ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен егін жинау науқанына дайындық барысы талқыланған Үкімет отырысы өтті. Жиынға селекторлық режим арқылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл облыста 192 700 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, күріш егісінің көлемі – 84 300 гектар. Бүгінде 31 800 гектары гүлдеу, 31 400 гектары сүтті пісу және 21 100 гектары балауыз пісу фазасында, 42 300 гектар (50%) егістіктің суы байланды. Ерте егілген дақылдар толық жиналып, қазір мал азықтық, майлы дақылдар, көкөніс, бақша дақылдары жиналуда. Күрішке 17 тамыздан бастап орақ түседі, қазанның бірінші онкүндігінен кешіктірмей жинап алу жоспарлануда.

Егін жинауға қатысатын қолдағы 4 440 ауылшаруашылығы техникасы 100 пайыз дайын. Аймаққа 8 100 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бекітілген кестеге сәйкес жергілікті операторлар дизель отынын жеткізіп, шаруашылықтарға литрін 247-250 теңгеден таратуда.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарының сыйымдылығы 551 мың тонна болатын 216 сақтау қоймасына алдын-ала дератизация жасалып, жаңа астықты қабылдауға дайын.

Егістікті әртараптандыруда соя 135 гектарға, қант құмайы 290 гектарға, дән жүгері 1700 гектарға, сүрлем жүгері 793 гектарға жеткізілді.

Күтімге алынған 48,3 мың гектар ескі жоңышқаның 2,5 мың гектары тұқымға қалдырылды, 45,8 мың гектардың бірінші орымы аяқталып, одан 121 мың тонна жоңышқа дайындалды.

Орта өнім гектарына 26,4 центнерден алынды. Қазір екінші орым басталып, 34,9 мың гектары орылды. 83,9 мың тонна жоңышқа жиналды, орта өнімі 24 центнерден келуде.

Егілген 3,7 мың гектар күздік бидай толығымен жиналып, 7,3 мың тонна өнім алынды. Орта өнім гектарына 19,9 центнерден келді.

Айта кетейік, 14 тамыздағы жағдай бойынша, «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 122,1 текше метр су түсіп, қоймадағы су көлемі 1,3 млрд. текше метр болды. Төменге секундына 400 текше метр су тасталып, облыс шегіне 462 текше метр көлемінде кіруде.

Өсімдік зиянкесі саяқ шегірткеге қарсы өңдеу жоспарланған 43,7 мың гектар алқапта жұмыс толығымен атқарылды.

Егін жинау жұмыстарына дайындық барысы аймақ басшысының тікелей бақылауында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!