Бұл – сұраныстағы кәсіп түрі. Кепкен жемістен, тәттілерден жасалған букет. Былай қарасаңыз, кез келген үйренуге болатын оңай іс көрінеді. Бірақ әрбір композиция шыдамды шарпып, эстетикалық әдемілік сыйлау жолында шыңдалуды қажет етеді. Осы үдеден жерлесіміз Фариза Қонысбаева шығып жүр. Негізігі мамандығы – химик-технологтан хоббиіне ойыскан кейіпкеріміз қызықты істің сан қырын тарқатты.

«Бұл кәсіп түріне сұраныс артқан. Өңірде қолға алғандар аз болғандықтан тапсырыс толастамайды. Оны осыдан бес жыл бұрын қызығушылықпен бастадым. Әрнәрсені эстетикамен қаптау, құрастыру бұрыннан сүйікті ісім. Табыс тауып, тәуелсіз болудың сәті келіп тұрғанда қорқынышты ысырып қойдым. Жақынын қуантуға асыққан жандарды көргенде бастамақ ісім жеке пайдаға ғана емес, өзгелердің де көңіл-күйіне негізделгенін түсіндім. Туған қаламның тұрғындары эстетикалық сыйлықтарға алыстан тапсырыс беріп, уақыт жоғалтпайтыны қуантты. Мұны түсінген соң жауапкершілік артты», – дейді ол.

Жемістен букет жасау біраз уақыт алады. Бірақ үйренген, тәжірибесі бар адам үшін әрі кетсе жарты сағат жеткілікті. Ол үшін өзіңе керекті заттар болса болғаны.

«Ұмыт­пасам отбасылық досымыздың үйіне қонаққа баратын болдық. Қандай сыйлық апаруға болады деген сұрақ туындады. Бір-екі күн бұрын дайындалып, алғашқы туындымды сыйлық ретінде бергенім бар. Құрбыларыма қатты ұнады, қызығып сұрағандар көп болды. Бірте-бірте тапсырыс қабылдау басталды. Алғашқы жұмысымның суреті әлі күнге сақтаулы», – дейді кейіпкеріміз.

Жаңа жылға сыйлық алу үрдісі бұрыннан бар. Сондықтан Фаризаның бизнесі мейрам қарсаңында берекелі екенін көрсетті. Енді жарнама жайында. Жарнамаға көп қаражат жұмсау шарт емес екен. Желідегі инстадүкенінің контентін өзі ғана жүргізеді. Қазақ тілінде оқырманның ойын дөп басатындай посттар жазады. Үйреніп, әрі қарай алып кеткісі келетіндер үшін де жағдай жасаған, шеберлік сағаттарын өткізеді.

«65 жастағы апа да, 18 жастағы бойжеткен де толықтай алып кете алады. Бастысы ынта керек. Қосымша табыс ретінде айналысып жатқандар да бар. Флористика Ресейде қатты дамыған. Сол жақтың мастерлерінің идеясына қараймын. Ресейден, Алматыдан білім алдым. 7 ай бұрын Қазақстанға танымал фудфлорист Аяулым Нұрмаханнан білімімді жетілдірдім», – дейді кәсіп иесі.

Фудфлористика өспесе, өше қоймайтын кәсіптің түрі. Өйткені оның Қазақстанға келгеніне көп бола қойған жоқ. Ал Ресейде, Еуропа елдерінде фудфлорист дегенге мамандық ретінде қарайды. Себебі фудфлористика – фантазия жемісі.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!