Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев: «Заманның тұтқасы да, иесі де – жастар» деп бекер айтпаған. Ғаниды үлгі тұтатын жастар бүгінгі күні де жетерлік.

Жастайынан ел дамуына араласып, қоғамдық ортаға өз пайдасын тигізгісі келетін көшбасшы жастар Астана қаласында «Жас көшбасшылар» платформасында бас қосты. Еліміздің барлық өңірінен жиылған 200 белсенді жас 2 күндік бағдарлама аясында білімдерін тереңдетіп, тәжірибе алмасты. Олардың қатарында бөлімше жетекшілері, белсенді рухтастар мен жұмысшы мамандық өкілдері бар.

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен жоба биыл 2-ші мәрте жастардың басын қосып отыр. Биыл олар «Саяси талдау және халықаралық қатынастар», «Коммуникация және медиа» және «Фасилитация және көшбасшылық» бойынша дәріс алды.

Алғашқы қадам – сенімділік

Үлкен мүмкіндіктерге бастайтын маңызды қадамның алғашқы күнінде белсенділер «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібекпен кездесті.

– «Жас көшбасшылар платформасының» екінші кезеңі басталды. Партиямыздың жастар қанатының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам өрен қатысып жатыр.

Біздің жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор екеніне тағы да көзім жетті. Олардың елдік іске деген ынтасын көріп, жаңашылдық пен жасампаздық ұлттық қасиетімізге айналып жатқандай әсерде қалдым.

Ұшқыр ойлы ұл-қыздарымыздың басын қосып, оларға нағыз лидерге тән дағдыларды үйрету – болашақ үшін жасалған істердің ең үлкені. Жастарға әлеуметтік лифт қалыптастырып, олардың дамуына барынша жағдай жасау – аса маңызды міндет. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз, – деді Дәулет Жамаубайұлы.

Көшбасшы жастар - келешек тұтқасы

Мұнан соң жастар платформаның бірінші бағыты «Фасилитация және көшбасшылық» бойынша білім алды.

Жас көшбасшыларға креативті ойлау мен көшбасшылық қабілеттерді дамыту бойынша тәжірибелі тренер, білім беру бағдарламаларының авторы, фасилитатор Абдинур Сұлтанғалиев арнайы тренинг өткізді. Ол жастардың командалық жұмыс дағдыларын, креативті ойлау техникасын тәжірибеде қолдана отырып, көшбасшылық негізгі қасиеттерін талдап, әлеуеттерін бағалады. Сондай-ақ жаңа таныстықтар мен кәсіби байланыстар орнату жолдарын түсіндірді.

– 17 облыс пен 3 қаладан келген мықты көшбасшылармен үлкен алаңда кездестім. Бірі-бірінен өтетін олармен байланыс құру арқылы ерекше әсер алдым. Жастардың көзіндегі оты, еңбекқорлығы келешекте биік белестерге жетелейді. Мен бұл жастардан керемет тұлға шығатынына сенімдімін, – деді ол.

Көшбасшы жастар - келешек тұтқасы

Саяси сабақ жас санасын жетілдіреді

Бағдарлама аясында жас көшбасшылар ІІ күні еліміздің саяси өмірімен танысып, маңызды кездесулер мен шараларға қатысуда. ҚР Парламенті Мәжілісінің ғимаратында болған жастар өміріндегі ерекше сәттерін жасыра алмады. Оның үстіне кездесу барысында Мәжіліс депутаттары Жарқынбек Амантайұлы мен Максим Рожин қатысушыларды ғимараттың тарихы мен мұражайымен таныстырып, Қазақстанның заңнамалық жүйесінің құрылымын түсіндірді.

Ашық диалог аясында парламент жұмысы туралы ақпарат алып, депутаттармен ашық сұхбаттасып, еліміздегі заң шығару процесіне қатысты өз сұрақтарына жауап алды.

Сонымен қатар белсенділер Астана қаласының орталық бас мешіті мен «Ұлттық музей» ғимаратына экскурсия жасады. Олар үшін әрбір нысан көтеріңкі көңіл-күй, естелік суреттерімен есте қалды.

Көшбасшы жастар - келешек тұтқасы

Бағдарламаның негізгі басымдығы – «Саяси талдау және халықаралық қатынастар» мен «Коммуникация және медиа» бағытына берілді. Алғашқы дәрісті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым жүргізіп, жастарға «Саяси талдау және халықаралық қатынастар бойынша сабақ берді. Сондай-ақ белсенділер тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, ашық пікір алмасты. Мұнан соң «Коммуникация және медиа» бағыты бойынша «ХАХА Show» жобасының бас директоры, видеоблогер, сценарист Ақсұлтан Қалиев дәріс өтті. Әлеуметтік желі арқылы қалай жұмыс жасап, өз-өзін қалыптастыру, жүйелі жұмыс жасау бағыттары бойынша түртіп өткен спикер кездесудің қызықты өтуіне ерекше ықпал етті.

Екі күндік бағдарлама аясында «AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов жас көшбасшыларға сәттілік тілеп, оқытуды аяқтағаны үшін арнайы сертификаттармен марапаттады.

Көшбасшы жастар - келешек тұтқасы

Қызылорда облысы – «Үздік филиал»

Әр өңірден келген белсенді жастар жобаның қорытынды кешін асыға күтеді. Себебі мұнда «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының республикалық «Рухтастар» сыйлығы табысталады. Мұнда жыл бойына қоғамдық бастамаларға айрықша үлес қосқан еліміздің ең белсенді жас азаматтары мен бөлімше, филиалдар марапатталады.

