Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында өткен жылдың ерекше оқиғалары мен алдағы жоспарларын баяндады. Сондай-ақ еліміздің тағдыры жастардың қолында екенін баса айтып, жастарға жасалған қолайлы жағдайлар мен қойылған міндеттерге кеңінен тоқталды. Өңірдегі жастардың төл басылымы – «Ақмешіт жастары» газеті де ел Президентінің сұхбатта тілге тиек еткен жастарға қатысты тұстарын басылым бетінде кеңінен тарқатқанды құп көрді.
Журналист Ерлан Жүніс сауалдардың легін қорытындылай келе соңғы уақытта елдегі қазақ тілінің қолданылу аясы едәуір кеңейгенін айтып, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтардың саны артқанын сөз етті. Сонымен қатар қазақ қоғамындағы тілдің рөлін одан әрі арттыру үшін не істеу қажеттігін сұрады. Бұл сауалға Мемлекет басшысы терең тоқталып, ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналғанын, жастардың оны меңгеруге құлшынысы артқанын айтты.
– Дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек.
Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек. Цифрлық технологияларды қолдануға көбірек көңіл бөлу маңызды міндеттердің бірі. Қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ел Президенті сөз арасында шығармашыл жастар және креативті индустрия мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алатынын да сөз етті.
– Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын.
Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Жастарға айрықша назар аударатын ел Президентінің сөзіне зер салатын болсақ, Қазақстанда өскіндерге жасалған жағдайдың аз емес екендігін түсінеміз. Дей тұрғанмен кейбір жастар құмар ойынның құрығына түсіп, есірткіге тәуелді болып тура жолдан тайып жатады. Әңгіме арасында Ерлан Жүніс осы мәселемен қатар күні бойы еш мақсатсыз әлеуметтік желіден бас алмай, алтын уақытын босқа өткізіп жатқан жастарды көріп қынжылатынын айтып, жас ұрпақты саяси жауапкершілігі жоғары әрі жан-жақты дамыған азамат етіп тәрбиелеу үшін не істеу керектігін сұрады. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сауалға берген жауабына қарап, «Ел тағдыры – жастардың қолында» деген сөзін тереңінен түсінеміз.
– Мен түрлі жиындарда жастарымыз туралы жиі айтамын. Өйткені олардың болашағын ойлап, шын жүректен тілеулестік білдіремін. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні.
Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін, – деген Мемлекет басшысы жастарға деген ақыл-кеңесімен де бөлісті.
– Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек. Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын.
Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте және ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Бұл ретте мен осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек.
Экономиканың көптеген саласында жұмыс қолы жетіспейді. Жұмысшы мамандықтар мол әрі тез табыс табу тұрғысынан қызықтыра қоймауы мүмкін. Бірақ бұл мамандықтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына да, қоғамдағы мәртебесі жоғары болатынына да кепілдік бар. Мен кәсіпорындарды аралаған кезде жастарды жиі жолықтырамын. Олардың арасында жұмысшы әулеттерінің өкілдері көп екені көңіл қуантады. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу. Мен бұл шаруамен үнемі айналысамын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Міне, осы бір жауапқа қарап-ақ келешегінен зор үміт күттіретін жастарға біздің елде қолдау аз болмайтынын аңғару қиын емес.
Қазіргі күні шетелде жүрген қазақ баласы көп. Әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылған қазақ жастарының бірі білім аламын деп асықса, екіншісі екі қолға бір күрек іздеп, нәпақасын айырып жүр. Сұхбатта бұл мәселе де Мемлекет басшысының тікелей назарында екенін байқауға болады.
– Рас, бүгінде жастардың көбі білім алу немесе қызметте өсу үшін шетелге шыққысы келеді. Бұл – жаһандану үдерісінің бір ерекшелігі. Оған түсіністікпен қараған жөн.
Біздің жастарымыз әлемдегі беделді университеттерде жақсы білім алып, тәжірибе жинап, дүниетаным көкжиегін кеңейте алады. Сондықтан мемлекет, әрине, шетелде оқуға кедергі жасамайды, керісінше, ондай бастамаларға қолдау көрсетеді. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы баршаға белгілі. Жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалған. Бірқатар елмен студент алмасып тұрамыз.
Жастардың кәсіби біліктілігін көтеру немесе көбірек табыс табу үшін шетелге шығуы қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Олар үйреншікті мекенін тастап, өмірін күрт өзгертуден қорықпауы керек. Тіршілікке бейім, ширақ болуға тиіс. Өмір бойы бір ауылда немесе бір қалада тұрып, жарты ай жұмыста болғаны үшін биліктен жоғары жалақы талап ететін заман әлдеқашан келмеске кетті. Қазіргі жастар ондай болмауға тиіс. Қарым-қабілетің қай жерде қажетке жараса, сонда баруға тырысу керек. Баратын жерің ірі шаһар немесе басқа өңір, тіпті басқа ел болуы да мүмкін. Қазақта «Жүргенге жөргем ілінеді, жатқанға жан жуымайды» деген сөз бар.
Азаматтарымыз шетелде жүрсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысып, Отанына пайдасын тигізе алады. Қазақстан деген брендті әлемге таныту да маңызды миссияның бірі. Дегенмен шетелге шығу «Барсакелмеске» кету деген сөз емес. Ұл-қыздарымыздың жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтап, Қазақстанға оралғаны жөн. Елімізде білікті мамандардың аяғын жерге тигізбей, қағып әкететін салалар көп. Үкіметтің міндеті – олардың өз Отанында табысты еңбек етуіне жағдай жасау, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сүбелі сұхбатқа көз салсақ қазақ жастарына деген ерекше көңіл бөлініп, қолайлы жағдай жасалып келе жатқанын түсінеміз. Ел Президентінің«Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын» деген сөзі – мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастыратын жастарға деген артылар үміт пен сенімнің зор екенін дәлелдейді.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!