Қызылорда қаласында Халықаралық жастар күні аясында «Мүмкіндіктер алаңы» атты ауқымды шара ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – жастарды еңбекке баулу, олардың кәсіптік бағдарын қалыптастыру және адал еңбек етуге ынталандыру. 

Халықаралық жастар күніне орай «Мүмкіндіктер алаңы» атты іс-шара өтті

          Іс-шара барысында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Р.Каюпов еңбек құндылығы туралы әсерлі ойларымен бөлісті. Ол өз сөзінде: «Адал еңбек – адамды биікке жетелейтін абыройлы жолдың бірі. Әрбір жас ең алдымен өз күшіне сеніп, табысқа еңбекпен ұмтылуы тиіс. Еңбектің қадірін білген ұрпақ – елдің болашағы. Қандай салада болмасын, табысқа жетудің жолы – табандылық пен адалдық. Қазір жастарға мемлекет тарапынан мол мүмкіндік берілуде. Соларды тиімді пайдаланып, адал ниетпен еңбек ету – үлкен жетістіктерге жетелейді. Адал еңбектен ұялмаңдар, керісінше, мақтанышпен атқарыңдар. Оның жемісі де, жеңісі де мол» – деп жастарға шын ниетімен жүрек жарды тілегін жеткізді.

Халықаралық жастар күніне орай «Мүмкіндіктер алаңы» атты іс-шара өтті

Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасыА.Есмаханов жастарға кәсіпкерлік саласының маңыздылығын айтып, ел болашағы – жастардың қолында екенін атап өтті. Ол: «Кәсіпкерлік – тек табыс табу емес, елге қызмет етудің бір жолы. Жастар кәсіп ашуға, еңбек етуге ұмтылуы керек. Мемлекет мүмкіндіктер ұсынып отыр. Ел тілегі – Аманат. Бұл аманатты ақтау – біздің ортақ міндетіміз» – деп жастарды белсенділікке, елге адал еңбек етуге шақырды.Шара барысында Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Ахметова Ақерке Жалғасбековна жастарды адал еңбекке шақырды. Ол мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, табысқа жетудің жолы – еңбек екенін атап өтті.

  Мансап орталығымен бірлескен шара барысында 15 жергілікті мекемеден 100-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Сонымен қатар, өзге өңірлердегі кәсіпорындар мен ұйымдар тарапынан 1000-нан аса бос жұмыстар ұсынылып, жастарға кең ауқымды таңдау мүмкіндігі берілді.

  Бұл шара – жастардың белсенділігін арттырып, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеруге және кәсіптік білім мен дағдыларды игеруге қызығушылықтарын оятуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Жастарды қолдау мақсатындағы мұндай мазмұнды іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!