Қазір жаһандану заманы бізге көп мүмкіндіктерге жол ашты деп мақтанамыз. Бірақ оның салдары да бізді айналып өтпей тұр. Бір қате сілтемеге өту – бір адамның тағдырына әсер етіп, өмір бойы жиған қаржысын әп-сәтте жоқ қылуы мүмкін. Әлем елдері интернеттегі алаяқтықпен күресте әлдеқашан жаңа, заманауи тәсілдерге көшкен. Басқа мемлекеттер пайдаланатын тәсілдер қандай, Қазақстан ол тәжірибелерден қандай сабақ алу керек деген сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.

АҚШ: Полициядан да маңыздысы – аналитика

Америка Құрама Штаттары интернет-алаяқтықпен күресте «қорғаныс қабатын» деректер мен талдаудың үстіне құрып отыр. FBI-дың IC3 орталығы – бұл қарапайым шағым қабылдау орны емес, бүкіл елдегі киберқылмыстың «жер сілкінісі картасын» жасап отыратын алып аналитикалық машина.

Азаматтар алаяқтық фактісін онлайн тіркейді, ал IC3 оны жинақтап, мысқалдай деректе жасырынған тенденцияларды анықтайды. Қай аймақта қандай схема күшейіп келеді, қай жастағы адамдар жиі алданады, барлығы нақты дерекпен, цифрмен көрсетіліп, банк секторына, құқық қорғау органдарына, ІТ-компанияларға бағыт-бағдар береді.

Жыл сайын жарияланатын IC3 есебі – әлем бойынша ең ықпалды аналитикалық құжаттардың бірі. АҚШ-тың тәжірибесі алаяқпен күрес тек полицияның жұмысы емес, дерек пен алгоритмдердің күресі екенін анық көрсетті.

Ұлыбритания: адам психологиясын түсінудің күші

Британдықтар интернет-алаяқтарға қарсы күресте азаматтардың мінез-құлқына басымдық беруді жөн көрген. Мемлекет пен банктер бірігіп іске асырған «Take Five to Stop Fraud» кампаниясы бүгінде әлемдегі ең танымал ақпараттық жобаға айналған. Формуласы да қарапайым: Тоқта. Сұрақ қой. Өзіңді қорға.

Бұл үш сөз – бүкіл елге ортақ ескерту белгісі секілді. Кампания банктердің мобильді қосымшаларынан бастап, қоғамдық көліктегі жарнамаларға дейін таралған. Ұлыбритания технологиялар маңызды, бірақ адамдардың сауаттылығы бірінші орында болуы керектігін алға тартады.

Сингапур: технологияны адамнан бұрын ойланатын деңгейге жеткізген ел

Сингапур – киберқауіпсіздіктің айқын эталоны. Бұл елде ScamShield мобильді қосымшасы жұмыс жасайды. Ол күмәнді нөмірді бірден бұғаттайды, фишингтік SMS-ті кірмей жатып қоқыс жәшігіне жібереді, сілтемені басатын сәтте «бұл қауіпті сайт болуы мүмкін» деп ескертеді екен. Сондай-ақ алаяқтарға алданған тұрғынның шағымын автоматты түрде құқық қорғау жүйесіне түсіреді.

Мұның бәрі тәулік бойы жұмыс істейтін Anti-Scam Centre орталығымен тығыз байланыста. Мұнда мамандар банктермен, операторлармен және цифрлық платформалармен секунд сайын ақпарат алмасып, күмәнді транзакцияны жылдам тоқтата алады.

Сингапур тәсілінің философиясы айқын: алаяқтар технологияны жетілдірсе – мемлекет одан да жоғары деңгейдегі технологияны пайдалану арқылы жауап береді.

