«Қазақстан автобизнесі қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті Анар Мақашева 4 пайыздық автонесиеге өтінім берушілердің кейбір маркадағы көліктердің тапшылығы туралы шағымы қашан қанағаттандырылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда ай сайын 7 мың автокөлік өндіріледі. Яғни қазіргі кезеңде елдегі бүкіл автосалондарда 7 мың көлік бар деп айтуға болады», – деген қауымдастық өкілі 4 пайыздық несие алушылардың үлкен сұранысын туындатып отырған Hyundai маркалы көліктердің өндірісі жыл ортасынан бастап көбейетінін мәлім етті.
«Мысалы, Hyundai өкілдері шілде айынан бастап ай сайын 4 мыңдай автомобиль қолжетімді болатынын айтып отыр. 4 пайыздық автонесие бойынша алсақ, бір несие алушыға берілетін жалпы лимит 10 млн теңге деп көзделген. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» жеңілдетілген автонесиеге бөлген ақшаның жалпы сомасы – 100 млрд теңге. Сонда кем дегенде 10 мың адам осы шарт бойынша несие алады деген сөз. Егер Hyundai ай сайын 4 мың көлік жеткізе алатынын айтып отырса, алдын ала брондау жасаған тұтынушылардың бәрі алдағы 1-1,5 айда өз көліктерін алады деген сөз. Ең бастысы байбаламға бой алдырмау керек», – деді Анар Мақашева брифингіден кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беру басталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!