Кеше Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтайдың алғашқы күнінде төрт панельдік секция бойынша отырыстар өтті. Оған барлық өңірден 100-ден астам құрылтай мүшесі қатысты. Секция отырыстарында түске дейін әлеуметтік-мәдени даму, білім мен ғылым мәселелері көтерілсе, күннің екінші жартысында азаматтық қоғам және экономикалық даму бағыттарында мазмұнды ой-пікірлер өрбіді.

Әлеуметтік-мәдени даму секция­сында Премьер-министрдің орын­басары – Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Аида Балаева Ұлттық құрыл­тайдың қоғам үшін маңызы зор, тұрақты әрі жүйелі диалог алаңына айналғанын атап өтті. Онда ел дамуының ұзақ мерзімді бағыт-бағдары айқындалып, өзекті әлеу­меттік мәселелер кеңінен талқы­ла­натынын жеткізді.

– Ұлттық құрылтай аясында ай­тылған барлық ұсыныс пен пікір Мемлекет басшысы мен мемлекеттік органдардың ерекше бақылауында. Мәдениет және ақпарат министрлігі құрылтай мүшелері ұсынған баста­маларды іске асыру жоспарының орын­далуына тұрақты түрде мони­торинг жүргізіп келеді. Алдыңғы төрт отырыста аса маңызды мәселелер көтеріліп, ауқымды жұмыс ат­қа­рылды. Атап айтқанда, заңнаманы жетілдіру мақсатында 26 заң қабыл­данды. Сонымен қатар 10 заң жоба­сына, сондай-ақ Президент Жарлық­тары мен кешенді даму жоспарларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Премьер-ми­нистрдің орынбасары.

Сондай-ақ биыл өткізілетін елі­мізге белгілі тұлғалардың мерей­тойлар күнтізбесі бекітілгенін атап өтті. Олардың өмір жолы мен шығар­машылығын насихаттау өскелең ұр­пақтың рухани кемелденуіне септігін тигізетіні анық. Министр Ұлттық балалар кітапханасы мәселесі туралы ойын да білдірді.

– Еліміздегі кітапханаларда оқитын кітап аз деуге болады. Өйткені осы отыз жылда бір автордың кітабы жүз, екі жүз, тіпті мың рет шыққан деректер бар. Атауын өзгертіп, қайта-қайта шығара береді. Біз әр кітапхананың кітап қорын зерделеп шықтық. Шынымен, мұндай өкінішті жағдайлар көп кездесті. Балалар өзі оқығысы келіп, іздеген кітабын таба алмайды. Балалардың кітапқа қызығу­шылығын арттырғымыз келеді, бірақ олардың сұранысын қанағаттандыратын дүниелер жоқтың қасы. Ол үшін толық деңгейде жағдай жасай алмай келе жатқанымызды ашық айтуымыз керек, – деді Аида Балаева.

Осыған орай министр аударуға және басып шығаруға ұсынылатын кітаптар тізбесін айқындайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Сонымен бірге зама­науи жас авторлардың шығармаларын ел кітапханаларының қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ балалар контентін дамыту және анимация индустриясын өркендету тақырыбы көтерілді. Осыған байла­нысты Аида Балаева мультфильм өн­дірісіне арнайы тоқталып, бұл бағыттың маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, министрлік жа­нынан Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылды. Қазіргі уақытта оның материалдық-техникалық базасы қалыптастырылуда әрі Қор құры­лымында анимацияға арналған жеке бағыт қарастырылады. Менің ойымша, мұнда саннан бұрын сапаға мән беру маңызды. Контенттің бала психо­логиясына ықпалын, жас ерекшеліктерін және тәрбиелік әсерін міндетті түрде ескеру қажет. Қордың толыққанды жұ­мысы басталғаннан кейін анимация ин­дустриясы тың серпін алып, қар­қынды дами түседі деп сенемін, – деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі.

Басқа да мәселелерді талқылау бары­сында қатысушылар мен сарап­шылар ұлттық дәстүрді сақтау және кітап оқитын ұлт қалыптастыру – қазақ­стан­дық қоғамды жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі екенін баса айтты.

Ал білім-ғылым секциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіретін AI-Sana бағдарламасы биыл да жалғасатынын атап өтті. Бұл жоғары оқу орындарына дәстүрлі білім беру форматынан ғылыми-зерттеу форма­тына көшуге мүмкіндік береді. Бағдар­лама жасанды интеллект бойынша базалық білімнен бастап стартаптарды кәсіби дамытуға және оларды нарықта масштабтауға дейін дәйекті дамытуға бағытталған.