Салтанатты рәсімге Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері және белсенді жас көшбасшылар қатысты. Айта кетейік, биыл байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы жастардан 500-ден астам өтінім келіп түсті. Жалпы осы жылдар аралығында 100-ге жуық жас азамат «Рухтастар» сыйлығының иегері атанды. Әр марапат – еңбекпен келген жетістіктің және тынымсыз ізденістің нағыз үлгісі.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жастардың ел дамуындағы рөліне тоқталып, бұл марапаттың қоғамдық маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс және бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Білімді жастар – бұл елдің басты капиталы әрі оң өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Бүгінгі жас буынның қоғамға пайдалы болуға, жаңалық ашуға, өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысы артып отырғаны байқалады. Біз осындай жігерлі, ынталы жастарды құрметтейміз. «Рухтастар» сыйлығы баршамызды ортақ мақсат жолында бірігіп, Әділетті Қазақстанды құруға қарай нық қадам басуға шабыттандырады, – деді ол.

Көшбасшы жастар - келешек тұтқасы

Ал «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова бұл сыйлық – еліміздегі ең белсенді, табанды және рухты жастардың еңбегі бағаланатын маңызды марапат екенін мәлімдеді.

– Бүгін біз еліміздегі 17 өңір мен 3 қаладағы ең белсенді жастарды бір алаңға жинадық. Олар жыл бойы өңірлерде атқарылған көптеген әлеуметтік, мәдени, экологиялық және волонтерлік жобаға жан-жақты үлес қосып, жастар саясатының дамуына елеулі еңбек сіңірді. Бұл марапат – олардың еңбегіне деген құрметіміздің белгісі ғана емес, алдағы жұмыстарына көрсетілген үлкен сенім, – деді Ақерке Нұрғалиқызы.

Оның айтуынша, үздіктерді іріктеу барысы бірнеше кезеңнен тұрды. 25 қарашадан 3 желтоқсанға дейін өтінімдер «Жастар Рухының» ресми сайтында қабылданып, кейін республикалық конкурс комиссиясының қарауына жіберілген.

Кеш барысында «Қайсар» жыл батыры номинациясымен Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенті Ерасыл Омарханов, «Нұрлы ақыл» үздік жас ғалым номинациясына PhD доктор, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Органикалық егіншілік зертханасының аға ғылыми қызметкері Алтынай Жакатаева, «Ыстық қайрат» еңбек адамы номинациясымен «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы электр стансасының капиталды жобалар бөлімінде құрылыс-монтаж және іске қосу-реттеу жұмыстары бойынша сарапшы Жангелді Жанат, «Жылы жүрек» жыл еріктісі номинациясына жүздеген әлеуметтік жобаға қатысып, қоғамға нақты үлес қосқаны үшін академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университетінің студенті Зият Садвакасов және «Жылдың әлеуметтік жобасы» номинациясында «Altay-pro» туристік фирмасының негізін қалаушы Екатерина Орлова ие болды.

Көшбасшы жастар - келешек тұтқасы

Сонымен қатар «Белсенді рухтас» жыл белсендісі номинациясы бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен келген 20 азамат марапатталды. Бұдан бөлек «Жастар Рухы» қолдаушысы номинациясын талантты жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп жүрген спортшы, аралас жекпе-жек (ММА) шебері Арман Оспанов, Алматы облыстық мәслихат депутаты, филиал жанындағы Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы, «Чемпиондық Рух» жобасының амбасадоры Нұрсұлтан Орынбасаров, «Жайдарман» ойындарын ұйымдастырушысы Жанасыл Болатбек, Павлодар облыстық мәслихат депутаты, Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Айдар Курумбаев, Павлодар қалалық мәслихат депутаты, «Крендель» ЖШС директоры Мадина Музапарова алды. «Жастар Рухы» жастар қанатының ең үздік бөлімшелері ретінде Ақмола облысы Бурабай ауданы және Жамбыл облысы Тараз қаласы лайық деп танылды.

– Біздің бөлімшенің ең үздік деп танылуы – әріптестеріміздің ортақ жеңісі. Бұл марапат бізді одан әрі жауапкершілікпен жұмыс істеуге ынталандырады. Биыл біз әлеуметтік, экологиялық және білім беру бағыттарында бірнеше жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өңіріміздегі жастар саясатын дамытуға үлес қоса береміз, – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының Ақмола облысы Бурабай аудандық бөлімшесінің өкілі Әлішер Баймұқанов.

Ал «Үздік филиал» номинациясын «Жастар Рухы» жастар қанатының Қызылорда облыстық және Шымкент қалалық филиалдары иеленді.

Көшбасшы жастар - келешек тұтқасы

– 12 жылдан кейін қол жеткізіп отырған «Үздік филиал» марапатының орны ерекше. Өткен жылы «Үздік бөлімше» атанғанбыз. Ал бұл жолы жыл басынан арнайы мақсат қойып, үздік болуға тырыстық. Шынында бұл жеңістің артында қаншама ерікті жастың еңбегі жатыр. Мұнымен тоқмейілсіп қалмаймыз. Бұл абыройды ұстап тұру үшін және келесі жылы да үздік болу үшін тынбай жұмыс істейміз, – деді Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әсетхан Қазиханұлы.

Жыл соңын асыға күтетін жастардың Арқа төріндегі 3 күндік сапары тәмамдалды. Ендігі барлығы өздеріне артылған жауапкершілік жүгін еңсеруге өңірлеріне аттанды. Келешегінен зор үміт күттіретін жастардың басын қосып, олардың дамуына, тұлға болып қалыптасуына, көшбасшылық қасиетті бойына сіңіруі жолында еселі еңбек еткен «Жастар Рухы» жастар қанатының бұл жобасына бәрекелдіден басқа айтарымыз жоқ!

Абзал ЖОЛТЕРЕК
Қызылорда-Астана-Қызылорда

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!