Алтай мен Атырау арасындағы ұланғайыр атырапты мекен еткен қазақтай асқақ рухты еліміз егемендік туралы декларацияның 35 жылдығын қарсы алуда. Тәуелсіздіктің таңы атып, елдігіміз тұғырға қонғалы бері жаңа заманның еркін ойлы өрендері мен жастары қалыптасуда. Тәуелсіз елдің ұландарының кеудесінде асқақ арман мен биік мақсат бар.
Бастауыш сыныпта оқитын Нұртөре өзінің Республика күні – ұлттық мерекесіне арналған тақпағын аяқтап болып, соңында «Кең байтақ Республикам менің» деп нүктесін қойды.
– Нұртөре, Республика деген не? – дедім.
Ол сәл үнсіз қалды. Содан соң:
– Республика, ол – Қазақстан, – деді сөзін жалғап.
– Апай бізге солай айтты. Әрбіріміздің үйіміз – бір Отан. Сондықтан ол қастерлі.
Бастауыш сынып оқушысының санасындағы осы Отан деген қасиетті ұғымның қалыптасқанына қуандым. Әдетте ілім-білім атаулы бала күннен санаға сіңеді. Тәрбие де солай. Шағын мемлекет аталған отбасында баланың түсінігін ауқымды қалыптастырса, ол ертеңгі күні тек бір үйдің емес, бір елдің тағдырын ойлайтын тұлға болмақ. Әрбір үйдің төрінде бір-бір ұлт көшбасшысы өсіп келеді.
Санаға салмақ салып отырғанымыз жоқ. Бірақ осы байтақ елдің ертеңгі таңын емес, жеке бастың қамын көп ойлап кететініміз бар. Әрбірден соң сол қоғамды құратын да адам емес пе?! Егемен елдің ертеңі нұрлы болуы үшін әрбір отандас мойындағы жауапкершілікті ұғыну керек. Біз сол Отанның шаңырағын бекем ұстап тұрған уық екенімізді білгеніміз абзал. Өзіміз білгенді кейінгінің санасына сіңіру – мойындағы миссияның бір бөлшегі. Нұртөренің айтқанындай, Отан ұғымы бесіктен енді шыққан, белі қатаймаған баланың аузында ғана емес, ойында, санасында сілкініс жасап тұрса, қанеки.
Отан, туған жер, туған тіл – ұлт екенімізді көрсетіп, біздің де мына бес күн жалғандағы орнымызды айғақтайды. Қазақ екенімізді жарты әлемге айтпай-ақ, танитын белгіміз осылар. Кешегі айтыстардың бірінде Жандарбек Бұлғақов «Қазақстан көп ұлтқа ортақ болса, қазақ тіл де ортақ тіл болу керек» деп кесіп айтқан. Мұнысы кешегі Президент Жолдауындағы «Қазақ тілі ұлтаралық тіл болады» деген игі бастаманың жалғасын тапқанын қалағаны шығар… Әр қазақ өзінің ұлттық құндылығын, елдігін ерлікпен қорғап жүрсе, байтақ Республикамыздың да дүние тұрғанша тұратыны айқын.
Осы сенбіде – ұлттық мереке. Республика күні. Қазақтың алған асуы асқар шыңда болып, бағындырған белесі биіктей берсін. Тәуелсіз қазағымның мерейі тасып, мәртебесі аса берсін.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!