– Ai-Sana бағдарламасын былтырдан бері жүзеге асырып келеміз. Осы күнге дейін 668 мың студент оқыды. Еліміздегі барлық студент бағдарлама аясында міндетті түрде жасанды интеллект курстарынан өтеді. Бұл – ең мықты курстар. Coursera, HUAWEI, Microsoft, Google тәрізді компаниялармен бірігіп, олар­дың курстарын қазақ және орыс тілдеріне аударып, студенттерді оқы­тып жатырмыз. Биыл ақпан айында бағдар­ламаның екінші кезеңі бас­талады. Соның аясында 100 мың студент жасан­ды интеллектінің терең­детілген алго­ритм­дерін меңгереді, – деді министр.

ЖОО-лар белгіленген үлгідегі электронды сертификат бере отырып, өздері әзірлеген курстар бойынша студенттерді оқыта алады.

– Бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін еліміздің әр өңірінен 27 «зәкірлі» ЖОО іріктеліп, бекітілді. Оқу орындары бағдарламаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылым, оның ішінде ЖИ саласындағы білім беру бағдарла­ма­ларының, шетелдік серік­тестердің, есеп­теу қуаттарының болуы сияқты критерийлер бойынша іріктелді. Бұл ЖОО-лар AI-Sana бағдарламасы бойын­ша студенттер мен педагогикалық оқытушы құрамын оқытуды қамтамасыз ете отырып, өз өңіріндегі және көршілес облыстардағы жобаны іске асыруға жауапты болады, – деді Саясат Нұрбек.

AI-Sana бағдарламасы елімізде жа­санды интеллектті дамыту үшін қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған. ЖОО-лар қабылдау комиссиясынан бастап оқу процесін сүйемелдеу және бітірумен аяқтайтын ЖОО-ның ақ­па­раттық экожүйесін құрайтын 9 ЖИ агентін әзірледі. Заман талабына сай жаңашылдыққа біздің облыс та ілесіп келеді. Сөзімізге Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда универ­ситетінің база­сында Сеул техникалық универ­ситетімен бірлесіп ЖИ және инфор­матика жоғары мектебі ашылуы дәлел.

Ұлттық құрылтайдың секциялық отырыстары түстен кейін де жалғасты. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен жылды қоры­тындылап,  алдағы экономикалық даму жоспары туралы айтты.

– Өткен жылы еліміздің эконо­микасы тұрақты, сапалы өсім болды. Жалпы ішкі өнімі 300 млрд АҚШ долларынан асса, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім шамамен 15 мың АҚШ долларына жетті. Экономиканың өсу қарқыны 6,5% болды. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Экономи­ка­ның барлық саласында оң динамика қалыптасты. Жалпы ішкі өнімнің өсу үлесі негізінен өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік қызметі, құрылыс салаларына тиесілі, – деді министр.

Оның айтуынша, ауыл шаруашы­лығындағы жалпы өнім 5,9%, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 5%-ға жақындады. Өткен жылы дәнді дақылдардан 27,1 млн тонна өнім жиналып, екінші жыл  қатарынан рекорд орнады. Сондай-ақ бұршақ, майлы дақылдардан рекордтық өнімі алынды. Мал шаруашылық өнер­кәсібі де қарқынды дамып келеді. Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге арналған Қазақстан бо­йынша ең ірі агроөнеркәсіптік парк­тің құрылысы басталды.

– Шығындарды оңтайландыру жүйесі жасалуда. Әлеуметтік қорғау саласын трансформациялауды жүр­гіздік. Бюджеттік төлемдердің бір­қатарын цифрлық шешімдер арқылы әлеуметтік шығындардың ашық­тығын арттыру маңызды. Мемле­кеттің әлеу­меттік қолдау шара­ла­рының бірыңғай стандарты енгізілді. Үй шаруаларын, әлеуметтік эконо­микалық осалдығын бағалау әдіс­темесі бекітілді. Жергілікті дең­гейде қосымша көмек түрлері біріз­дендірілді. Цифрландыру арқылы әлеуметтік салада құқықбұзу­шы­лықты анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Бір жарым жылдың ішінде әлеуметтік саясатты тран­фор­мациялау 600 млрд теңгені үнемдеп, заңсыз шаралардың алдын алуға мүм­кіндік берді, – деді Серік Жұманғарин.

Өткен жылы жүргізілген бюд­жеттік мониторингтің қоры­тындысы бойын­ша республикалық бюджетке 8 түзету енгізілді. Оның шеңберінде жыл басынан бері 1 триллион тең­геден астам қаражат оңтайлан­ды­рыл­ған. Олар нақты секторға бағы­тталды.

