Мекеменің режим бөлімінде есірткі заттарын анықтау мақсатында қызметтік иттермен бірге тінту жүргізіледі. Бұл иттердің көмегімен есірткі, қару ізделеді.

– Итті жаттықтырып, дайындау әдеттегідей күшік кезінен мойнына қарғыбау тағып қолға үйретуден басталады, маманмен тіл табысу мен өзара сөйлесуге үйретеміз. Оқу-жаттығу күнделікті үздіксіз жүріп отырады, себебі ит әрқашан және кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Тағы бір  қойылатын талап – тыңдай білу, кинологтың берген нұсқауын бұлжытпай орындау, – дейді режим бөлімінің бақылаушы кинологы Бекзат Аманғалиев.

Кинолог болу үшін жануарларға деген махаббат жеткіліксіз. Шыдамдылық, мақсат, білім қажет. Итті жақсы көрмесе, жан-дүниесі мен табиғатын түсінбесе, олармен жұмыс істеу қиын. Мінезін әбден зерттеп алу қажет. Ит иесінің көзқарасы арқылы нені айтқысы келгенін сезеді. Денсаулығы да бақылауда болады. Жалпы, кинологқа жүктелер міндет аз емес.

«Ит уақытылы тексеруден, ветеринарлық қараудан өтіп тұрады. Мартин есімді итті мен жаттықтырамын. Оны үйрету аса қиын болмады. Сондай-ақ ол тыйым салынған заттар мекеменің ішкі аумағына енуінің алдын алуға да үлес қосты. Итті күтіп-баптау, тамағын беру біздің міндетіміз. Жануар қомқорлықты қажет етеді. Олардың адамдарға деген адалдығы мен сенімділігінде шек жоқ», – дейді Б.Маратұлы.

Жеті қазынаның бірі адамның ішкі жан дүниесін түсінеді. Сондықтан жаттығу кезінде кинолог көңілді жүргені жөн. Төрт аяқтының өзі тапсырманы орындаған сайын иесінен мақтау, мадақтау күтеді. Кей жағдайда бұлар жақсы үйреніп келе жатады да тоқтап қалады. Жалығады. Ондайда демалыс беру керек. Бекітілген әдіспен ғана жаттықтырмай, әр маман өз бетімен ізденсе дұрыс. Қандай жағдайда да кинолог сабырлы, ұстамды болғаны жөн. Себебі жұмыста істі ашу маңызды. Кинолог қателеспеуге барынша талпынады. Серігіне де оны мұқият үйретеді. Бөлім қызметкерлері осы иттердің көмегімен тоқсан сайын бір рет тінту жұмыстарын жүргізеді екен.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!