Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев астанадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ғимаратында орналасқан референдум учаскесіне барып, дауыс берді. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Жалпыұлттық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі – бүгінгі аса маңызды шараның басты ерекшелігі. Бұған дейін Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі шешімді Парламент қабылдайтын.

Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс бергеннен кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды өтіп жатқан референдуммен құттықтады.

«Бүгін еліміз үшін, шын мәнінде, тарихи күн. Халқымыз бетбұрысты шешім қабылдамақ. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған», – деді Қазақстан Президенті.

Содан кейін Мемлекет басшысы конституциялық реформаның негізгі мақсаттары мен міндеттеріне қатысты журналистердің бірқатар өзекті сауалына жауап берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!