Дарико Хасанғалиева мен Біржан Хасанғалиев “Төрлетіңіз” бағдарламасында марқұм композитор Ескендір Хасанғалиев туралы естеліктермен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Бұл оқиға Қарағанды қаласында болды. Мен негізі Мәскеуде ординатурада оқитынмын. Сол сәтте демалысқа келгенмін. Демалыстың соңғы күні, мен заттарымды жинап, ұшаққа дайындалып жатырмын. Сол кезде әкем келіп: «Бүгін сендерге тосынсый жасаймын. Жас композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің концертіне екі билет әкелдім» деді. Мен «Әке, кешіріңіз, бірақ мен таңғы бесте ұшамын. Мен концертке қалай барамын» дедім. Әкем «Мен ештеңе білмеймін. Құрбыңмен бірге барып қайт» деп айтты. Сөйтіп концертке келдік, бірінші қатарда отырдық. Бірде сахнаға Ескендір шықты. Сымбатты, жас, комсомол лауреатын халық жақсы қабылдады. Әрине, маған да ұнады. Залда отырған тыңдарманның көбісі орыс ұлтының адамдары болды”, – дейді композитордың жұбайы.

Бағдарлама барысында Ескендір Хасанғалиевтің мұрағаттан алынған видеосын көріп, Дарико Хасанғалиева көз жасына ерік берді.

“Ол кезде жаспыз. Әндетіп тұрған кезде, залға көз қырымызды тастаймыз ғой. Сол кезде байқағаным, басқа ұлттың өкілі көп екен. Сосын мен де әніме кейіпкер іздедім. Қарасам, бірінші қатарда көзі тостақандай болып, қазақтың бір аппақ, әдемі қызы отыр екен. Қуанып кеткенім сонша, әндерімнің бәрін соған қарап айта бердім», – дейді бейнежазбада Ескендір Хасанғалиев.

Бағдарлама жүргізушісі Арман Дәулетияровтың: “Әкеңіз қатал болды ма?” деген сауалына танымал сазгердің ұлы Біржан Хасанғалиев: “Жоқ, ол кісі қатал емес еді. Керісінше, адамгершілігі мол жан болатын. Бұл қасиетін маған ғана емес, жанындағы адамдарға да дарыта білді. Алла әкемнің маңдайына ұлы композитор, ұлы әнші және ұлы адам болуды жазыпты. Менің ата-анам маған ешқашан ұрысып көрген емес. Мен – нағыз ерке бала болып өстім. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!