Фото: freepik.com

«Көп оқыған көп біледі» дейміз, дегенмен саны бар сапасы жоқ кітаптардың қатары сағат сайын артып жатқан кезеңде мұнымызды «дөп оқумен» алмастыруға тура келіп отыр. Кітап санының шектен тыс артқаны сонша нені оқып, нені оқымау қажеттігі жөнінде кеңес беретін арнайы кітаптар жарық көруде.

«Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген хакім Абайдың бүгінгі ұрпағы «артық білімнен – пайдалы білімге» деп ұрандап жүр. Бәлкім, ол да дұрыс шығар… Алдына келген ақпаратты талғамай қабылдап жатқан жадымыз «қоқысқа» толып, лықсып тұр. Бәлкім, қоғамның жаппай ұмытшақ дертіне шалдыққаны да содан болар.

КІТАП ДҮКЕНДЕРІНЕН КЕРЕГІҢІЗ ТАБЫЛА МА?

Кітап дүкендеріне келуші қатарын арттыру үшін кофеханамен біріктірілді, кейін арнайы үстел ойындары да қосылды. ХХІ ғасыр – шудың ғасыры іспетті. Құрылыс, көршілер, отбасындағы ойын балалары… Мұның барлығы жұмыс барысында кедергі тудыруы әбден мүмкін. Дәмханаларға өз кітабыңызды немесе ноутбугыңызды алып барғаныңызбен онда сіз жаныңыз қалаған жайлылық пен тыныштықты таба алмайтыныңыз анық. Ал кафе-кітапхана – кофехананың жайлылығы мен кітапхана тыныштығын біріктіре алды. Нәтижесінде ізденуші студенттен бастап түрлі жобамен айналысатын тұрғындар осы жерден табылады.

Кітап дүкендерінің табалдырығын аттасаң, сөрелердегі мотивациялық кітаптардан көз сүрінеді. Парақтай қалсаң, қазақтың ғана емес, жалпы адамзаттың сүйікті жұмысы «өзгеге ақыл айту ма?» дерсің. Себебі шетелдік коуч, психологтардан бастап отандық сала мамандарының кітабымен түйінделетін қатардан қалағаныңды табу тіпті қиын. Әдеби, көркем шығарма іздесең, аудармалар сөресінен бір-ақ шығасың. Ал қазақ классиктерінің ғажайып туындылары қайда?

Жан әлемін жылдар бойы танумен айналысып, өмірден өз бағытын іздеген адамдар қаптап жүр айналамызда. Адам жол таппаған соң емес, ой таба алмай адасады. Десек те «жолды білу мен жүріп өту – екі бөлек нәрсе» екенін естен шығармағанымыз абзал.

Туындысы мен тағдыры кереғар

Жазған шығармасы немесе зерттеу тақырыбы өз өміріне мүлде кереғар тұлғалар әлемде толып жатыр.

«Бақытты өлең жазшы дейді көп адам,
Өзі бақыт таппай жүргендіктен де…» – дейді ақын Жадыра Байбұланова. Бәлкім, олар өз өміріне жетіспейтін құндылықтарды өзгеге түсіндіру барысында жан қалауын тауып, ғажап әсерге бөленетін болар. Ол жағы бізге беймәлім.

Мәселен, 2013-жылы АҚШ-тың Флорида штатында жаға ұстатарлық оқиға болды. Отбасындағы ер мен әйелдің қарым-қатынасын сақтап қалу жөнінде зерттеу жүргізіп, кітап жазған Дерек Медина есімді 31 жастағы жазушы жігіт өзінің әйелін атып өлтірген. Сонымен қатар жансыз мүрдені фотоға түсіріп, әлеуметтік желіге жазба жариялаған көрінеді.

Сондай-ақ, «Көп дос табу және айналадағы адамдарға жағымды әсер қалдыру» кітабының авторы Дейл Карнегидің тұтас өмірі жалғыздықта өткен. Ал балалардың сау ойлау жүйесін қалыптастыру мен сәбилерге күтім көрсету жайлы еңбектің авторы Бенджамин Скопты өзінің балалары қарттар үйіне өткізген.

Мария Монтессоридың есімі жас аналар мен педагогтарға жақсы таныс. Сәбилі аналарға «Алғашқы күннен» атты еңбегін ұсынып, ұстаздарға баланың ішкі потенциалын ояту жөнінде зерттеулер жазған жазушы өз туған баласын өзге отбасының асырап алуына берген. Айтуынша оның миссиясы – басқа балаларды дамыту көрінеді.

