Жыл с а й ы н қала әкімінің жастарға берілетін «Самғау» сыйлығының форматы биыл өзгеше. Әр саланың білікті жастары алдымен сайысқа түседі. Өз саласын жетік меңгеріп, сайыста жеңімпаз атанған жүлдегер атанады. Биыл қатысушылар қатарында қызметі көзге көрінбейтін механиктер де болады. Бәсі биік жүлдеге үмітті механиктің бірі – Досбол Қоңыртай. Досболдың негізгі қызметі – автоэлектрик. Сұранысқа ие маманмен таныстық
– Досбол, қызметіңе жүгінушілер аз емес. Механик болу үшін талант пен білімді таразыласақ. Қайсысының жүгі басым?
– Біріншіден, адам бойында талант болса жерде қалмайды. Талант қызығушылыққа итермелейді. Содан кейін қызығушылыққа байланысты білімге ұмтыламыз. Механик болу үшін алдымен қабілет болу керек. Оқу орнында теориялық біліммен бірден маман болып кетті деген өмірлік тәжірибемде кездестіргенім жоқ. Менде жұрт секілді мектепті бітіріп, «Болашақ» университетіне оқуға түсіп, 4 жыл білім алдым. Бітірген соң көлік жөндеу орталықтарында тәжірибе жинақтадым. Көзбен көріп, қолмен жұмыс істеп үйренбесең теориялық біліммен мықты маман болу некен саяқ. – Автоэлектрик үшін көліктің ақауын анықтау қаншалықты қиын?
– Біздің сала да медицинаның терминімен жүреді. Медицина секілді ақауы шыққан көлікке диагноз қоямыз. Соған сай жөндеу жұмысын жүргіземіз. Көлік келгенде ең алдымен көз жобамен немесе дыбыс арқылы ақауын анықтауға тырысамыз. Егер күрделі болса, компьютерлік диагностика жасалады. Кейде ғаламтордың көмегіне жүгініп, ақауды жөндеуге тырысамыз.
– Түрлі көлікті жөндеуден өткіздіңіз. Электр жағынан ең осал көліктер қай маркаларға тиесілі?
– Ресейден шығатын Ваз автокөліктері, оның ішінде ладаның электр бөлшектері осал келеді. Сондай-ақ бұл тізімге Өзбекстан өндіретін Nexia маркасын да қосуға болады. Көп жағдайда электр бөлшектерінен ақау шығып, өртке оранатындар да аталған көліктер.
– Қызметіңізді қаншаға бағалайсыз?
– Ең арзан қызметтен бастасам. Құны – 2 мың теңге. Бұл баға фардың шамдарын ауыстыру кіреді. Ал көліктің толық электр бөлшегін тексерістен өткізіп, күрделі жөндеуді қажет етсе 30 мың теңгеге дейін барады.
– 18 қазанда механиктер сайысына қатысуға бел буыпсыз. Сала бойынша алғашқы жарысыңыз ба? – Қалалық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері байланысқа шығып, жарыста бақ сынап көруге ұсыныс айтты. Шешімді қабылдау оңай болмады. Өйткені бұрын-соңды жарыстарға қатысып көргенім жоқ. Бас тартқым да келді. Бірақ өз саламызды неге көтермеске деген ой келіп, қатысуға бел будым. Себебі қазір престижді салаларға, «модный» мамандықтарға ғана таңдау жасап, жылы кабинетте, жұмсақ креслода отыруды ойлайтын қатарластарым көбейді. Жарыста жеңімпаз болмасам да, қоғамға механиктердің маңызы зор екенін, «Еңкейгенді еңбек көтеретінін» жеткізгім келеді.
– Сәттілік серігіңіз болсын!
– Рақмет.
Әңгімелескен Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!