Көлік логистикалық инфра­құры­лымды дамыту – стратегиялық маң­ыз­­­ды дүние. 2029 жылға дейінгі ұлт­тық инфрақұрылымдық жоспар 204 жобаны қамтиды. Инфрақұры­лым­­ның тозуын 40 пайызға төмен­детуді көз­дейтін энергетикалық және ком­му­налдық секторларды жаң­ғыр­ту­дың ұлттық жобасы іске асы­рылуда. Ин­вестициялардың жалпы көлемі ша­мамен 13 триллион теңгені құрайды.

Экономиканың тұрақты дамуын­да кәсіпкерлік саласының маңызы зор. Бизнесті жүргізуді жақсарту бойынша жүйелі шаралар қолға алынуда. Кәсіпкерлікті ынталандыру үшін «Өрлеу» жеңілдетілген қаржы­ландыру бағдарламасы іске қосылды.

Ұлттық Экономика министрінің сөзінше, өткен жылы жоғары инфлия­циялық қысым байқалған. Оның  жылдық мәні 12,3 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 5,5, азық-түлік емес тауарлар 11,1, ақылы қызметтер 12 пайызға өсті. Бұл азаматтардың сатып алу қабілетіне әсер еткен.

– 2025 жылдың 11 айында халық­тың жан басына шаққандағы ақша­лай табысы нақты мәнде 2,3 пайызға қысқарды. Осыған байланысты жа­қын арада Үкіметтің бірінші кезек­тегі міндеті – инфлияцияны тұрақ­тандыру және төмендету, – деді министр.

Азаматтық қоғам секциясында ҚР Президентінің ішкі саясат мәсе­лелері және коммуникациялар жөнін­дегі көмекшісі Арман Қырық­баев Қызыл­орданың ел астанасы болған кезеңде алтын әріптермен жазылған оқиғалар өрбігенін айтты.

– «Қазақ» атауын қайтару туралы шешім де осы киелі жерде қабыл­данды. Тұңғыш Қазақстан Үкіметі де жұмысқа кірісіп, алғашқы театрдың негізі қаланып, тұңғыш пьеса да қойылды. Қазақ тіліндегі кітаптар да басылып шықты. Алаш қайраткерлері бастаған үлкен саяси мәдени орта қалыптасты. Осындай тарихи оқиғалар өткен қалада 100 жылдан соң тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық құрылтайының шақырылуы тарихи сабақтастық тұрғысынан орынды.

Мемлекет басшысының бастама­сымен құрылған бұл институт бес жылда өзінің өміршеңдігін дәлел­деді. Қоғамның түрлі топтарының үн қосуына мүмкіндік беріп отыр. Билік пен халықтың арасын жақын­дастыратын алтын көпірге айналды. Жалпы көпшілік идеология сала­сында ұлттың ертеңі, бүгіні жайлы сөз қозғап жүрген азаматтар асыға күтетін жыл сайынғы үлкен саяси шараға айналып отыр, – деді Арман Қырықбаев.

Ұлттық құрылтай мүшелері секция отырыстарында түрлі та­қырыпта ұсы­ныстарын білдірді. Олардың барлығы мұқият зерттеліп, тиісті қорытынды шығарылады.

Жалпы, Президент тапсырма­ла­рын орындау барысында бұған дейін Ұлттық құрылтай аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтуға тиіспіз. Құрылтай мүшелері бұл жолғы жиында да айтылған әрбір ұсыныс мемлекет дамуына үлес қосады деп сенім білдірді.

Назерке САНИЯЗОВА,

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы».

Өңірлік ғылымды дамыту – үлкен мәселе

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Ұлттық ғылым академиясының президенті:

Осыған дейінгі Ұлттық құ­рыл­тай­ларда көтерілген мә­селелер кезең-кезеңімен іске асып келеді. Ен­ді­гі мә­селе – ғы­лым­ды эко­­­но­ми­каға бе­йім­деу. Бұл ба­ғыттағы жұ­­мыс­тар­ды сара­ла­ғанда ғы­лы­­ми та­қы­рып­тар эко­­­­номика сұра­ны­­­­сын емес, ға­лым­­дардың мүм­кін­­­дігіне қарай қа­­­­­лып­та­са­тыны бай­­­қалады. Ұл­ттық ғы­лым академиясы фор­сайт тәсілінің тұрақты жоспарлау құралына айналдыруға қол жеткізді. Екі жыл ішінде өңірлік және салалық сессиялар өткізіп, 220 перспективалы міндет пен 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірледік. 

