Елордада ерлік жасап, баланы құтқарған сырбойылық Сәбит көпке таныс. Енді бұл қатарға 15 жасар Арман Аманжол да қосылды. Ол кәріз құдығына құлап кеткен 2 жасар сәбиды құтқарып, әлеуметтік желіде танымал болды. Белсенді азаматтар ержүрек балаға сый-қошемет көрсетсе, жергілікті БАҚ жарыса жазды. Осыған орай жуырда батыр баламен кездесіп, аз-кем сұхбаттасуға мүмкіндік туды.
– Арман, бүгінде жақсылығымен танылғандардың қатарына ендің. Көмекке мұқтаж бүлдіршінге жәрдемдесіп, ажал аузынан құтқарған ерлігің қандай марапатқа болсын лайық. Әңгімені осы оқиға желісінен бастасақ.
– Оқиға кездейсоқ орын алды. Қалаға жаңа келген кезім. Әпкем екеуміз қаланы аралап, керек-жарақ алуға шыққанбыз. Жаяу жүріп, «Универсам» шағын ауданына қарай бұрылдық. Алдымызда 2-3 жасар баланы жетектеген әйел келе жатты. Кенет анасының алдында жүгіріп бара жатқан бүлдіршін жол бойындағы ашық тұрған кәріз құдығына кұлап кетті. Ең жақыны әрі оқиға көз алдымда болғасын ойланбастан құтқаруға жүгіріп, баланың соңынан құдықтың ішіне түстім. Кәріз құбырының биіктігі 3-4 метрге жуық екен. Әрі-бері тырысқанмен баланы шығаруға мүмкіндік болмады. Сол аралықта құдықтың айналасына адамдар жиналып қалған. Солардың арасынан ер адам құдыққа түсіп, алдымен кішкентайды, сосын мені шығарып алды. Құдықтың іші сасық су мен лай батпаққа толы екенін кейін байқадым. Себебі бар ойым сәбиді тезірек құтқару болды.
– Әлеуметтік желіде оқиға кезінде түсірілген фотосурет тарады. Ерлігіңді сүйсініп, мақтаған лебіздің саны артты. Алайда көбісі есімің мен сен туралы ақпарттан бейхабар еді. Тіпті, «жақсылық жасаған баланы іздейміз» деп хабар таратқан жандарды да көрдік. Жалпы аты-жөніңді анықтап, алғаш хабарласқан кім?
– Келесі күні әлеуметтік желі арқылы оқиға кезіндегі фотосурет пен халықтың пікірін көрдім. Шынында, көбісі мақтау сөздер айтып, аты-жөнімді іздеп жатқатты. Алайда аса мән беремедім. Себебі өзімді ерлік жасадым деп ойламаймын. Небәрі көмекке мұқтаж балаға жәрдемдестім.
2-3 күннен соң жеңгем хабарласып, мені тілшілер, белсенді азаматтар іздеп жатқанын айтты. Сол сәтте облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Гүлбану Мақажанмен байланыстым. Жағдайдың қалай орын алғанын толық баяндап, толық ақпарат беруге мүмкіндік туды. Аты-жөнім мен байланыс нөмірімді тапқасын көптеген аға-әпке қаржылай сый беріп, тілек білдірді. Кездесуге шақырып, ерекше қолдау жасағандар да бар. Ол кісілерге алғысым шексіз.
– Құдыққа құлаған баланың ата-анасы хабарласты ма?
– Бүлдіршіннің анасы оқиға әсерінен шошынып қалды. Біразға дейін өзіне келе алмағанын байқадым. Бүлдіршінді шығарған сәттен алғыс айтып, жылы лебіз білдірді. Ал одан кейін хабарласқан жоқ. Себебі аты-жөнімді, нөмірімді білмейтін. Алайда баланы алғыс есту үшін құтқармадым. Тек денсаулығы жақсы, есен болса деп тіледім.
– Жақын туыстарың бұл оқиғаны қалай қабылдады?
– Ауылдан ұзап шыққасын ата-анам хабарласып, үнемі жағдайымды сұрап отырады. Оқиғадан соң қоңырау шалуды үдетті. Олар жасаған ісімнің дұрыс екенін айтып қуанды. Ата-анам қысылғанға көмек көрсету, жақсылық жасау қажет екенін айтып отырады. Біздің бойымызға да сол қасиетті сіңіруге талпынып, өнегелі оқиғаларды мысалға келтіретін. Сондықтан алған тәрбиеме сай әрекет етуге тырысамын.
– Қалаға арман қуып келіпсің. Оқуға түсуге талаптанып жатқаныңды естідік.
– Туған жерім – Арал ауданы Бөген ауылы. Биыл ауылдағы мектепте 9-сыныпты бітірдім. Түлек атанғасын мамандық иесі болуға қызықтыра бастады. Осылайша, М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне оқуға түсуге шешім қабылдадық. Үйдің кенжесі болғандықтан алғашында ата-анам бұл ойыма қарсы болған, ақылдаса келе рұқсат берді. Қазіргі таңда аталған колледжге электрик мамандығы бойынша оқуға түсуге қажетті құжаттарды өткіздік. Оқу-құрал, киімді түгелдеп, сақадай сай отырмын. Егер бәрі ойдағыдай болса, мен үшін жаңа оқу жылы Қызылордада басталады.
– Отбасың туралы айтып өтсең.
– Көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Бес ағайындымын. Екі әпкем, екі ағам бар. Әкем жұмыссыз, анам мектеп асханасында істейді. Қарапайым отбасымыз десем болады. Ата-анамыз бізді тату-тәтті, бауырмал етіп тәрбиеледі. Қиындықты бөлісіп еңсеруге, қуанышты бірге бөлісуге дағдыландық. Қандай жағдай болмасын аға-әпкелерімнің қолдауын сезіп жүремін. Көмек қажет кезде де қысылмай барып, арқа сүйеймін. негізгі қолдаушым да солар.
– Әсерлі әңгімемен бөліскеніңе рақмет!
Сұхбаттасқан Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!