Сонымен қатар «Бақыт баяндамасышы» аталып кеткен Оңтүстік Корей елінің тумасы Чхве Юн Хи ғұмырының соңына дейін «бақытты болу» жөнінде 20 кітап жазып қалдырған екен. Жағдайдың жаға ұстатарлығы, өмірді сүю мен бақытты болуға насихаттаған автор түбінде өз-өзіне қол жұмсап көз жұмды.

Кітапханада кімдер бар?

Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі. Қызығы қылмыстық оқиғалардың күрт артуы мен төмендеуі де дәл осы жас буынның бос уақытына тікелей байланысты көрінеді.

Мәселен, Түркия Республикасы Президентінің Ұлттық кітапханасы мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен ел астанасы Анкара қаласында 2020 жылы ашылды. 5500 адамдық алып кітапхана ішінара «жастар кітапханасы», «балалар кітапханасы», «оқу залдары», «зерттеу жұмысы кітапханасы», асхана, кітап-кафе, конференция залы, қосымша білім залдары, іс-шара ұйымдастыру залдарын қамтиды. Ерекшелігі бұл кітапхана 24 сағат үздіксіз жұмыс жасайды екен. Кітапханаға кез келген адам, тіпті шетелдік қонақтар да кіре алады және тіркеле отырып, бір жылдық оқырман билетін иеленуіне де мүмкіндігі бар.

– Мұнда асхана қызметі 24 сағат жұмыс істейді. Кітапхана тарапынан шай, кофе, су тәулік бойы тегін ұсынылады. Сондай-ақ 12.00 14.00 аралығында түскі ас, 18.00-20.00 арасында кешкі ас беріледі. Ал түнгі 00.00 мен таңғы 08.00 арасында кез келген қонаққа тәттілер тегін ұсынылады. Бірінші қабатта 166 кісілік асхана, екінші және төртінші қабатта 128 демалу орны, 6 қабатта 408 адамдық асхана, 74 кісілік тәттілер алаңы, 74 кісілік демалу алаңы бар. Сондай-ақ балалар кітапханасына қарасты бала қарау бөлмесі, тіпті намазхана да қарастырылған. Қағаз басып шығару құрылғысын (принтер) пайдалану тегін. Кітапхана адамға 24 сағат лық толы. Әсіресе магистранттар мен докторанттар апталап қона-жатып зерттеумен айналысады. Демалу бөлмелелері де бар. Кітапхана қорында жалпы саны 4 миллионнан астам кітап коллекциясы мен 20 миллион мақала сақтаулы, – дейді Анкарада білім алып жүрген жыршы жерлесіміз Малика Алдамжарова.

Түркия президенті Ердоған аты әлемге әйгілі алып кітапхананың ашылу салтанатында былай деген болатын:

– Бұл – менің балалық шағымдағы алғашқы арманым. Сегіз томдық кітапты сатып алу үшін апталап жұмыс істеген хикаямнан бастау алды. Сол кітаптарға қарасам кітапхана арманын құрған бала есіме түседі. Ол кітаптар қазір менің кітапханамның төрінде тұрады. Беттерін ашқан сайын балалығымның, анамның иісі аңқиды. Адам – армандай білгенде ғана адам. Жас достар, сіздер де болашақ кітапханаларыңыз және өлкеміз үшін армандай біліңіздер! – деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда дәл осындай тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашқысы келетінін мәлімдеді. Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы жаз айы басталғалы өңіріміздегі кітапханалар жүйесінде де бірталай өзгеріс болды. «Түнгі кітапхана» жобасы аясында облыс орталығынан бастап, ауыл-аймақтардағы кітапханаларға дейін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, аталған жоба өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Бірақ… «бірақ» дейтін тұстары өте көп.

– Біздің басты кемшілік «Түнгі кітапхана» жобасын дайындықсыз бастағанымыз. Қосымша мамандар керегін ескермей, бұрынғы құраммен кірісіп кеттік. Бұл негізі үлкен жауапкершілік, мамандарға әжептеуір салмақ болғаны рас. Көпшілікпен жұмыс жасау оңай емес. Шаршайды. Бастысы осы кадр мәселесіне бөлінетін қаражат көлемін молайтып, адам санын арттыру керек деп ойлаймын, – дейді кітапхана маманы.

Кітап – ең сабырлы ұстаз. Пенде баласының бойына парасатты пайым қалыптастырып, рухани құндылық дарытатын ұлы ұстаздың орнын өзге дүние алмастыра алмасы хақ. Қазір кітап жазу да, оны басып шығару да оңай болып кеткендей… Ал сіз кімді оқып жүрсіз?

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!