Осыған дейін жеткілікті көңіл бөлмеу салдарынан көптеген ғылыми мектептен айырылып қалдық. Осыған байланысты Ұлттық ғылым академиясы «Korea Institute of Science and Technology Information» ұйымымен бірлесіп «AI SilkNet» орталығын құрды. Бұл бізге әлемдегі жаңа технология туралы кеңінен дерек алуымызға мүмкіндік береді. Ғылымдағы озық технологиямен қатар күні өткен әдістерді де осы орталық арқылы анықтап, өзімізге тиімдісін таңдай аламыз. Бүгінгі сессия отырысында алда осы бастаманы дамытып, Орталық Азиядағы қызмет ететін ақпараттық орталыққа айналдыруға болатыны жөнінде ұсыныс айттым.

Өңірлік ғылымды дамыту да – алда тұрған үлкен мәселенің бірі. Біздегі ғалымдардың дені Астана мен Алматы қаласында шоғырланған. Бөлінген қаржының көп бөлігі осы қалалар үлесінде. Өңірлік ғылым түрлі бағыттағы қолдаулардан да қағажу көріп келеді. Ғылымның экономиканы дамытуға әсерін арттыру үшін осыған жете мән беруіміз керек.

Солтүстікке көштің түйіні көп

Светқали НҰРЖАНОВ, ақын, филолог:

Шығыстағы көршімізден келетін қатер бар. Мысалы біз оның ілім-білімін, жаңа технологиясын алуымыз керек. Бірақ, адам топа­нына тосқауыл қою керек. Бұл Сыр өңірінің киелі топы­рағында ғұмыр кеш­кен Сыр сүлей­лерінің бірі Тұр­мағамбет Із­тілеуов­тің бол­жау жы­рында ай­тылған. Біз сол заманмен бет­пе-бет келіп тұр­мыз. Ұлттық құрыл­тайда осы мәселені көтеруді ойлап отыр­мын. Сол сияқ­ты қазақтарды еліміздің солтүстігіне орналастыру бағытында да көптеген түйткілдер бар. Бұл да – көтеруге тұрарлық мәселе. Басқа да түйіндер көп. Сол түйіндерді тарқатамыз деп сенемін.

Туған жерімдегі басқосудан күтерім көп

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Елдік мүдде тоғысқан жиын

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өтуінің тарихи әрі саяси тұрғыдан маңызы ерекше. Байқасаңыз, бұған дейінгі құрылтайларда тарихы­мыздағы астана болған ежелгі қалалар аумағында өтіп келеді.

Бір ғасыр бұрын дәл осы жерде ұлтымызға «қазақ» атауы қайтарылды. Екіншіден, елдің дамуы мен өсіп-өнуіне, мәдени-рухани толысуына ық­палын тигізген азаматтардың таба­ны­ның ізі қалған киелі өңір. Бұл жағынан, бүгінгі құрылтайдың Сыр өңірінде өтуі заңды. Сондықтан бұл басқосудан күтетін оң жаңалық көп.

Құрылтай дегеніміз не? Ашып айтсақ, ол заң шығарушы Парламент емес. Бұл жерде халық тілегі мен пікірі тоғысады. Дұрысы, Мемлекет бас­шысы мен халық өкілдерінің тығыз байланысы осы жерде көрінеді.

Бұған дейін қазақ ғылымы, қазақ технологиясын дамыту жайында жиі айтып келдім. Әрі осы дүниенің ана тілімізбен байланыса отырып қарыш­тағаны жақсы. Дұрысы, университет, ғылым және өндіріс деген үш тағанның басын қосып, біріктіру жағы қарастыру маңызды.

1946 жылы ашылған Қазақ ұлттық ғылым академиясы 2003 жылы тарап кетті. Даңқты ғалым Қаныш Сәтпаев­тың уақытында республикада көптеген ғылыми жаңалықтар пайда болды. Қазіргі ел қазынасын толықтырып отырған қазба байлықтарымыздың дені сол уақытта ашылды. Міне, осын­дай ғылым мен жаңа технологияларды әрі қарай дамыта отырып, елді жетістікке жетелеу басты мақсат болып қала бермек.

