Бүгінде мектеп директорларын тағайындау, олардың қызметтік міндеттері турасында сан алуан пікір бар. Қоғамдағы түрлі ұстаным мен білім беру сапасын жақсарту үшін аталған жүйені өзгерту де керек ерекшелік. Осы орайда жақында жаңалық тарады. Оған сәйкес, елімізде мектеп директорлары білім ордасының құрылысы басталған сәтте-ақ тағайындалады. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов директордың тек мектепті басқарып қана қоймай, құрылыс барысын бақылап, бас-көз болуы керек екенін мәлімдеді. Сондай-ақ алдын ала мұғалімдерді жинап, менеджмент және көшбасшылық бойынша арнайы курстардан өтеді. Министрдің сөзінше, бұл – жаңа мектептерді білікті педагогтермен қамтамасыз ету және білім сапасын арттыруды қамтамасыз ететін тәсіл.

Алдағы екі жылда Қазақстанда 842 мың оқушыға мектеп салу үшін республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге бөлінген. Сонымен қатар соңғы 3 жылдың ішінде мұғалімдер саны 1 миллионға өсіп, бүгінде 3 миллион 700 мыңға жеткен. Дегенмен Аймағамбетовтің сөзінше, жаңа жайлы мектептерге 40 мыңға жуық педагог қажет екен. Оның бір бөлігі қазіргі 3 ауысымды мектептерден баратын ұстаздар болмақ. Бұдан бөлек жемқорлардан алынып, арнайы қорға құйылып жатқан қаржыға да келесі жылдан бастап жайлы мектеп салынады.  

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Оқу-ағарту министрі: 

“Тиісті қор құрылады. Ол қортың шеңберінде де жұмыс жүргізіледі. Бұл жұмысты біз қарап отырмыз. Қазір оның ережелері дайындалып жатыр. Келесі жылдан бастап іске асырамыз деп біз дайындық жұмыстарын жүргізіп отырмыз”, – деді Асхат Аймағамбетов.  

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бұған дейін айтылып жүрген «жайлы мектеп» жобасының маңызы мен ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған ұлттық жоба екенін атап өтті. Жобаның негізгі 8 артықшылығы бар.

  1. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше олардың өз оқу кабинеттері, спортзалдары, әжетханалары болады;
  2. Балалардың қаупсіздігі қамтамасыз етіледі. Әр мектепте бейнебақылау, дыбыстық дабыл  орнатылады;
  3. Оқушыларға оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар берілді. Кітап оқуына, демалуына, шығармашылықпен айналысуына жағдайлар жасалады;
  4. Мектептерде заман талабына сай физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттер болады және әр кабинетке тиісті экрандар орнатылып, оқушылар интернетке қосыла алады;
  5. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін барлық жағдай жасалады;
  6. Балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал қарастырылады.
  7. Мұғалімдерге де ерекше көңіл бөлінеді. Олардың кабинеттері, кәсіби зоналар, қосымша білім беруге арналған немесе жиын өткізетін залдар сондай-ақ, әр қабинетте интернетке қосылған жеке компьютерлер болады; 
  8. Жайлы мектептер комьюнити орталығының рөлін атқарады. Әсіресе, бұл ауылдық жерлерге қатысты болмақ.

Сонымен қатар мектептер балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін атқарады. Тағы бір айта кетері «жайлы мектептер” ауылда да, қалада да бір стандартпен салынады. Мектептердің құрылыс жұмыстарымен тек сол мектепке тағайындалатын директорлар ғана емес, еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта немесе IP-камера арқылы онлайн режимде бақылап, мектептің тиісті құжаттарымен танысуға мүмкіндік алады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!