Тамырын тарихтан алған аймақтың орны айрықша. Оған айтылатын дау да, тағылар күмән де жоқ. Жақсы істердің жаршысы болған соң ба қаламызға көбінің бүйірі бұрып тұрады. Әсіресе қала күні тірлігі қарбалас болса да тойлауда қарсылық танытпайды.

Көркейген келбетін сөзге қосып, өңірдің өңін ашқан өзгерістерді жар сала жеткізетіні де содан. Жыл сайын мерекені кең көлемде тойлау үрдіске айналған. Тұрғындар түрлі шараға белсене қатысып, айтулы күнде қуанышқа кенеледі. Бұл жолы да қала күнінің әдемі нүктесі гала концертпен қойылды.
Орталық стадиондағы жарқын эмоция, көтеріңкі көңіл-күй мерекелік кешті жандыра түсті. Құбылмалы күннің райына қарамай, тамашалауға келген жастардың қарасы қалың. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындарын қос мерекемен құттықтады.
– Қазір Қызылорда құрылыс жұмыстары қайнаған қалаға айналды. Мерейтой аясында аймақтың бас шаһарында тұрғындардың көз қуанышына айналып үлгерген бірнеше ірі жоба жүзеге асты. Сәулетімен ерекшеленген әсем ғимараттар, көз тартар көркем аллеялар тарту етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл маусымда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты, яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек» деген еді. Қала – өз үйіміз. Оған қамқорлықпен қарап, жанашырлық таныту – әрбіріміздің азаматтық борышымыз, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты шара таным мен думанға толы болды. Ел ағалары марапат мінберінен көрініп, қошеметке бөленді. Яғни, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаржы саласының ардагері Қалқазбек Әжібеков Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанып, бірқатар азамат ҚР Премьер-министрінің алғыс хатымен және Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Елге есімі жайылған эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты. Олардың қатарында Еркеш Хасен, Еңлік, Садраддин, Ақбота-Нұр және жергілікті өнерпаздар бар. Аспан астында әуелеген ән тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Жастар да қалыспай, қосыла шырқағаны жұрт жадында.
Киелі сахнада алғаш боп ән айтқан Ақбота-Нұр жылы лебізін білдірді.
– Қызылордада нағашыларым тұрады. Тіпті балалық шағымның аяулы сәттеріне осы қала куә. Өз басым қонақжай халқына дән ризамын. Міне, енді қала күнімен құттықтап келіп отырмын. Әрқашан көркейіп, гүлдене берсін деген ізгі тілегім бар, – деді ол.

Жиылған қауымды тәтті үнімен еліткен Еңлік те шығармашылығы жайында сөз қозғап, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
– Кейінгі қос әнім кавер болатын. Алдағы уақытта кавер ән жазуға жоспар жоқ. Негізі мұнда соңғы рет мамыр айында келіппін. Демек, бұл бірінші келуім емес. Қала келбеті жаңарып, түрлене берсін. Сіздерге береке мен табыс тілеймін, – дейді әнші.
Сондай-ақ, өнерпаздар мерейлі мерекеге арнайы жазылған композитор Рамазан Таймановтың «Қазақтың Қызылордасы» әнін орындады. Көкте қызылды-жасылды от шашу жарқырап, түнгі көріністі көркем етті.

Иә, мерекелік мезет ешкімнің есінен кетпейтіні анық. 2 сағат ішінде шырайлы шаһардың тарихы да баяндалып, ардагерлер құрмет төрінен көрініп, тың өзгерістер тасқа басылғандай айтылды. Ал эстрада жұлдыздары сыйлаған көңіл-күй көптің көңілін ұзақ уақытқа дейін тербейтін болады.
Нәзік АХМЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!