірнеше несиесі бар. Смайлов мұндай кедейлердің қырық пайызын маусымдық киім сатып алу қиынға соғатын қоғамның ең аз қамтылған топтарына жатқызуға болады деді.
Одан бөлек, мамандардың сөзінше адамның өз өміріне толық қанағаттануына кіріс көзі әсер етеді. Біздің тұрғындар артық зат алуға ақшаларының жетпейтінін айтады. Ал, депутат Ерлан Смайыловтың сөзінше, жұмысы бар кедейлердің санын азайтуды ғана емес, сонымен қатар, ауқымды орнықты орта тапты қалыптастыруға ұмтылу керек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!