Австралия: алаяқтыққа қарсы ең қатал заңдардың мекені

Австралия соңғы жылдары интернет-алаяқтықтың қарқыны қатты өскен елдердің қатарында. Бұл мемлекет мәселені түбегейлі шешуге кірісіп, әлемде алғашқылардың бірі болып Scams Prevention Act заңын қабылдады. Ол заң бойынша:

– телеком операторы, банк немесе онлайн-платформа алаяқтықтың алдын алу шараларын орындамаса, жауапқа тартылады;

– SMS жіберушілерін тіркеу жүйесі енгізілген, тіркелмеген брендтен келген хабарламалар автоматты түрде бұғатталады;

– жалған инвестициялық сайттар мен фейк дүкендер туралы ақпарат Scamwatch платформасында бірден жарияланады.

Австралия «қолданушының абайсыздығы» емес, «инфрақұрылым иесінің жауапкершілігі» қағидатын енгізген ел ретінде ерекшеленеді.

Оңтүстік Корея: цифрлық идентификация – алаяққа жол жапқан құрал

Кореяда банк операциялары, мобильді төлемдер, мемлекеттік қызметтер бірыңғай Digital ID арқылы жүргізіледі. Қолданушының биометриясын растаусыз ешқандай төлем өтпейді. Оған қоса, елде телеком алаяқтықты сүзетін ұлттық жүйе жұмыс істейді: жалған нөмір, VoIP spoofing, халықаралық қоңырауды бүркемелеу – бәрі автоматты түрде әшкереленеді.

Корея тәжірибесі көрсеткендей: алаяқ үшін ең қиыны – анонимді болу мүмкіндігі жоқ экожүйе.

Қазақстан қандай сабақ алу керек?

2025 жылдың бірінші жартысында елімізде жалпы алаяқтық деректері 22 644-ті көрсетті. Интернет алаяқтық жағдайлары 25%-ға өсіп, 12 390-ға дейін жетті. Мамандар интернет алаяқтардың тәсілдерін жиі ауыстыруы көп жағдайда мәселенің алдын алуда кедергісін келтіретінін айтып жатады. Азаматтардың цифрлық сауатталығының әлі де төмендігінен ақпараттық қауіпсіздік пен жеке жауапкершілік маңызды болып отыр. Әлем тәжірибесі елімізге қалай көмектесе алады?

Жоғарыдағы әлем елдерінің тәжірибелері көрсеткендей, интернет-алаяқтықтан құтылу үшін бізге бірнеше қадамдар жасаған дұрыс.

Біріншіден, шағым қабылдайтын, мобильді қосымшаға орнатылатын, күмәнді сайттарды автоматты түрде бұғаттайтын ортақ платформа керек. Бұл Қазақстанда интернет-алаяқтықтың нақты картасын жасауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, банктер мен мемлекеттік органдарға белгілі бір міндеттер жүктелуі тиіс. Мысалы, банктерден, мемлекеттік органдардан келетін арнайы хабарламаларды жіберіп, алаяқтар олардың жүйесіне кірмеуі үшін қауіпсіздікті күшейту. Және алаяқтықтың алдын алу шарасын орындамаған субьект жауапты болу керек.

Үшіншіден, Сингапур моделіндегідей, Қазақстанға ScamShield тәрізді «ақылды сүзгі» ауадай қажет. Ол жалған қоңырауларды анықтап, қауіпті сілтемелерді ашқызбай, бір батырмамен полицияға шағым беруге мүмкіндік беру керек.

Және соңғысы әрі бастысы Қазақстанда интернет-алаяқтық туралы ақпараттар әлі де толық түсіндіруді қажет етеді. Алаяқтардың құрығына көбінесе жастар мен қарттар түсетінін ескерсек, Ұлыбританияның тәсілі бізге де керек-ақ. Адам психологиясына әсер ететін бейнематериалдар мен ақпараттар үздіксіз насихаттала беруге тиіс.

Әлемдегі тәжірибе көрсеткендей, интернет-алаяқтықпен күресте бір ғана шешім жоқ. Оған бір мезетте технология жағынан, құқықтық тараптан, операторлар жауапкершілігі, банктердің дайындық деңгейі, азаматтардың сауаттылығы тең дәрежеде үлес қосуы керек. Қазақстан осы бағыттар бойынша жүйелі қадам жасай алса, цифрлық қауіпсіздікте аймақтық көшбасшылардың біріне айнала алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!