Киелі Сыр жайлы сыр шерткенде рухани ұстаз, әулие Жәрімбет би Солтанұлына тоқталмай кету мүмкін емес.
Жәрімбет әулие жастайынан зерек, алғыр болып өскен. Ел арасындағы мал-мүлік, жер-суға байланысты тартыстарға ерте араласып, халықтың көңілінен шығатын шешімдерімен аты шығып, би атанған.
Бірде Жәрімбетке мал ұрлығына қатысы бар өте жақын туысқаны, «ертеңгі болатын төрелікте менің сөзімді сөйлерсің, дұшпанға таба қыла көрме, «қанына тартпағанның қары сынсын», деп туыстығын міндет қып, жүк артып кетіпті. «Тура биде туған жоқ» демекші, бабамыз бұл дауда туралығын айтып, туысқанын жазалатып, мал иесіне ат-тон айыбын төлеткен екен.
Қара қылды қақ жарған әділдігімен қоса Жәрімбет Солтанұлы өзінің әулиелігімен де қазақ жұртына мәшһүр болған.
Бірде Жәрімбет әулие Сырдария жағасында осы күнгі Байқоңыр қаласының орнында ұйықтап жатып түс көреді. Оянғасын түсін жорып, «Осы орында көп жылдардан кейін бірінің үстіне бірі мінген үйлер тұрған үлкен шаһар болады, тілін мен түсінбейтін көп халық мекендейді, көзді қарықтырған, жарқыраған шам көріп тұрмын», – деген екен.
Көне сорабы сақталған аңыз-әпсананың бірінде Жәрімбет әулие, Марал ишан және ер Сейітпенбет үшеуінің сұхбат құрғаны баяндалады. Үш жүзге пір болған Марал ишан әңгіме барысында:
– Әй, Сейітпенбет, жұрт сені «ер Сейітпенбет, әулие Сейітпенбет» деп атайды. Әулие болсаң айтшы, біз өлгенде қайда жерленеміз? – деп сұрапты.
Сонда Сейітпенбет ойланып тұрып:
– Мен білсем, Марал, сен ел жайлаған суы мол елді мекенде қаласың, Жәрімбет, саған өзің тұрған осы таудың басы бұйырар. Ал мен болсам қиян шөлге жайғасармын, – деп жауап беріпті.
Сейітпенбет бабаның осы айтқан көреген сөздері шындыққа айналады. Марал ишан Қармақшы ауданының шығысында, елге жақын қорымға жерленеді. Ал Жәрімбет әулиенің мәңгілік мекені Қарақ тауының басы. Ер Сейітпенбет те өзі айтқан жерден орын алыпты.
1995 жылы Қарақ тауындағы Жәрімбет әулиенің басына жаңадан сәні мен сәулеті жарасқан күмбез кесене салынды.
Ардақты пайғамбарымыздың жолын жалғаған кешегі сахабалар да, олардың соңына ілескен әулие-әмбиелер де асыл дінімізді насихаттау, ел бірлігін, тыныштығын сақтау жолында аянбады. Солардың бірі болған Жәрімбет әулиенің ғибратты ғұмыры бізге өнеге болып қала бермек.
Ислам МАРАТҰЛЫ,
Байқоңыр қалалық «Жәрімбет»
мешітінің бас имамы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!