Халық мақтанышына айналған, өнегелі істерімен ел есінде сақталған «Туған жерін түлеткен тұлғалар» туралы іздену мақсатында «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» қоғамдық-саяси тарихи архиві филиалында архив құжаттарымен таныстым. Нақты деректерге сүйене отырып, мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовтың өмір жолын зерттеуге кірістім.

Архивте Исатай Әбдікәрімов туралы мәлімет №1538 қордың №5 тізімдемесінде сақтаулы. Ел дамуына сүбелі үлес қосқан ағаның өмір жолы мені қызықтыра түсіп, ол кісінің өмірінен шынайы сыр шертер жеке тектік құжаттарын қарап, өз қолтаңбасымен жазылған жеке іс парағымен,  өмірбаянымен таныстым. Қор иесінің туғанына 95 жыл толуына орай архив тарапынан «Есімін ел таныған» көрмесінің концепциясымен танысып, Әбдікәрімов туралы толық мағлұмат жинақтадым. Өз қамын ғана емес, ел мүддесін жоғары қойған көсемдігі мен кішіпейілдігі басым ерекше тұлғаны ашып таныдым.

Еңбек жолын 1940 жылы Жаңақорған аудандық «Екпінді» газеті редакциясының әдеби қызметкері болып бастаған И.Әбдікәрімов 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан, майдангерлік міндетін абыроймен атқарып елге оралған. Облыстық және аудандық деңгейде саяси қызметтер атқарып шыңдалған ол ерен еңбекқорлығымен танылды. 1972-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Шиелі ауданы облыс пен республикада озат тәжірибе беретін орын болып есептелді.

Кейіпкерім Сыр маржанын молайтқан Еңбек Қаhарманы болды. Іскерлігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен қатар, адал қызметінің нәтижесінде 1978-1979 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президумының Төрағасы болды.Исатай Әбдікәрімов КПСС ХХІҮ съезінің делегаты, СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды, екі рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, Құрмет белгісі ордендерімен және СССР медальдарымен марапатталған.

Халық арасында зор беделге ие болып, парасатты өмір сүрген, халықтың тұрмыс-тіршілігінен етене хабардар бола білген іскерлікті серігі еткен тұлғалардың өмірі мен ісі көпке үлгі. Халқының жүрегінен орын тауып, күрделі мәселелерді  бірлесе шешіп тер төккен, жауапкершілігі жоғары, тәжірибелі де адал ардақты тұлғалар біз үшін кешегі тарих, бүгінгі өнегелі өмір мектебі болып мәңгі жадымызда тұрары анық.

Айханым ӘНЕС,

№12 IT мектеп-лицейдің

11 сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!