Салық органынан келген хабарлама 80-нен аса қызылордалық кәсіпкерді уайымға салған. Соның тек жетеуі облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінген, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олардың бәрі – сауда саласындағылар. Бар айыбы – қосылған құн салығын төлеуші ретінде уақытылы тіркемегені. Рәзия Шаймағамбетова алтын сатумен айналысады. Онда да қарызға береді. Мойнында 4,3 миллион теңге берешегі барын білгенде есеңгіреп қалған. Банктен несие алып, оны жапқан.
«Енді құтылдым ба дегенде биыл сәуірде 920 мың, қосымша 27 миллион теңге қарызым бары туралы хабарлама келіп тұр. Оны үш айда төлеп бітуім керек. Бірақ қалай?! Басым қатты», – дейді ол.
Қармақшылық Бағила Несіпбаева салығын ешқашан кешіктірмеген. Ол да өткен екі жыл үшін 25,7 миллион теңге айыппұл арқалаған.
«Біз маман емеспіз. Бухгалтер ұстайтын шамамыз жоқ. Сол үшін салық мамандарынан кеңес аламыз. Кеңескенімізді қайтейін, батпаққа батырып тынды. Соның кесірінен күйеуім ауырып қалды. Қазір ауруханада жатыр», – дейді кәсіпкер.
Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықовтың сөзінше, бұл мәселені Үкімет шешуі керек.
«Өңірде жұмыс істейтіндердің 17,5 пайызы сауда саласында. Бізге шағымданған 7 адамның артында 23 адам, 23 отбасының тағдыры тұр. Ал айыппұл арқалағандардың саны 80-нен асады. Проблеманың әлеуметтік жағы бар, Үкіметке қарата айтқаным содан», – дейді ол.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Амановтың айтуынша, мұндай жағдай елімізде 2 мыңнан аса кәсіпкердің басында бар. 7 кәсіпкердің үлесіндегі айыппұл – 82,8 миллион теңге.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!