Сыр өңірі жаңа кейіпке енген

Самат НҰРТАЗА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Сыр өңіріне сапарымда маған қала­ның тазалығы ұнады. Тұрғындардың ту­ған жерді таза ұстауға бейімделгені көрініп-ақ тұр. Қызылордаға бұған дейін де келіп жүрмін. Ол уақытта қаладағы әуежай құрылысы жүріп, жаңа терминал салынып жатқан. Ал кеше ұшақтан түс­кен бетте жаңа келбетке енген әуежайды көріп, риза болдым. Ондағы қызмет са­пасы қонақтардың барлығына ұнаған­дай. Ал Ұлттық құрылтайға келер бол­сақ, бұл  – мемлекетіміздің дамуына өзек болар ең маңызды тақырыптар тал­қы­­ланатын алқалы жиын. Өз тарапым­нан білім саласына қатысты бірнеше мәселе бар. Әсіресе, мектептегі психолог ма­мандарға қатысты айтқым келеді. Себебі бүгінге дейін мұғалімдердің жал­ақы­сы өскенімен, олар бұл қолдаудан қалыс қалып жүр. Жиында мектеп оқу­лық­тарына қатысты мәселелер де көтеріледі

Салиқалы жиынның салмағы зор

Алмас АЛМАТОВ, жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Елдік мүдде тоғысқан жиын

Тарихымызға терең бойласақ, Сыр елі – Сақтардың астанасы көне Шірік Рабат, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент, Қазақ хандығының ақ ордасы Сығанақ қаласының ізі жатқан іргелі аймақ. Одан беріде, ХХ ғасырдың басында Қызылорда қаласы қазақ мемлекетінің астанасы болғаны, тағы бір дерек, сол кезеңге дейін «киргиз» ата­лып келген ұлтымызға «қазақ» атауы қайтарылғаны бүгінде ғасырлық шежіреге айналып отыр. Осындай маңыз­ды мағлұматтарды саралай келіп, Сыр өңірінің ел тарихындағы орны ерекше деп бағалаймыз.

Бүгін Сырдың бас шаһарында өте­тін Ұлттық құрылтай да халқымыз үшін салмағы бар салиқалы жиын бол­мақ. Қазіргідей әлемде геосаяси жағдай күрделеніп, мемлекет ертеңі, ұлт тұрақ­тылығы, жалпы адами құн­дылықтар мәселесі сынға түскен кезең­де бола­шағымызды айқындау үшін осындай кең ауқымды келелі кеңес қажет.

Бұл тәжірибе халқымызда сонау хандық дәуірден бері бар. Сарап­шы­лардың пайымдауынша, осыған дейін өткен құрылтай отырыс­тарынан кейін қоғам мен билік арасындағы жауап­кершілік нығайып, құқықтық тәртіп жүйесі жетілдіріле түскен.

Мемлекет басшысы жуырда «Түр­кістан» газетіне берген сұх­ба­тында: «Еліміз жаңғыру жолына біржола түсіп, қоғам бет-бейнесін түбегейлі өзгертуге тиіс. Халқымыз жаңа дәуірге бейімделуі керек» дей келіп, бұл тұрғыда бола­шақтың иесі – өскелең ұрпаққа сенім артатынын айтқан еді. Расында, бұл іргелі жиында бүгінгіден гөрі ертеңнің мәселесі көбірек айты­лып, сол бағыттағы қадамдар айқын­далады деп ойлаймын. Қалай болғанда, Сыр елінде ұлтты ұйыстыратын, қо­ғам­ды біріктіретін  мемлекеттік маңы­зы бар шешімдер қабылданары хақ.

Мәдени ошақтардың ішкі мазмұнын қалыптастыру маңызды

Максим РОЖИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Елдік мүдде тоғысқан жиын

Осы күндері ауылдық жерде ашылып жатқан мәдени ошақтар құрылтай жұмысы­ның жемісі десек болады. Дегенмен, сонда жұмыс істейтін азамат­тардың қызметіне, олардың мәртебесіне қатысты көптеген мәселе кездеседі. Ғимарат салудан бөлек, оның ішкі мазмұнын қалыптастыру бар. Ол дегеніміз – үйірмелер жұмысы, осы үйірмелерде жұмыс істей алатын мамандар, ауыл кітапханасының жаңа кітаптармен қамтылуы. Бүгінгі отырыста осы бағытта ұсыныс айтамыз. Ауыл мәдениетінің маңызын, ондағы қызметкерлер жұмысын жетілдіру әрдайым назарда тұру керек деп ойлаймын. Жалпы алғанда, құрылтай елдегі көп мәселенің шешімін тауып, ел игілігіне жұмыс істеуіне жол ашты. Сыр жеріндегі бесінші басқосудан да жақсы бастамалар күтеміз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!