Астанада көпқабатты үйдегі өрттен 3 адамды құтқарып қалған өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арнап достары көмек жинауда. Бұл туралы құтқарушының жұбайы Анель Забикулина өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен сенің бұған қарсы болатыныңды білемін. Бірақ мұны мен емес, сенің достарың қолға алып жатыр. Бұл менің жолдасыма арналған көмек. Баршаңызға алғысым шексіз», – деп жазды Анель Забикулина.

Құтқарушының жұбайы жариялаған мәліметтерге сай, көмек жинауға арналған шоттың реквизиті:

Банк картасының нөмірі: 44 00 43 01 66 77 48 41 (Анель Забикулина)

Ұлы байланыс нөмірі бойынша: 8 778 705 54 05

Сонымен қоса, Анель Забикулина әлеуметтік желідегі парақшасында жолдасы Асқар Забикулинге донор қаны қажет екені туралы хабарлама жариялады. Ниет білдірген азаматтар Астана қаласы, Керей-Жәнібек хандар көшесі 10 мекенжайы бойынша орналасқан Трансфузиялогия ғылыми-өндірістік орталығына барып, қан тапсыра алады.

Айта кетейік, кеше елордада көпқабатты үйде өрт болып, 3 адам, оның ішінде 1 бала ауруханаға түскен еді. Өрт көпқабатты үйдің 11-қабатында тұтанған. Өрт сөндіруші Асқар Забикулин пәтерге терезе арқылы кіру үшін құтқару арқанымен 12-қабаттан 11-қабатқа түскен. Ішке ену үшін қоршауды алып тастап, үстіндегі камуфляж киімімен жанып жатқан пәтерге кіріп, 80 жастағы әжей мен 22 жастағы немересін оттан шығарған. Сонымен бірге, өрт сөндіруші қою түтіннен шыға алмай, балконға жасырынған 10 жасар баланы құтқарып үлгерген.

Асқар Забикулин асқан жанкештілікпен тілсіз жаудан бірнеше адамды құтқарып қалды. Аладайда өзі ауыр жарақат алып, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Әкімдік дерегінше, өрт сөндірушінің 80 пайыз денесін күйік шалған.

Бүгін Президент өрт сөндірушілерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Осы уақытта зардап шеккен өрт сөндірушілерге қатысты қызметтік тергеу жүріп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!