Әр мемлекеттің тарихында оның бағытын айқындайтын, саяси жүйесін қалыптастыратын басты құжат болады. Қазақ елі үшін ол – Ата Заң. «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген тұжырым – Конституцияның басты арқауы. Бұл қағидат елдің демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз етті. Ал дәл осы маңызды құжат 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда мақұлданды. Міне, бірер күннен соң Ата заңның қабылданғанына 30 жыл толады. Бұл күн – тарихи белес.
Әуелі тарихқа көз жүгіртсек, еліміз 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін жариялады. Ал сол уақытта Қазақ КСР-нің 1978 жылы қабылданған Конституциясындағы нормалары мен басқа да заңнамалық актілерінің заңдық күші жойылмады. Міне, осы кезде Қазақстанда жаңа кезеңнің талабына сай келетін заңдық құжат Конституцияны әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туындады. Осылайша 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Бұл Конституция Қазақстанның демократиялық өркениетті мемлекет құруының алғышарты болды. Мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, оны әрі қарай басқару жүйесіне құрылымдық реформа жасауға негіз болды. Тұңғыш Конститyция 4 бөлiм, 21 тараy, 131 бап пен өтпелi кезеңнiң ережелерiнен тұрды. Ал 2 жылдан кейін 30 тамызда қазіргі қолданыстағы құжат қабылданды. Құжаттың құрылымы 9 бөлім, 98 баптан тұрады.
Ата Заң – мемлекеттің іргетасы. Онда Қазақстан Республикасының саяси құрылымы, билік тармақтарының қызметі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары айқын бекітілген. Конституция қабылданған 1995 жыл – жас мемлекеттің демократиялық даму бағытын таңдаған кезеңі еді. Кеңестік жүйеден кейінгі саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістер жағдайында халыққа жаңа бағдар, жаңа сенім қажет болды. Сол тарихи жауапкершілікті атқарған – Ата Заң. Ол елдегі тұрақтылықтың кепіліне айналып, тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастырды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам жолында Конституция қоғам дамуының барлық саласына бағыт берді. Құқықтық мемлекет қағидаттары орнығып, адам құқығын қорғау жүйесі жетілді. Әлемдік қауымдастық Қазақстанды зайырлы мемлекет ретінде таныды. Бүгінде еліміздің халықаралық беделі мен ішкі тұрақтылығы да Ата Заңда бекітілген құндылықтардың өміршеңдігін айғақтайды.
Уақыт тоқтамайды. Қоғам да өзгеруде. Кейінгі жылдары Қазақстанда саяси реформалар кезеңі басталып, Конституцияға тарихи түзетулер енгізілді. Хронология бойынша қарастырсақ, 1998 жылы Президент өкілеттілігінің мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды. Президент болуға үміткерлердің жасына қойылатын шектеу алып тасталып, Парламент сайлауларына пропорциялық жүйе енгізілді. 2007 жылы Президентті сайлау мерзімі қайтадан 5 жылға қысқарды. Парламенттің өкілеті молайды, депутаттар саны көбейді. 2011 жылы Тұңғыш Президентке ерекше статус – Елбасы мәртебесі бекітілді. 2017 жылы Президент, Парламент, Үкімет арасындағы өкілеттер қайта қаралды. Соттардың тәуелсіздігі күшейтілді. 2019 жылы еліміздің бас қаласы Астанадан Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Ал 2022 жылы президенттік-парламенттік басқару үлгісіне көшірілді, Президенттің өкілетіне шектеу қойылды, өкілеттік кезеңінде Президент партияға мүше бола алмайтын болды, Елбасы мәртебесі алып тасталды, Конституциялық сот қалпына келтірілді, адам құқықтарын қорғау күшейтілді. Бас қала Нұр-Сұлтаннан қайтадан Астана болып өзгерді.
Конституция – тек заңгерлер мен саясаткерлерге арналған құжат емес. Ол – әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететін ережелер жиынтығы. Білім алу құқымыз, еңбек ету мүмкіндігіміз, ар-ождан бостандығымыз, әлеуметтік қорғау кепілдіктеріміз – барлығы осы Ата Заңда бекітілген.
Сондықтан Конституцияны құрметтеу – заңды орындау ғана емес, мемлекетке деген сенімнің, азаматтық жауапкершіліктің көрсеткіші. Әрбір қазақстандық өзінің құқығы мен міндетін білгенде, заңға бағынғанда ғана қоғамның бірлігі артып, әділеттілік салтанат құрады.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!